ҮЕҰ: жетістіктер мен кедергілер
Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын тиімді жүзеге асырудың жолдары. Салаға алғаш қадам басқан жас мамандар білуі тиіс талаптар. Мемлекеттік сатып алулар кезінде кезігетін кедергілер. ҮЕҰ жұмыстарына қатысты осы және өзге де негізгі мәселелер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының кестесіне сай, «Nur Otan» партиясының Атырау қалалық филиалы ұйымдастырған онлайн басқосу барысында кеңінен талқыланды.
Қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлердің бір тобы сала өкілдерімен zoom платформасында кездесіп, тақырыпқа қатысты түйткілдерді қозғады.
Мұстахим Мұхтаров, Бибігүл Шайхиева, Әнуар Батаев қатысқан жиында сөз алған аталған сала өкілдері өздері кезігетін түрлі кедергілер туралы айтты. Ұйым мүшелері әсіресе, тендер кезінде қызмет көрсетуде көп жағдайда ең төменгі баға ұсынған өзге аймақтың ұйымдары ұтып, жеңімпаз болып танылатынын айтты. Олардың қызмет сапасы төмен болып жатады. Бұл қадамның атыраулық ұйым жұмыстарына өз әсерін тигізетіні сөзсіз.
Онлайн кездесу барысында қатысушылар курстар мен тренингтерді жиі өткізуді де сұрады. Салаға жаңадан қадам басқандар ұйым құру, оны басқаруға қатысты заңдылықтарды біле бермейтіні жасырын емес. Жоғарыда аталған қадамдар осы олқылықтың орнын толтырары сөзсіз.
Кандидаттар «Nur Otan» партиясының бесжылдық бағдарламасын таныстырып, негізгі бағыттарға тоқталды. Сала өкілдерін қолдау бағытындағы партия жұмыстарының жалғасатынын жеткізіп, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын атады.
Өзі де бірнеше жыл осы салада табысты еңбек етіп келе жатқан Бибігүл Шайхиева – қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттың бірі.
— Бүгінгі басқосу барысында «Үкіметтік емес ұйымдар жұмысы мектеп кезінде, арнайы сынып сағаттары арқылы насихатталса» деген ұсыныс айтылды. Сонымен қатар, ұйым құрамына ерікті жастарды көптеп тарту мәселесі де қозғалды. Біз өз қызметін енді бастаған ҮЕҰ ұсыныстарын жинадық. Негізінен, жастар тренингтерді жиі ұйымдастыру, іс-шараларды өткізу, әлеуметтік желілермен жұмыс жасауды үйретуді сұрады – деді ол.
Айта кетейік, «Nur Otan» партиясы тарапынан ҮЕҰ қолдаудың бірнеше бағыттары қарастырылған. Сәтті жүзеге асырылып келе жатқан бастаманың бірі – үздік жобаларды қаржылай қолдау.
Кездесу барысында қатысушылар жастар орталығына қатысты мәселелерді де көтерді. Болашақта салынатын жастар нысандарының жобалары жас атыраулықтардың талқылауына ұсынылса деген өтініштерін де білдірді.
Нұрсая шағынауданында таяуда ашылған жастар орталығы – заманауи, көп мүмкіндіктерге жол ашатын нысан. Алайда, қала маңындағы елдімекендер тұрғындары шалғайлығы себепті, орталыққа жете алмайтыны анық. Осы мәселені де ескеруді өтінген атыраулықтар жемісті кездесу үшін алғыс білдірді.
Кандидаттар алдағы саяси науқанның мән-маңызын түсіндіріп, белсенді болуға, «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырды.
Гүлжан ӘМІРОВА
«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Атырау қаласының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді