ҰРПАҚ: Қазақ бала санын шектемеген

56083f7b1d9d5 Жаңалықтар

Аtr.kz/17 сәуір, 2020 жыл. Атам қазақ «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп өте орынды айтқан. Расымен де, балалышағалы шаңырақтың, қашан көрсең де, өз қызығы өзінде. Ойнауға да, ренжісуге де өздері жетіп артылады. Бір қуанарлығы, қазіргі кезде «балалы болсам» деп армандайтын ерлізайыпты көп. Тек соған жайлы жағдай болсын деңіз.

…Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары халықтың тұрмыс-жағдайы өте ауыр болды. Сауда орындары мемлекет құзырынан алынып, жекелердің қолына өте бастады. Дүкен сөрелері бос, сатып алатын да, тұтынатын да ештеңе қалмады. Екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыссыз сенделген адамда есеп болмады. Осындай экономикалық қиындыққа кезіккен көпшілік амалсыз бала санын қолдан шектеді.

Жасырып қайтеміз, сол кездегі жас шаңырақ иелері тек бір-екі, әрі кетсе үш балалы болды. Ал, баласы көптіктен қиналып жүрген ерлізайыптыларға олардың ағайынтуыстары, ата-енелері қарасты. Тіпті балаларын бағып беруге тырысты. Қандай тығырық тірелсе де, бастың амандығына жететін ештеңе жоқ қой. Бейбіт тірлік біртіндеп қалпына келе бастады. Жұмыс орындары көбейіп, халықтың тұрмысы түзеле түсті. Енді олар «бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз» деп, балалы болуға ұмтылды.

Расында да, сол екі мыңыншы жылдан бермен қарай туу көрсеткіші кәдімгідей ұлғая түсті. Ауылда тұратындар да, қалалықтар да, ең кемі, төрт-бес балалы бола бастады. Қуанышымызға қарай, осындай үрдіс өз жалғасын тауып, қазірде жас аналар арасында көп балалылар саны күннен-күнге артуда. Туу көбейді.

Облыста 2018 ж. – 17 019, 2019 ж. 17 097 сәби дүниеге келді. Туудың ең жоғары деңгейі Атырау қаласы, Жылыой және Құрманғазы аудандарында.

Біреулер экологиядан көрер, енді бірі ағзаға түрлі дәрумендердің жеткіліксіздігі деп топшылар, не болғанда да, бүгін таңда 25 пен 35 жас аралығындағы бала тууға қабілетті келіншектердің сәби сүю мүмкіндігі төмендеген. Біразының тоғыз ай, тоғыз күн көтерген нәрестелері дүниеге келмей жатып, көз жұмған. Айталық:

Облыста 2018 ж. – 83, 2019 ж. 61 сәби өмірге өлі келді. Қызылшақалардың өлі тууы Атырау қаласы мен Жылыой ауданында көбірек.

Ата-ана үшін өмірге келген перзентінің дені сау, өмірі ұзақ болғаны маңызды. Бірақ, кейде адамның дегені бола бермейді ғой. Түрлі дерттен не көлденең оқиғадан өрімдей балапандар қыршынынан қиылып, отбасын есеңгіретіп кетіп жатады. Мәселен, облысымызда 2018 ж. – 177, ал 2019 ж. 197 бір жасқа дейінгі сәби шетінеді.

***

Атырау облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариевадан білгеніміздей, биылғы жылдың 1 наурыздағы мәліметі бойынша облыста 3 546 – «Алтын алқалы», 5 654 – «Күміс алқалы», 18 215 көп балалы ана бар. Сөз жоқ, бала – бақыт, бала – қуаныш. Баласы көп адамның – арманы да көп. Әр баласынан немере-жиен сүйеді, солардың өсіп-өнуін, жақсылыққа жетуін күтеді. Бір сөзбен, бір-біріне жалғасып жататын жақсылық, телегей теңіздей арман. Осылар ата-ананы ертеңгі күнге жетелейді, азғантай ғұмырда көретін қуанышын еселейді. Сол себепті, жас шаңырақ иелері көп балалы болудан қаймықпасын, өйткені, «бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген аталар сөзін біз де қайталаймыз. Өйткені: «Бір баласы бардың – шығаршықпас жаны бар, Екі баласы бардың – болар-болмас әлі бар, Үш баласы бардың – жалғасатын таңы бар, Төрт баласы бардың – бақытының бәрі бар!..»

Лиза СЕЙТІМОВА

Сіз не дейсіз?

-Біздің орталық мамандары қала басындағы орта мектептер мен колледждерге барып, соларда оқитын жасөспірімдерге отбасы, қыз бала тәрбиесі тақырыбында лекциялар оқып, түрлі тренингтер өткізеді.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын 15-16 жастағы қыздар арасында ерте жүктілік туралы әңгіме өршіп тұрған. Соңғы кездері ол сәл де болса бәсеңсігендей. Кім біледі, мүмкін қолға алынып жатқан жұмыстардың оң нәтижесі болар. Жалпы, «қызға қырық үйден тыйым» деген сөзді аталарымыз текке айтпаған.

Сондықтан, әсіресе, аналар үйдегі қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан қыздарының өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, олардың болашақтарының жарқын болуына барынша атсалысқандары абзал. Себебі, бүгінгі қыз – ертеңгі ибалы келін, ақылды ана, ұлт жалғастырушысы.

Алуа СЫРАЛИЕВА,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз