Жарнама
Жаңалықтар

Үкімет бүгін егіс жұмыстарын жүргізудің барысын пысықтайды

Бүгін сағат 10:00–де Үкіметтің кезекті отырысы өтеді. Онда министрлер кабинетінің мүшелері 1 мәселені талқыға салуды көздеп отыр. Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлады.

Үкімет отырысының күн тәртібіне мына мәселе шығарылады:

— Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және вегетациялық кезеңді өткізу.

Көтерілген мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов негізгі баяндама жасайды, мұнан бөлек Үкімет басшысы кейбір өңір әкімінің есебін тыңдауы мүмкін.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету барысы туралы есеп береді. Ол жеңілдетілген отын жеткізу кестесінің орындалуына және жөнелтілімдердің ашықтығын қамтамасыз ету шараларына тоқталады. Сондай-ақ қазіргі жеткізілім жағдайы мен ведомство тарапынан процесті басымдықпен бақылау жөнінде баяндамақ.

Есте болса, осы жылдың 11 ақпанында өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері қаралған еді. Ауыл шаруашылығы министрінің сол кездегі дерегіне сәйкес, 2025 жылы 23,8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Бұл — 2024 жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға артық. Дәнді және бұршақты дақылдардың егістік алқаптары — шамамен 16,6 млн гектар (2024 жылы — 16,7 млн га). Майлы дақылдардың ауданы 365 мың гектарға артып, 3,3 млн гектарға жетеді, оның ішінде күнбағыс дақылдары 50,6 мың гектарға өсіп, 1,3 млн гектарға дейін ұлғаяды. Сондай-ақ картоп алқабын 14,9 мың гектарға ұлғайтып, аумақты 136,8 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Ал қарақұмық дақылдары 41,5 мың гектарға артып, 147 мың гектар жерге егіледі. 2025 жылы қант қызылшасының ауданы 18,4 мың гектар болады. Жемшөп дақылдарының ауданы 184 мың гектарға ұлғайып, 3,4 млн гектарға жетеді. Мақта дақылдары — 135,2 мың гектар, ал күріш 90,2 мың гектарды алады.
премьер

Премьер-Министр отырыс қорытындысында министрліктер мен әкімдіктерге мынадай тапсырмалар берді:

Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, егіншілерді тиімді мемлекеттік қолдау мақсатында несие мен субсидия беру рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету шараларын қабылдау.
Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен өңір әкімдері арзандатылған отынның тиісті көлемін жеткізуді бақылауда ұстау. Шаруаларға тиесілі отынның сатылып кетуіне жол беретін компаниялар мен жеке тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылдау.
Су ресурстары министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірге фермерлерді суармалы сумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдау.

Бүгінгі отырыс барысында Су министрі Нұржан Нұржігітов 2025 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық барысы жайлы баяндама жасайды. Министр аграрлық сектор үшін аса маңызды саналатын вегетациялық маусымдағы су тапшылығының алдын алу, суару жүйелерінің дайындығы және су ресурстарын тиімді басқару шаралары бойынша қабылданып жатқан іс-шараларды таныстырады.

Сонымен қатар Үкімет отырысында өңірлердің дайындық деңгейі, трансшекаралық су мәселелері және шаруалармен өзара іс-қимыл жайы да сөз болады.

Отырыс біткеннен кейін баспасөз мәслихаты өткізіледі. Онда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.

Айта кетерлігі, кеше Мәжілісте су шаруашылығы саласын реформалау бойынша қабылданып жатқан шараларға арналған Үкімет сағаты өтті. Іс-шара аясында тақырыптық көрме ұйымдастырылып, онда су және балық шаруашылығы, суды үнемдеу, климатқа төзімді су ресурстарын дамыту, ирригациялық арналардағы суды есепке алу және басқа да бағыттардағы инновациялық жобалар ұсынылды.
Су ресурстары министрі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Негізгі мәселе бойынша Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов негізгі баяндама жасап, депутаттар тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді. Ол Ресей тарапы кей жылы Қазақстанға тиесілі судың тең жартысын беріп келгенін жасырған жоқ.

— Су көлеміне келсек, 2019 жылы Жайық өзенінен ең төмен көлемде су берілген. Жалпы келісім бойынша жыл сайын ең кем дегенде 7,8 млрд текше метр су алуымыз керек. Ал 2019 жылы 3,5 млрд текше метр ғана су алдық. Сондықтан мемлекет басшылары тапсырма беріп, арнайы жол картасы әзірленген. Жол картасының аясында Жайықтың бойындағы су қоймалары мен бөгеттерін түгендеу керек. Ол жол картасының да мерзімі ұзартылды, — деді министр.

Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың сауалына жауап бере келе, судың заңсыз саудасы толық жойылмай тұрғанын мойындады.

— Қара нарыққа байланысты айтқаныңыз рас. Бүгінгі таңда бүкіл республика көлемінде «Қазсушармен» келісімшарт жасамай, суды алу деген мәселелер бар. Біз оны қалай шешіп жатырмыз? «Қазсушар» мекемесімен қазір келісімшарттарды жасауды электронды форматқа көшіруге кірістік. Себебі электронды түрге көшірсек, қадағалау мәселесі реттеледі. Одан бөлек өзіміздің ақпараттық талдау орталығы арқылы шаруа қожалығы суды келісімшартқа сай алды немесе көп алды, кассаға қанша ақша түсті немесе түскен жоқ деген мәселеге ғарыштан мониторинг жасауды енгізейін деп жатырмыз. Ол жалпы 100 пайыз проблеманы шешпейтін шығар. Бірақ бізге үлкен құрал ретінде жәрдем көрсетеді, — деді ведомство басшысы.

Ал өткен аптадағы Үкімет отырысында химия және мұнай химиясы саласын дамыту мәселесі талқыға түскен болатын. Онда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мүдделі тараптармен, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «KazEnergy» қауымдастығы, мұнай-газ-химия өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығымен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп «Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы» заң жобасын әзірлеу қолға алынғанын айтқан еді.

Көлік министрі Марат Қарабаев тапсырыстар уақтылы беріліп, уақтылы орындалып жатқанымен бәрі бір битум импорты тоқтамайтынын атап өтті.

Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов химия саласы өнімдерін сыртқа шикізат емес, дайын өнім ретінде шығару керектігін айтты.

— Бүгінде химия өндірісі саласы шикізатының шамамен 45% терең өңделмей, бірден экспортқа шығарылады. Еліміз жыл сайын 800 мың тоннаға жуық фосфорит шикізатын экспорттайды. Өнеркәсіп министрлігі шикізатты қайта өңдеу бойынша жоғары технологиялық жаңа жобаларға жеке инвестиция тарту үшін жағдай жасауы қажет, — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Премьер-Министр Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және Энергетика министрлігімен бірлесіп, биыл заманауи экологиялық сүзгілер мен утилизациялау технологияларын әлі де пайдаланбай отырған кәсіпорындарды түгендеуді аяқтап, оларды жаңғырту мен жасыл технологияларды енгізудің арнайы жоспарын қабылдауды тапсырды.

Айта кетейік, Үкімет отырысының тікелей таратылымын PrimeMinister.kz сайтынан, YouTube ресми арнасынан, Facebook әлеуметтік желісінен, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналынан көруге болады.

Баспасөз конференциясы YouTube ресми арнасы мен Facebook әлеуметтік желісінен тікелей көрсетіледі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button