
UTEBAEV UNIVERSITY тюмендік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтеді
Бүгін UTEBAEV UNIVERSITY Ресей Федерациясының Тюмень облысының Инвестициялық саясат және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаментінің директоры Горлатов Александр бастаған делегацияны қабылдады. Қонақтар қатарында Тюменьдегі университеттердің басшылары, инновациялық орталықтардың жетекшілері мен индустриялық компаниялардың өкілдері бар.

Делегация алдымен «КМГ Инжиниринг» компаниясының зертханасына барып, ғылыми зерттеулер мен инженерлік әзірлемелермен танысты. Одан кейін UTEBAEV UNIVERSITY-де ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысты. Университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликованың жетекшілігімен өткен кездесуге ресейлік меймандармен бірге жоғары оқу орнының Индустриалды комитетінің мүшелері, өндірістік серіктестер, топ-менеджерлер қатысты.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. UTEBAEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова жоғары оқу орнының ғылыми және инновациялық әлеуеті туралы баяндама жасады. Өз кезегінде тюмендік делегация ғылыми және инновациялық жетістіктерін, университетаралық кампус бағдарламасын, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін және индустриялық серіктестік тәжірибесін таныстырды.

-Алдағы уақытта бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру, академиялық алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру және білім беру саласындағы серіктестікті нығайту бойынша жаңа жобаларды жоспарлап отырмыз. Келіссөздердің нәтижесінде Тюмень индустриалды университеті, Тюмень мемлекеттік университеті ғылыми зерттеулер жүргізуге және заманауи зертханалар мен инновациялық орталықтарды біріктіре отырып, ортақ зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға дайын екенін білдірді, – деп атап өтті UTEBAEV UNIVERSITY Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова.
Жиында Атырау мұнай және газ университетінің индустриялық серіктестермен өзара іс-қимыл тәжірибесі және Бірыңғай стартап студиясы туралы да айтылды. Бұл студия инновациялық жобаларды қолдау экожүйесін құруға, сондай-ақ жаңа технологияларды халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған.
Университеттің стратегиялық міндеттерін шешуге тікелей қатысатын Индустриалды комитет мүшелері — «Теңізшевройл», АМӨЗ, «Ембімұнайгаз»,
«KEGOC», «Каспиймұнайгаз», «Прикаспиан Петролеум Компани»компанияларының өкілдері де білім беру және зерттеу бағдарламаларын дамыту, индустриялық талаптарға сай білікті мамандар даярлау, инновациялық жобаларды іске асыру жөніндегі мәселелерді ортаға салды. Бұл ынтымақтастық университет пен бизнес арасындағы байланысты нығайтып, білім мен тәжірибенің тиімді синтезіне ықпал етеді. Сол арқылы студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.