
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына республикалық ат бәйгесі өтті
Ат бәйгесі – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрі, ата-бабаларымыздың өмір салты мен жауынгерлік өнерімен тығыз байланысты ерекше мәдени мұра. Бұл жарыс тек жүйрікті анықтайтын дода ғана емес, ұлт рухын көтеретін, елдік пен ерлікті дәріптейтін маңызды іс-шара.
Қызылқоға ауданы әкімдігінің қолдауымен және Атырау облыстық “Бәйге” федерациясының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық деңгейдегі ат бәйгесі өтті. Бұл дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен кіл жүйріктер жиналып, шын мықтылар анықталды.
Тай бәйгеде 3 шақырымдық қашықтықты ең жылдам бағындырған – Қызылқоға ауданы Сағыз ауылынан келген “Лэндер лэнд” атты тұлпар. Ат иесі – А.Бисенов, шабандозы – Н.Тілекқали, бапкері – А.Айнабекұлы. Олар 3 минут 57 секунд ішінде мәреге жетіп, 500 000 теңге жүлдені қанжығалады.
Күміс жүлде Ақтөбе облысы, Ойыл ауданынан келген “Айқабақ” есімді жүйрікте. Ал үшінші орын Батыс Қазақстан облысынан “Медина” атты тұлпарға бұйырды.
15 шақырымды құраған топ бәйгеде Маңғыстау облысы, С.Шапағатов ауылынан келген “Ақкәусар” атты тұлпар қарсыластарының барлығынан озып шықты. Ат иесі әрі бапкері – Х.Бимырзаев, шабандозы – С.Төлеп. 22 минут 38 секунд ішінде мәреге жеткен сәйгүлік иелері 1 000 000 теңге көлемінде жүлде ұтып алды.
Екінші орын Жылыой ауданының “Нарқасқа”, үшінші орын Ақтөбе облысының “Нұр жебе” жүйрігіне бұйырды.
Аламан бәйгеде – ең ұзақ, ең ауыр жарыста – Қызылқоға ауданы, Миялы ауылынан келген “Мұқалмас” атты тұлпар бірінші келіп, шын жүйріктігін дәлелдеді. Ат иесі – Б.Бағытжан, бапкері – Т.Ыбырайымов, шабандозы – С. Төлеп. Уақыты – 31 минут 14 секунд. Олар 1 500 000 теңге жүлдені қанжығасына байлады.
Екінші орын – Мұқыр ауылынан “Бүркіт”, үшінші орын – Тайсойған ауылынан “Айтөбел” атты сәйгүліктерге бұйырды.
Аламан додада жүйрігін сайлап, шабандозын ширатып келген атбегілер қатысқан бұл бәйге ұлт рухын көтеретін, ұлттық мұраларымызды насихаттайтын үлкен іс-шара болды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН