Вице-министр жастармен кездесті
Республика Мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында комитет төрағасы облыстағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысымен танысып, өңірдің белсенді жастарымен кездесті.
Кездесуде өңір жастарының өзекті мәселелері көтерілді. Мысалы, жастармен жұмыс, жастар үшін қолайлы орта қалыптастыру және мемлекеттік қолдаулар мәселелері талқыланды.
– Жастардың еңбек жолын өңірлерден бастағаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені халықтың тыныс-тіршілігін, олардың өмірін көріп қана тәжірибе жинақтауға болады. Өңірлерде кадр тапшылығы бар екені жасырын емес. Сондықтан осыған назар баса аудару қажет. Бүгінде елімізде жастарды жұмыспен қамту – өзекті мәселелелердің бірі. Бұл бағытта бірнеше бағдарлама іске асуда, — деді вице-министр.
Кездесуге «Өзгеріс көшбасшылары» жобасының мүшелері, жастар мәслихатының депутаттары, Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен қала жастары қатысты. Жастар министрлік өкілінен мемлекеттік қызметтің маңызы, нашақорлық, ойынқұмарлық және әр жерде самсаған құмар ойынның жарнамасы, жастарға арналған жобалар, отбасы институты, Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің мардымсыз жалақысы туралы сұрақтарын жолдап, еркін пікір алмасты.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ