Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде
Отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттай отырып, әкенің жауапкершілігін арттыру және ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлін айқындау қажет. Осы мақсатта облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Шаңырақ-2008» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен М.Асаубаева атындағы креатив орталығында «Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде» атты облыстық әкелер мен ұлдар слеті өтті.
–2011 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жиынға 300-ге жуық ер адам қатысуда. Іс-шарада спикерлер қоғамдағы өзекті мәселер жөнінде дәріс өткізіп, пікір алмасады. Біз отбасындағы әкелердің рөлі бір төбе екенін осы күнге дейін дәріптеп, жұмысымызды әрі қарай жалғасыра бермекпіз, — дейді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзәгүл Жалмурзина.
Аталмыш іс-шараға бала тәрбиесінің маманы, жұбайларға және балаларға арналған 6 кітаптың авторы Елжас Ертайұлы және отбасылық психолог, «Онлайн отбасы» академиясының негізін қалаушы Ержан Мырзабаев пен «Қазақша Quiz 100» жобасының авторы Нұрлан Азаматов арнайы шақыртылды. Олар «Бала тәрбиесіндегі әке рөлі», «Баланың білімге деген қызығушылығын қалай арттырамыз?» деген тақырыптар аясында сөз сөйлеп, әкенің ұлағаты жайында пікір алмасты. Спикерлер өздерінің мазмұнды ой-толғамдарымен бөлісті.
–Қоғамды қалыптастыратын жанұя болғандықтан, әр отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің рөлі басым. Алайда қазіргі қоғамда әкенің орны төмендеп бара жатқаны рас. Бүгінгі іс-шарада бала тәрбиесінегі әкенің жасайтын қателіктерін түсіндіре отырып, оның санасындағы отбасыға және бала тәрбиесіне деген ойларын қалыптастыруды көздедік, — дейді бала тәрбиесінің маманы, тақырыпқа қатысты бірнеше кітаптың авторы Елжас Ертайұлы.
Басқосу соңында өңірдегі Әкелер кеңестерінің белсенді мүшелеріне облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың Алғыс хаты табысталды.
Тоғжан ЕРМЕК