
Ұлттық ұланда «Мектепке жол» игі дәстүрге айналды
Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы жалғасып келеді. Осы игі бастамадан Ұлттық ұланның әскери бөлімдері де қалыс қалған жоқ, — деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.

Атырау қаласында орналасқан 5546 әскери бөлімінде көп балалы әскери қызметшілердің мектеп жасындағы балаларына қаржылай сертификаттар табысталды. Акция аясында әр балаға 20 мың теңгелік сертификат ұсынылып, оннан астам отбасы қамтылды.
Бұл шара қалалық білім беру басқармасының қолдауымен жүзеге асты.
– «Әскери қызметтің өзіне тән қиындығы бар. Осындай кезде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық біз үшін үлкен демеу. Әсіресе жаңа оқу жылының қарсаңында балаларымызға жасалған бұл қолдау бізді қуантады. Өз атымнан және отбасымның атынан шынайы алғысымды білдіремін», – дейді бес баланың әкесі, кіші сержант Мақсат Әлиев.
Әлеуметтік қолдау шарасы – мемлекеттің басты назарындағы бағыттардың бірі. «Мектепке жол» акциясы жыл сайын мыңдаған баланың мектепке қуанышпен қадам басуына мүмкіндік беріп келеді.