Әуелей бер, Ақ Жайықтың әуені
Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы мемлекеттік филармониясы қай кезеңде де өлкеміз үшін қадірлі өнер ордаларының бірі де бірегейі болып келеді. Қашан да ел тарихымен терең тамырласып, халық тағдырымен біте қайнасып, уақытпен бірге жаңарып-жаңғырып, түлеп келе жатқан іргелі ұжым бүгін кезекті 50-ші маусымның шымылдығын ашқалы отыр.
Тарихқа үңілсек, 1966 жылы Гурьев облыстық атқару комитетінің арнаулы шешімімен өлке тарихында тұңғыш рет филармония ұжымы дүниеге келген еді. «Қазақконцерт» гастрольдік-концерттік бірлестігінің өлкеміздегі бөлімшесі ретінде құрылған ұжымның алғашқы басшысы болып Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Ғинаят Үмбетов ағамыз тағайындалды.
Ұжымға жиналған өнерпаздар алғашқы күннен-ақ өз тыңдаушыларын бірден баурап алды. Әнші-композитор Хаттар Дүйсемәлиев, тума талант Тельман Мұсағалиев, дәстүрлі әннің шебері Тілеужан Мұсағалиев, көркемсөз оқудың шебері, концерт жүргізуші Қайыржан Махмұтов, әншілер Қалихан Мәукенов, Асқар Харесов, Ұлмекен Қарағұлова, Сәния Молдашева сынды өнерпаздар еңбекшілердің сағына күтетін қонақтарына айналды. «Мы из Каспия», «Атырау-Жайық», «Шалқиды ән», «ХХ ғасыр ырғақтары», «Эстрадалық цирктік топ» сияқты өнер ұжымдары облысымыз түгілі республиканы аралап, Атырау алқабының өнерін паш етті. Сәл кейін ұжымға Мекес Төрешов, Елемес Мағазов сынды дәстүрлі әннің айтулы шеберлері келіп қосылды. Мұхит бабамыздың ән мектебінің туын ұстаған Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі атағын иеленген Мекес ағамыз өлке тарихына есімін алтынмен жазып кетті. Ол қайталанбас талант еді. Ағайынды Үмбетовтер – эстрада жанрының шеберлері, ал күйшілер Қадыржан Түсіпқалиев, Құттыкерей Дүйсеев, Шәрипа Жәменовалар қара домбыраға тіл бітірген дүлдүлдер ретінде жадымызда сақтаулы.
Бүгінгі таңда филармония ұжымында Медет Қарамырза, Қуандық Нұғымаров, Шолпан Мұқашева, Ақмарал Машимова, Венера Машқалиева, Хамиль Сүйекбаев сынды әншілер легі жарқырай көрініп келеді. Әрине, шығармашылық пен өнердегі сәттілік, табыс атаулы біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Онымен адам өмірінің әртүрлі жағдайында, күтпеген сәттерінде қауышып жататыны да көпке мәлім. Бірақ, сол сәттілік дегеніміздің өзі кездейсоқтықтан, жоқтан пайда болмайды. Ол – бардың бүр жаруы, сайып келгенде, мына менің, сенің толып жатқан талғамдар мен талаптар тұрғысынан қарайтын қалың көрермен қауымның жүрекжарды алғысының ажарлы көрінісі.
Бүгінгі таңда филармония әншілерінің ішінде Медет Қарамырзаны өзгелерден бөлек атауға тиіспіз. Оның лирикаға толы тенор үні өз көрермендерін тапты деп айта аламыз. Көптің ықыласына бөлену, сезімтал да сергек жүректерді баурай білушілік, сұлулық пен сұрқайлықтың, жасандылық пен шынайылықтың парқы мен нарқын білетін жоғарғы деңгейдегі аудиторияның қол соққан қошеметіне ие болу – өнер қуған әрбір жанның ең биік асыл арманы, о бастан діттеген мұрат-мақсаты. Мұндай сәттер өнер адамы үшін өміріндегі ең қасиетті де қымбатты минуттары болып мәңгі есте қалмақ.
Қазір қай жағынан алсақ та, жұртшылық талғампаз, сыншыл. Не нәрсені болмасын, ой мен өренің безбеніне салып, ешкімнің ықпалынсыз, көзқарасынсыз, идеясынсыз басқаның емес, өзінің ғана еркін екшеу-құлашымен қарайды. Сондықтан болса керек, өмірдің өзі күн санап жаңғыру үстінде. «Керемет» деген сөзге сыймай жататын бүгінгі табысымыз ертең тобығымыздан да аспай жатса, оған ешкім таңырқанып, таңданбайды. Өнер әлемінде де сол – күн сайын жаңалық үстіне жаңалық, қуанышты қуаныш кимелейді. Өлке тарихында тұңғыш рет үлкен эстрадалық оркестр құрылды, камералық оркестр құру жолында да табанды жұмыс жүргізілуде. Аты бар да заты жоқ үрмелі аспаптар оркестрі орасан зор еңбектің арқасында аяғынан қаз тұрып, келісті ұжымға айналып келеді. Жан-жақтағы көрші облыстардан би өнерінен де қалыс келе жатқанымызды сезініп, филармония басшылығы осы жанрды да қолға алып, тың серпілістер жасауда. Үлкен құрамдағы би ұжымы құрылып, ер балалармен толықты. Бұл да – өлкеміз үшін жаңалық. Соңғы концерттердегі жаңа серпілістерді, жарқын қуанышты жетістіктерді жиі-жиі тамашалау біз үшін де айрықша әсерлі.
Ханзада Сақыпова мен Назым Шаймарданова дуэті – өлкеміздің мақтанышы, жергілікті концерттердегі сағына күтетін өнерпаздарымыз. Нұрбек Мәдиев пен Берден Пыштыбаевтар жетекшілік ететін «Ара-Атырау» сатиралық театры, Гүлмира Қуанышбаева жетекшілік ететін қобызшылар квартеті, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров жетекшілік ететін «Нарын» ұлт аспаптар оркестрі, «Дарын» ер балалар хорын бүгінде филармония ұжымының айбарын асқақтатып тұрған өнерпаздар деп танимыз.
Филармония басшылығының болашақта ескерер тұстары да бар. Эстрада жанры соңғы кезде күрделене түсті. Ән, мәтін мазмұны, орындаушылық шеберлік секілді үш тоғысқа қойылатын талап та барған сайын қатал. Өйткені, бәрімізге мәлім, онсыз өнер өркендемейді. Антологиядан лайықты орын алған әндер ғана орындалғаны абзал. Соңғы мезгілде ешқандай мән-мағынасы жоқ мәтінге құралған, тыңдауға тұрмайтын әндер радио мен теледидар эфирін жаулап алды. Ән шығару дегенді мазаққа айналдырып болдық. Кез келген «әу» деп ән айта бастағанның өз әндері бар, тіпті сөзін де өзі жазады. Ондай әндерден филармония сахнасын қолдан келгенше қорғауымыз керек. Ілия Жақановтың сұлу сазды әуендерін, Қалидолла Ізекенов, Мұхиден Ғаббасов, Болат Қоқаманов, Қайыржан Ихсанов, Абдолла Мұсағалиев, Өнербек Жанбала, Талапқали Зайнуллин сынды жергілікті халық мойындаған композиторларымызды ұмытпау – филармония жанындағы көркемдік кеңестің міндеті. «Жақсы әннің ғұмыры ұзақ болады, жақсы әннің қанаты болады. Ол қанатты сыйлайтын – әнші. Ал, әншінің өзі сол қанаттармен бірге ұшып жүреді екен» делінген бір аңызда. Рас болар тегі… Олай болса, жақсы әншіге репертуар таңдауда қатаң басшылық керек. Талант пен табандылық біріне-бірі серік бола білсе, абырой биігі әншінікі, үміт-сенімі де, абзал парыз да ақталады.
Облыстық филармония бүгінгі таңда республика көлемінде басқа облыстарды аралап өнер көрсетуде, шет елдердегі сапарларымен дараланып отырғанын баса айтуға міндеттіміз. Тек биылдың өзінде Орал, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Шымкент, Алматы, Астана, Астрахан қалаларын аралап, өлкеміздің ән-күй шеберлігін көпке паш етті. Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр, Үндістан, Катар елдерінде ыстық ықылас пен шынайы қошеметке ие болды. Бүгінде филармония өз қатарына өлкеміздегі ең іргелі ұжымдар мен жеке өнерпаздарды толықтай біріктіріп отыр. Сондықтан да болар, филармония өнерпаздарынсыз бірде-бір мерекелік шара өтпейді.
Ал, 2007 жылдың маусым айынан бері осы ұжымға басшылық жасап, өрге сүйреп келе жатқан белгілі ел азаматы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстан Республикасы мәдениет ісінің үздігі Ғаділ Зайденұлы Дүйсенғалиевтің филармонияның бүгінгі табысындағы еңбегі ұшан-теңіз. Үлкен музыкант, барлық аспаптарда ойнайтын белгілі шебер, өз ісінің фанаты ретінде үлкен құрметке әбден лайық жан. Сонау 70-ші жылдары өлкеміздегі алғашқы эстрадалық жанрдың қарлығашы атанған «Қызғалдақтар» ансамблінің жетекшілігінен басталған музыка әлеміне сапар бүгінде филармония басшылығына алып келді. Бұрынғы басшылардан ерекшеленетін қасиеті де осында. Музыка жанрын терең түсінетін маман әрбір шығарманың, әрбір әннің дүниеге келуіне тікелей араласып, оны өз туындысындай жан дүниесімен сараптан өткізіп отырады. Ғадекең секілді мамандарға құрмет те көбірек болуға тиісті деп санаймыз. Туған жер топырағына тұяғы тайғанамай, табан ізі айқын түскен азаматтардың ары таза, айдыны ашық, олар заманының желінен де, дауылынан да, мың құбылған саясатынан да сағы сынып сарғайып, ықтап қалмайды.
Ер жігіттің жасына келген келелі ұжымның 50-ші маусымашар концерті алдында «Әуелей бер, Ақжайықтан ұшқан ән!» демекпіз…
Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.