Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Үлкен идеологиялық қателік жібердік – Президент шетелде жұмыс істеу туралы

Шикізатқа тәуелді болудың салдарынан қазақстандықтар еңбек бәсекесіне шыдай алмайтын болды.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдыңғы сұхбатыңызда сіз елімізде кадр тапшылығы бар екенін айттыңыз. Шын мәнінде, көптеген білікті мамандарымыз шетелде жүр. Білім қуып, кәсіп іздеп кеткендер де бар. Шетелдегі отандастарымызды Қазақстанға шақыру ойыңызда бар ма? Жалпы бұл іске асуы мүмкін дүние ме?», — деп сұрақ қойды журналист Жайна Сламбек.

«Расында шетелде жүрген білікті мамандарымыз аз емес. Бұл үшін ешкімді айыптауға болмайды. Қазір – жаһандану заманы. Адам қай жерде сұранысқа ие болса, сол жерге барып жұмыс істеуге қақы бар. Оған ешкім кедергі жасамайды. Біз өз саласында табысқа жеткен азаматтарды бұған дейін де шақырғанбыз. Елге қайтып келген отандастарымыз да бар. Бірақ, шындығын айтуымыз керек, елімізге білімі жоғары, парасатты адамдар керек. Жалпы, адами капитал жоғары болуы қажет. Жалпақ тілмен айтсақ, Отанымызға келген адамдардың сапасы неғұрлым жоғары болса, елімізге соғұрлым тиімді болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жалпы, бәрінің еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруі керектігін атап өтті. Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді.

«Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет. Сонда ғана Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы іске асады. Меніңше, біз бұрын үлкен идеологиялық қателік жібердік. Шетелге, яғни Орта Азиядан Ресейге кеткен жұмысшыларға күліп, «Қараңыздар, олар қара жұмыспен айналысуға мәжбүр болды, ал бізге келгенде, бірде-бір қазақ шетелде жұмыс істемейді, жайбарақат жүрміз» деп қатты мақтандық. Кез келген еңбекті жоғары бағалау қажет, солай емес пе? Бүгінгі күні Орта Азиядағы жұмысшылар Ресейде еңбек етіп, күн көріп жатыр. Ал, біздікілер еңбек бәсекесіне шыдай алмайтын болды. Өкінішке қарай, бұл «сырьевое проклятье», яғни «шикізатқа тәуелді болудың» салдары», — деді Мемлекет басшысы.

Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды.

«Негізі, кадр мәселесі өте күрделі әрі аса маңызды. Расында, көп нәрсе білікті кадрларға байланысты. Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Басқа да адамдарға жол ашуымыз керек», — деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болуға тиістігін баса айтты.

«Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды тағайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалауға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ, бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button