WhatsApp-тағы жалған хабарлама тұрғындарды жаппай салық төлеуге мәжбүрлеген

1 17 Жаңалықтар

Салыққа қатысты жалған хабарлама жұртты біраз әбігерге салды. Салықшылар оны жоққа шығарғанымен, еселенген айыппұл туралы әңгіме ел аузында әлі жүр. Мәселенің мәнісі неде?

1

Атырау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Нұрбол Салықовтың айтуынша, жаңа жыл қарсаңында WhatsApp арқылы елге жалған хабарлама таралған. Оның ықпалының ерекше болғаны соншалық, айыппұлдан қорыққан халық салық төлеуге жаппай ұмтылыпты. Кірістер департаментінің күту залы 500 адамға есептелсе, келушілердің саны бір сәтте үш есеге ұлғайған. Қалың нөпір салықшылардың қалыпты қызметіне кедергі келтірген көрінеді. Тез арада ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылып, өзге бөлімдерден қосымша қызметкерлерді тартудың нәтижесінде ахуал тұрақтады.

«Хабарламаның жалған екендігіне тұрғындардың назарын аударғым келеді. Осыған байланысты қойылып жатқан сұрақтар да көп. Уақытында төленбеген көлік құралдары, мүлік және жер салықтары үшін айыппұл шаралары қарастырылмаған. Көлік құралы үшін төлем мерзімі былтырғы жылдың 31 желтоқсанында аяқталды. Салық кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты 2017 жылдың жылжымайтын мүлік және жер үшін салық 2018 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін есептеліп, 1 қазанына дейін төленуі тиіс»,-деді басқарманың бөлім басшысы.

Салықшылар уақытында төленбеген көлік салығы үшін мүлік иесіне аспандаған айыппұл салынатындығы туралы әңгімені жоққа шығарды. «Мұнда қорқатындай ештеңе жоқ. Кешіктірілген әр күн үшін «қайта қаржыландыру коэффициентінің» негізінде өсім есептеледі. Оның көлемі көп емес. Тезірек төлеген көлік иесіне тиімді»,-дейді Нұрбол Салықов.

Атырау қаласы бойынша 813 млн. теңге көлік салығы төленеді деп болжанған болатын. Қазіргі күні бұл көрсеткіш 137 пайызға орындалып отыр. Яғни, мемлекет қазынасына 1 млрд. 112 млн. теңге түсті.

Айтпақшы, қасақана салық төлемейтіндердің қатары сейіле бастапты. Олардың саны бұрын 24 мыңға жетіп, төленуі тиіс сомасы 500 млн. теңгеден асса, қазіргі күні борышкерлер 17 мыңға кеміген. Ал, бюджетке түсетін төлем 330 млн. теңгені құрап отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз