Ұлттық спорттан сынға түсті
Бүгін Наурызнаманың онкүндігіне сәйкес, 20 наурыз — ұлттық спорт күніне орай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.
Оқу орны ректоры Саламат Идрисовтың айтуынша, ұлттық құндылығымызды ұлықтайтын, сананы жаңғыртып, бойға рух, кеудеге намыс ұялататын ұлттық спорттың халқымыз үшін маңызы жоғары.
-Қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңгеге ілу, құсбегілік және тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту секілді ұлттық спорт түрлері ұлттың келбетіне айналды. Себебі қазіргі таңда аталмыш спорт түрімен шұғылданатын жандардың қатары көбеюде. Сондықтан әлем мәдениетінің озық үлгілерімен иық тіресе алатын спорт түріне айналуы да бекер емес. Себебі ұлттық спорттың қай-қай түрі де рухани әрі сыни ойлауды қалыптастырып, ептілікке, жігерлікке, қайраттылық пен батылдыққа тәрбиелейді, — дейді С.Идрисов.
Оның айтуынша, ұлттың құнды мұрасы ұлттық ойындар — өскелең ұрпақты тәрбиелеудің озық тұжырымы.
Бүгінде бестас, асық ойнау, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу және басқа да ойындардың жастар арасында жандана бастағаны қуатады.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ