Жарнама
Жаңалықтар

Үкіметтік емес ұйымдар экожүйені сақтай алады

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ҚОҒАМНЫҢ ӘРТҮРЛІ САЛАСЫН ҚАМТИДЫ. АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА 700-ДЕН АСТАМ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМ 15-ТЕН АСТАМ БАҒЫТ БОЙЫНША ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ. АТАП АЙТСАҚ, ХАЛЫҚТЫ САУАТТАНДЫРУ, ОҚЫТУ, МҰҚТАЖДАРҒА ҚОЛДАУ, ЭКОЛОГИЯНЫ ЖАҚСАРТУ, БАСҚА ДА САЛАЛАРҒА МАШЫҚТАНҒАН. ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫНА МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ТҮРЛІ ГРАНТТАР БӨЛІНІП, ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛІП КЕЛЕДІ. ЖУЫРДА ОСЫНДАЙ БАСТАМАЛАРМЕН ТАНЫСТЫРУ МАҚСАТЫНДА АТЫРАУ ОБЛЫСЫНА КЕЛГЕН «АЗАМАТТЫҚ БАСТАМАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ҒАЛЫМ ҚҰРМАН ӨҢІРДЕГІ БІРҚАТАР ҮЕҰ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСІП, МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА МЕХАНИЗМДЕРІ ТУРАЛЫ АЙТТЫ.

– Мұндай жиындарды жергілікті қоғам өкілдерінің əлеуметтік маңызды мəселелерін шешіп, ауылдағы ҮЕҰ-ның əлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, ұсыну, мониторинг жасап, олардың тиімділігін бағалау тəртібі туралы толыққанды ақпарат береміз. Орталық ҮЕҰ мен бастамашыл топтарға мемлекеттік жəне мемлекеттік емес гранттар ұсыну арқылы олардың үздік идеяларын жүзеге асыруға көмектеседі. Отандық азаматтық сектормен, сондайақ халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса отырып, біз гранттық қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге ниеттіміз, — деді Ғалым Полатұлы. Гранттарды ұсынудың жаңа тетіктерін түсіндіруге бағытталған кездесуде орталықтың мемлекеттік емес гранттық қаржыландыру бойынша жобалау кеңсесінің директоры Əйгерім Кəрімова орталықты азаматтық қоғам жəне донорлық ұйымдар арасындағы көпір ретінде бағалайтынын айтты.

– Күш пен ресурстарды біріктіру арқылы біз елеулі өзгерістерге қол жеткізуге жəне қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүдделіміз. Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық белсенділердің əлеуетін қаржылай қолдау арқылы ғана дамыту қажет емес. Сондықтан, біз əдістемелік, аналитикалық, ұйымдастырушылық жəне консультациялық қолдау көрсетуге ерекше назар аударып отырмыз, — деді Əйгерім Ербосынқызы.

Орталық өкілдерінің айтуынша, Атырау, Батыс Қазақстан жəне Маңғыстау облыстарында жергілікті ҮЕҰ-дардың экологиялық бастамаларын қолдау мақсатында 2023 жылы «EcoBatys 2.0» жобасы жүзеге аспақ.

– «EcoBatys 2.0» бастамасы аясында бөлінетін 7 миллион теңгелік гранттарды келесі жылы 9 үкіметтік емес ұйым алады деп күтілуде. Жоба шеңберінде əр өңірде су ресурстарын сақтау жəне үнемді пайдалану, жер ресурстарын сақтау жəне қалпына келтіру, биологиялық алуандылық пен экожүйені сақтау сияқты бағыттарды қамтитын 3 бастама іске асырылмақшы. Гранттарды ұсыну жөніндегі конкурсқа өтінімдерді қабылдау қаңтар айында басталады деп жоспарланып отыр. Жобаның операторы біздің орталық, — деді Ə.Кəрімова.

Кездесу соңында жергілікті ҮЕҰ өкілдері өз сұрақтарына жауап алып, гранттық қаржыландыру жүйесін жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button