
Ұлттық домбыра күні – ұрпаққа рух беретін ұлы күн
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күні қарсаңында жастардың төл мәдениетімізге құрметпен қарауын үлкен қуанышпен атап өтті. Бұл өте орынды әрі маңызды пікір деп санаймын. Себебі домбыра – тек музыкалық аспап емес, ол – ұлттың рухы, тарихы мен тәрбиесінің діңгегі. Домбыраның күмбірі арқылы өскелең ұрпақ халқымыздың өткенін, ерлігін, мұң-шерін сезінеді, бойына ұлтқа деген сүйіспеншілік пен рухани тазалықты сіңіреді.
Қазіргі жастардың домбыраға бет бұруы – рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Мемлекеттің руханият саласын дамытуы, дәстүрлі өнер иелерін марапаттауы – өнердің құндылығын арттырып қана қоймай, жастарды да шабыттандырады. Біз, жастар, бұл қолдауды сезініп, киелі домбыраны қадірлеп, оның үні арқылы ұлттық болмысымызды сақтауымыз керек.
Ұлттық домбыра күні – әрбір қазақтың рухын көтеретін, ұлттық мақтанышымызды ұлықтайтын мереке. Осындай мерекелер арқылы біз тамырымызға оралып, алға нық қадам басамыз.
Айгүл ИСАБАЕВА
SABIRA DOMBYRA SCHOOL Атырау филиалының жетекшісі