Жарнама
Жаңалықтар

УНИВЕРСИТЕТТЕ «ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР АТЛАСЫ» ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Бүгін Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Нұрлан Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығында «Жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы» залы ашылды. Бұл білім ордасында алдағы бес жылда мұнай-газ саласы бағытында жаңадан 5 мамандық ашу жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні аталмыш оқу орнының стратегиялық міндеттерінің бірі – жаңашыл мамандар даярлау. Бұл мақсатқа олар нарық талабынан туындаған білім беру бағдарламаларын енгізу арқылы жетуді көздейді.

— Университет жақында PhD докторантураның екі мамандығы: «Органикалық заттардың химиялық технологиясы, машиналар, аппараттар және жабдықтар» және «Мұнай-химия инженериясы» бағдарламалары бойынша білім беру қызметін атқаруға лицензия алды. Сонымен қатар, оқу бағдарламамыз бакалаврда «Машина жасау технологиясы», «Ақпараттық қауіпсіздік», «Мұнай маркетингі және мұнай тасымалдау», магистратурада «Автоматтандыру және басқару», «Өмір тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» сынды жаңа мамандықтармен толықты, — деп атап өтті салтанатты шарада университеттің Басқарма Төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова.

Осы жиынға арнайы келген «BTS Education» ЖШС бас директоры Саясат Нұрбек «Жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласы» жобасы жақын болашақтағы 5-10 жылда сұранысқа ие болатын, өзгеретін және жаңадан ашылатын мамандықтарды анықтауға арналғанына тоқталды. осыған орай «BTS Education» серіктестігі мен университет арасындағы әріптестік аясында алғашқы эксперименттік жоба қолға алыныпты. Осы жобаға сәйкес Атырау мұнай және газ университетінің студенттері «Жабдықтардың сенімділігі мен предиктивті аналитикасы жөніндегі инженер» бағдарламасы бойынша мамандандырудан (minor) өтетін болады. Бұл тыңдаушыларға статистикалық әдістер туралы терең білім алып, нақты мәліметке негізделген тиімді шешімдер қабылдауға, сын-қатерді азайтуға мүмкіндік береді екен.

Салтанатты шарадан кейін жиынға қатысушыларға оқу орнының Азаттық даңғылында орналасқан салалық технологиялық құзырет орталығының жұмысы таныстырылды.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button