
Ұлттық ұлан сарбаздары су тасқынына қарсы күреске кірісті
Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді. Бүгін елді мекенге Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімінің 60-қа жуық сарбазы келіп, төтенше жағдайдың алдын алу шараларына атсалысуда.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқықтық тәртіп әскері қаптарға құм толтырып, оларды су басу қаупі жоғары аймақтарға орналастыруда. Бұл жұмыстар өзендер мен су арналары деңгейінің көтерілуіне байланысты тасқын қаупін сейілтуге бағытталған.
Әскери қызметшілер қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Олар жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, су тасқынының алдын алу үшін жедел шаралар қабылдауда.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ