Жарнама
Жаңалықтар

Үйге әркімнің бар таласы

Биылдан бастап баспанасы жоқ 18 жасқа толған әрбір жастың тұрғын үй алу үшін кезекке тұруына мүмкіндігі бар. Енді «Отбасы банкі» ұлттық даму институты болып саналады. Яғни, пәтер кезегіне қатысты мәселелер аталған банктің құзіретіне беріліп отыр.

Бұдан бұрын Мемлекет басшысы тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты заңға өзгеріс пен толықтырулар енгізген болатын. Осынау заңнама аясында кезекке тұру, мониторингілеу жұмыстары «Отбасы банкіне» тапсырылған еді.

– Осыған дейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі атқарып келген функция енді 6 айдың ішінде банкке беріледі. Бүгінде осы шаралар қолға алынып жатыр. Жаңа заң шеңберінде 5 жыл бойы басында үйі болмаған кез-келген тұрғын баспана кезегіне тұра алады. Әрине, мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы жеңілдікпен пәтер берілген кезде ең алдымен Ұлы Отан соғысы және оған теңестірілген ардагерлерге, жетім балалар, көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар секілді әлеуметтік осал топқа бірінші кезекте қарастырылатын болады. Содан кейін кезектегі басқа адамдарға беріледі,-дейді «Отбасы банкі» Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Мұғалімов.   

Атап өтер жайт, «Отбасы банкі» ұлттық даму институтының негізгі міндеті – ел бойынша тұрғын үйге мұқтаж жандарды қамтамасыз ету үшін тұрғын үй қатынастарын дамыту. Осылайша тұрғын үйді есепке алу, орналастыру және бөлу орталықтандырылады. Алайда үй кезегінде тұрғандарды сатып алынған және салынған баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әкімдіктердің құзырында.

«Отбасы банкінің» негізінде Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Оған қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан, баспанаға мұқтаж жандар кіреді. Орталықта мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген бірыңғай ақпараттық база болады. «Орталықты құру тіркеу процесін жеңілдетеді» дейді мамандар. Енді «Баспанаға мұқтаж» мәртебесін растау үшін бірнеше органға хабарласудың, содан кейін кезекке тұрып, несие алу үшін банкке барудың қажеттілігі жоқ екен.                                                                              

Мемлекеттік қолдаудың жаңа моделі бойынша тұрғын үйді бөлу тіркеуге тұру мерзімі мен табыс деңгейіне қарай жүзеге асырылады. Тұрғын үйге мұқтаж кез-келген ҚР азаматы қандай да бір санатқа жататынына қарамастан тұрғын үй алуға тіркеле алады.

Айбөпе САБЫРОВА

Коллажды жасаған: Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button