НАРЫН ӨҢІРІНДЕ ӨМІРШЕҢ ІС БАР

Облыс басшысы Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Исатай ауданында да болып, актив жиналысына қатысты. Аудан басшысы Тұрарбек Сұлтанбеков тұрғындар алдында өткен жылдың негізгі қорытындылары туралы есеп берді. Өткен шақты саралаған басқосу барысында алда атқарылатын жұмыстар да айқындалды.

 

Ауданда әлеумет әлеуеті  үшін атқарылған іс аз емес, бірақ, мұнымен ғана шектеліп қалмай алға қадам басып, өркениет жолына ұмтылған қазыналы өңірдің алдағы күнге ауқымды жоспарлары бар. Өткен бір жыл есепті кезеңді баяндаған Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбековхалықтың тұрмыс-ахуалын жақсарту бағытында оң нәтиже барын мәлімдеді.

Мәселен, тұрғындардың аз қамтылған топтарын әлеуметтік қорғау бойынша 143 адамға 1,8 млн. теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Қойнауы қазынаға толы Нарын өңіріндегі мұнай өндіру саласында  барлау-бұрғылау жобалары, сондай-ақ,  өндіріске озық технологияларды енгізу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асқан.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласында да алға ілгерілеушілік бар.

Мал тұқымын асылдандыру бағытында Ресейден, Батыс Қазақстан облысынан 123 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малы сатып алынып, шаруа қожалықтарына  44,1 млн. теңге субсидия төленген.

– Азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде   кәсіпкерлермен меморандумдарға қол қойылды. Облыстық тұрақтандыру қорынан 54,4 тонна картоп және 23,5 тонна басқа да көкөніс түрлері алынып, тұрғындарға арзан бағамен сатылды. Нан бағасын ұстау үшін Орал қаласынан белгіленген оператордан наубайханаларға жеңілдікпен 70 тонна бірінші сұрыпты ұн алынды, ол биыл да жалғасады, – деген аудан басшысы  балық шаруашылығы жайына да тоқталып өтті.

Соңғы жылдары Каспий теңізі жағалауынан балық аулаушы кәсіпорындар берілген лимит көлемінде көктемгі, күзгі маусымдық балық аулауды және жергілікті жерде балық сату, өңдеу цехтарын ұйымдастыруды қолға алған.

Құқық қорғау саласының нәтижелі жұмыс жасауы тұрғындар үшін маңызды болып саналады. Исатай ауданында өткен жылы 203 қылмыс тіркеліп, 2013 жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға өскен. Әсіресе, балық қорын қорғау, оның ішінде бағалы бекіре өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу мақсатындағы шаралар күшейтілгенімен, қылмыстың бұл түрі азаймаған.

Есеп беру барысында «Қаражатты үнемдеу және тиімді жұмсау арқылы белгіленген инвестициялық жобаларды уақытында әрі сапалы орындау – жергілікті атқарушы органдардан іскерлік пен жауапкершілікті талап ететінін біз түсінеміз және сол жолда бірлескен іс-қимыл жасайтын боламыз» деді аудан әкімі Т.Сұлтанбеков.

Әкім баяндамасынан соң аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, мәселелер мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Мәдениет саласында орын алған үлкен жаңалықтарға тоқталған Исатай аудандық мәслихатының депутаты Салауат Меңдіғалиев тұрғындарға қиындық тудырып отырған электр энергиясының төлемі жөніндегі ойларын ортаға салды. 

Жиын барысында атқарылған істерге айрықша тоқталып, аймақ басшысына ризашылығын білдіргендер де болды. Исатай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеміс Қизатов ардагерлерге ерекше ықылас танытып жүрген облыс басшысына зор алғысын жеткізді. Сондай-ақ, ол ауданда дәрігер мамандарының тапшы екендігін көтерді.

Мал-жанға шабуыл жасайтын ит-құстың далалық жерде көбейіп кеткендігіне алаңдаушылық білдірген кәсіпкер Тұрлан Мажанов жеке шаруашылығына инфрақұрылымның, әсіресе, жел генераторының аса қажеттігін алға тартты.

Ауданның жыл санап өсіп, көркейіп келе жатқандығын мақтанышпен жеткізген Аққыстау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Таупих Маштахов жаңадан бой көтерген «Өркен» елді  мекеніндегі темір  жол бойынан жаяу жүргіншілерге арналған өткел орнату қажеттігін айтты.

Тұрғындар сөзінен кейін облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов азаматтардың ауданның алға қарай дамуы мақсатында жеткізген ұсыныс, тілектері ескерусіз қалмай, ерекше назарда болып, барлық мәселе өз кезегімен шешімін табатындығын айтып, биылғы жылы атқарылатын басты міндеттерді белгілеп берді.   

 

2014   ЖЫЛдың  ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ: 

ӨНЕРКӘСІП

* Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі аудан бойынша 165,4 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,2  пайыз болды.

* Өндірілген мұнай көлемі – 1225,2 мың тонна, ілеспе газ – 29,9 млн. текше метр. 

ИНВЕСТИЦИЯ

* Негізгі қорға жұмсалған инвестициялар көлемі

29279 млн. теңгені құрады. 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

  • 5470,6 тонна ет, 4395 тонна сүт өндіріліп, өнім көлемі артты. Төрт түліктен де мал басының өсімі қамтамасыз етіліп, 2 мың тоннадан астам  балық ауланды. 

КӘСІПКЕРЛІК

  • Ауданда 1518 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінде 2004 адам жұмыс жасайды. Ауылдық кәсіпкерлерді қолдау және шағын несиелендіру мақсатында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ Атырау филиалы арқылы 2014 жылы  6 жоба қаржыландырылды. 

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

  • Жыл қорытындысымен ресми жұмыссыздық деңгейі – 3,9 пайыз. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 149 адам уақытша жұмысқа  тартылып, 5 жас кәсіби оқуға, 67 жас «Жастар тәжірибесімен, бес адам әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді. Мүмкіндігі шектеулі 9 адам жұмысқа тартылды.  

БІЛІМ САЛАСЫ

  • 2013-2014 оқу жылында ауданда білім сапасы көрсеткіші 1,3 пайызға артты.  

Аймақ  басшысының  тапсырмалары:

– Инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, оларды облыстық  Индустрияландыру картасына қосу шараларын алу;

– Энергия үнемдеу саясатын іске асыруға арналған кешенді  жоспардың орындалуын қамтамасыз ету;

– Ауданда балық өңдеу өнеркәсібін ашып, бұл салаға кәсіпкерлерді тарту;

– Ауданға тасымалданатын көкөніс көлемін мүлтіксіз қадағалап, оның маңыздылығын ескеру;

– Малды асылдандыру жұмыстарын жандандыру;

– Х.Ерғалиев, Жанбай ауылдарындағы округтер теңгеріміндегі мал сою пункттеріне кәсіпкерлерді тарту;

– Оқушылардың білім деңгейін көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру;

– Бір немесе екі жекеменшік балабақша ашу ісін қолға алу;

– Тұрғын үй және коммерциялық мақсаттағы  жер учаскелерін  қайтару;

– Жылыжай салуды қолға алып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру;

– Аудандағы мүйізді ірі қара малының 56 пайызы бірдейлендірілген. Аталған кемшілікке жол берген қызметкерлерге шара қолдану.

 

Мәлике  ҚУАНЫШЕВА,  Серікбол  ПАНАБЕРДИЕВ.

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз