Әкім тәжірибелі сарапшылар пікіріне құлақ түрді

img 20240403 214219 953 Жаңалықтар

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов су тасқынына байланысты бірқатар сала ардагерлері мен сарапшылардың басын қосып, 1993-1994 жылдардың сын сағаттарындағы тәжірибелерін тыңдады. Сол кезеңде қаланы басқарған Нұрпейіс Мақашев, облыс әкімшілігінде жетекшілік қызметте болған Мұрат Өтешов, Ғаббас Химетуллин, су саласын басқарған Бисен Қуанов, Нәсіпқали Қонасов, Сағынбай Шотпақов, Едіге Сабуров, Анатолий Жмыхов, Роман Оливко және басқа да бірқатар азаматтар қатысқан жиында бүгінгі күннің өзекті мәселесі талқыланып, кәсіби сарапшылардың ұсыныс-пікірлері басты назарға алынды.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

-Әкімдік штаб құрып, табиғи апатпен күресуге барлық күштерді жұмылдыруда. Осыған іспеттес судың келуі өңірде 1993-1994 жылдары болған екен. Сол кезде атыраулықтар апатқа абыроймен төтеп берген. Аталған жылдары өңірдің тізгінін ұстап, табиғи апатпен күрескен ағаларымыз әлі де ортамызда. Кездесу барысында ардагерлер тасқынның алдын алу бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті және келесі ұсыныстарды жасады, – дейді Жасұлан Орақұлы.

Атап айту керек, жиында геодезистерді тарту арқылы Балтық жүйесі бойынша биіктіктерді ескере отырып, бөгеттер мен жағалау дамбыларын салу, су келген кезде балықтың қырылу оқиғаларын болдырмау мақсатында штабқа эпидемиологтар мен балық шаруашылығымен айналысатын мамандарды тарту қажеттігі аса маңызды ұсыныстардың қатарынан орын алды. Сонымен қатар топографиялық суреттеу жүргізіп, арнайы картаны дайындау қажет. Оған Батыс Қазақстан облысының шекарасынан бастап Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласының жағалау аймағын қосу керектігі сөз болды. Бұдан басқа оған техниканы бекіту де тасқынға қарсы күресте қолға алынуы тиіс басты жұмыстың бірі. Нарын, Бақсай, Соколов, Сарыөзек каналдарының арықтарын тазарту да күн тәртібінен түспеуі керек.

-Көріп отырғаныңыздай, ел ағалары нақты, жүйелі ұсыныстар берді. Ал облыс басшысы жиын қорытындысымен, қала мен аудандардың әкімдеріне ұсыныстарды іске асыру бағытында нақты міндеттерді алға қойды, – дейді Ж.Бисембиев.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз