Үздік депутаттар марапатталған күн
Бүгін Атырау қалалық мәслихатының төрағасы Нұрбол Құрман бірнеше депутатты жыл бойы атқарған жұмысының қорытындысы бойынша салтанатты түрде бірқатар номинациямен марапаттады.
Депутаттық міндетін жүзеге асыруда жергілікті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе нәтижелі жұмыс істегені үшін «Іскер депутат-2023»номинациясы Рафик Сәрсеновке табыс етілді. Ал қаланың қоғамдық-саяси әлеуметтік-экономикалық өмірінде белсенділігімен танылған және көкейтесті депутаттық сауалдары мен ұсыныстары үшін Гүлнафис Таңбаева «Білікті депутат-2023» номинациясына ие болды.
Сонымен қатар Мейрамгүл Есниязованың бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі айрықша аталып, ол «Шығармашыл депутат-2023»номинациясын иеленді. Ал өңірдегі түрлі қоғамдық және қайырымдылық шараларға белсене қатысып,қолдау көрсеткені үшін «Меценат депутат-2023»номинациясы Ли Юрийге бұйырды.
Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев қазір қоғамда депутаттардың белсенділігі айрықша байқалатынын атап айтып, халық пен билік арасындағы алтын көпірдің одан әрі нығая беруіне тілектестік білдірді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ