Жарнама
Жаңалықтар

Үкіметтің арнайы келісімдер жобасына кәсіпорындар неліктен қызығушылық танытпайды?

Еуропа қайта құру және даму банкі өз ресурстары есебінен шетелдік инвестицияларды тартуға және өсу стратегияларын іске асыруға қабілетті кемінде тиімділігі жоғары 70 кәсіпорынды қолдауға ниетті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінен мәлім етті, — деп хабарлайды kaz.inform.kz.

Айта кетейік, жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырған еді.

– Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұны активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажет. Мен бұл жөнінде ірі бизнес өкілдерімен кездесулерде айтқанмын. Қазақстанда орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс, — деген еді Мемлекет басшысы.

Осы мәселеге орай Ұлттық экономика министрлігіне сауал жолдаған едік. Ведомствоның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өндірісті 2-3 есеге ұлғайтуға бағытталған нақты жоспарды (арнайы келісімді) әрбір табысты жұмыс істеп тұрған орта кәсіпорынға қатысты әзірлеу аясында Үкімет кешенді жұмыс жүргізген. Осы жұмыс аясында бұрын мақұлданған өлшемшарттарға сәйкес келетін (орта кәсіпкерлік субъектісі, өнім өндіру және/немесе қайта өңдеу саласына тиесілілігі, төленген салықтар, табыс және еңбекақы қорының өсуі) орта бизнестің 360 кәсіпорны алдын ала іріктеп алынған.

–Іріктелген компаниялармен өндірісті кеңейту, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаңа нарықтарға шығуын қамтамасыз етуге бағытталған даму стратегияларын айқындау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталарының алаңдарында бірқатар сессия өткізілді. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін 2-3 есеге ұлғайтуға алғышарт бола алады. Алайда, өткізілген талқылаулардың қорытындысы бойынша кәсіпорындар тарапынан арнайы келісімдер жобаларына қатысуға жоғары қызығушылық байқалмады. Бұл жағдай мемлекеттік қолдау шаралары аясында кепілдендірілген қаржыландыру мен өткізу нарықтарының болмауымен байланысты, — деді министрліктен.

Осыған байланысты жүйелі әрі кешенді тәсілді іске асыру мақсатында 2025 жылғы қаңтарда Үкімет атынан министрлік пен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында қол қойылған келісім аясында орта кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі бірлескен шараларды іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button