
«WorldSkillsAtyrau — 2025» – жастарды қолдайтын шеберлік алаңы
Атырауда жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және техникалық-кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған «WorldSkillsAtyrau — 2025» чемпионатының екінші кезеңі өз жалғасын табуда. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған бұл ауқымды шараға 24 білім беру мекемесінен 170 студент қатысып, 44 түрлі құзыреттілік бойынша кәсіби шеберліктерін сынап жатыр. Жарысқа қатысушылар ақпараттық технологиялар, графикалық дизайн, тас қалау, сылақ жұмыстары, ағаш шеберлігі, энергетика және тағы басқа маңызды салалар бойынша сынға түсуде.

–Қатысушылар теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, шынайы өндірістік тапсырмаларды орындау арқылы өз әлеуетін көрсетіп жатыр. Осындай алаңдар жастарға мамандығын терең меңгеруге, өз ісіне деген сүйіспеншілігін арттыруға, болашақ еңбек нарығында өз орнын табуға жол ашады. Жастардың болашағы олардың таңдаған мамандығына байланысты. Осы чемпионат олардың сол мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, кәсіби қалыптасуына оң әсер етеді. Бүгінгі сайыстар – ертеңгі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудың бірден-бір жолы, — деді облыстық білім беру басқармасының бас маманы Орынгүл Нысанбаева.

Сайыс барысында сарапшылар мен өндіріс өкілдері қатысушылардың жұмыстарын бағалап қана қоймай, бағыт-бағдар беріп, білім мен тәжірибемен бөлісуде.
Чемпионатта топ жарып, жүлделі орын иеленген қатысушылар өңір намысын республикалық деңгейде қорғауға мүмкіндік алады.

«WorldSkillsAtyrau — 2025» – бұл кәсіби шеберлік сайысы ғана емес, жастарды қолдайтын, олардың болашағына жол ашатын маңызды әлеуметтік бастама. Мұндай іс-шаралар арқылы техникалық және кәсіптік білімнің мәртебесі артып, жұмысшы мамандықтарына деген қоғамның көзқарасы жаңғырады.

Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ