
ҰБТ: Ережеге сәйкес келмесе, нәтижесі жойылады
Білім бәйгесінің басты кезеңі – Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі бөлігі өз мәресіне жетті. Сынақтың салмағын сезініп, сүрінбей өткен түлектердің иығынан бір ауыр жүк түскені анық. Енді олар үлкен өмірге сенімді қадам жасай бастайды.
Грантқа үміткер көп
Талапкерлер үшін негізгі тестілеу кезеңі мемлекеттік білім грантын жеңіп алудың басты мүмкіндігі болды. Бұл жыл бойы дайындықтың нәтижесін көрсететін шешуші сәт еді. Ал ақылы негізде оқуды жоспарлағандар үшін тестілеу тамыз айында жалғасады.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірасылов биыл ҰБТ форматына айтарлықтай өзгеріс енгізілмегенін атап өтті. Шекті балдар да бұрынғысынша қалған. Мәселен, «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттары үшін ең кемінде – 75, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» мамандықтарына – 70 балл қажет екен. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – 65 балл, ал басқа ЖОО-ларға – 50 балл жинау жеткілікті.
Осы жылғы негізгі ҰБТ-ға биыл мектеп бітіретін түлектермен қатар, колледж түлектері, алдыңғы жылы мектеп пен колледжді аяқтаған жастар, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары және қандастар да қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жоғары оқу орындарында шартты түрде оқып жатқан студенттерге де тест тапсыру құқығы берілген.
Болатбек Серікбайұлының айтуынша, мемлекеттік грант саны шектеулі болғанымен, талапкерлердің саны жылдан жылға артып келеді. Осыған байланысты тестілеуде шын білім мен дайындыққа негізделген әділ бәсеке қағидаты берік сақталып отыр.
Баршаға тең мүмкіндік
Ұлттық тестілеу орталығы ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің ҰБТ-ны барынша қолайлы әрі психологиялық тұрғыдан жайлы жағдайда тапсыруын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Бұл бағытта бірнеше маңызды қадамдар жүзеге асырылған.
Ең алдымен, мұндай талапкерлерге тестілеу кезінде қосымша 40 минут уақыт беру мүмкіндігі сақталыпты. Бұл – оларға тестті асықпай, өз қарқынымен орындауға мүмкіндік беретін маңызды қолдау. Сонымен қатар көру қабілеті нашарлаған талапкерлер үшін сызбалар мен диаграммаларсыз арнайы бейімделген сұрақтар әзірленген.
Тестілеу кезінде қажет болған жағдайда талапкерлерге пән мұғалімі емес, арнайы көмекшілер де ұсынылған екен. Осындай қолайлы жағдайлардың нәтижесінде кейінгі жылдары ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілердің ҰБТ-ға қатысу белсенділігі артып келеді. Мысалы, 2021 жылы мұндай талапкерлердің саны 90 болса, 2022 жылдан бастап олардың қатары жыл сайын 500-ден асып отыр.
Биыл елімізде бұл көрсеткіш 681 талапкерге жетті. Ал Атырау облысында ерекше қажеттіліктері бар 21 талапкер негізгі ҰБТ-ға қатысып, өз мүмкіндігін сынады.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған арнайы гранттық квота қарастырылған. Бұл олардың жоғары оқу орындарына тегін түсу мүмкіндігін айтарлықтай арттырды. Соңғы жылдары мұндай талапкерлердің грант иегері атануы жиі кездесіп жүр. Таңдаған мамандықтары да сан түрлі: педагогика, психология, әлеуметтік жұмыс, ақпараттық технологиялар, гуманитарлық бағыттағы білім салаларына деген қызығушылық ерекше байқалады.
Яғни, әр талапкерге, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар үміткерлерге де тең мүмкіндік пен әділ бәсеке қағидасы негізінде тестілеуге қатысу мүмкіндігі берілді.
Облыста 7495 түлек білімін сынады
Өңірде биылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Облыстық білім беру басқармасының өкілі Орынгүл Нысанбаева ҰБТ өткізуге толық жағдай жасалғанын және барлық жұмыс жоспарға сай өткенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл 7655 талапкер тест тапсыруға ниет білдіріп, 13 мыңнан астам өтініш қабылданған. Бұл талапкерлердің басым бөлігінің сынаққа екі рет қатысуға ниетті екенін көрсетеді.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, тестілеуге қатысушылардың көпшілігі қазақ тілін таңдаған. Сонымен қатар өңірдегі түлектердің шекті балл жинау көрсеткіші жоғары, бұл – олардың жүйелі дайындық пен нақты мақсатқа негізделген еңбегінің нәтижесі.
ҰБТ барысы арнайы техникалық және бейнебақылау жүйелерімен толық қамтылған. Дегенмен, сынақ барысында құқық бұзушылықтар да тіркеліпті. Облыс бойынша тестілеу басталғалы бері 17 ереже бұзу дерегі анықталып отыр. Ережеге сай мұндай жағдайда талапкерлердің тест нәтижелері жойылады.
Биылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін барлық тестілеу бейнежазбаларына қайтадан талдау жүргізіледі. Бұл – тестілеудің әділ әрі ашық өтуіне бағытталған нақты қадамдардың бірі.
131 ұпай жинаған Анель
Жоғары ұпай иегерлерінің қатарында Мақат ауданындағы Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің түлегі Анель Бағытжанқызы да бар. Ол Ұлттық бірыңғай тестілеуде 131 балл жинап, үлкен жетістікке жетті. Анель бұл межеге кездейсоқ жеткен жоқ – ол аталған сынаққа 11 ай бойы үздіксіз, жоспарлы түрде дайындалған.
Негізінен орыс сыныбында оқығанына қарамастан, тестілеуге қазақ тілінде дайындалып, барлық пәндерді мемлекеттік тілде тапсырған. Оның айтуынша, тест тапсыратын пәндердің оқулықтарын кемінде 5-6 рет қайталап оқып, қосымша оқу курсына қатысыпты. Осындай тыңғылықты дайындықтың арқасында тестілеу кезінде өз-өзіне сенімді болғанын жасырмайды.
Егер дайындық жақсы болса, ешқандай сынақ қорқынышты емес. Адам адал еңбегімен және білімге деген ұмтылыспен кез-келген мақсатқа жете алады,-дейді ол.
Анельдің таңдаған пәндері – ағылшын тілі мен дүние жүзі тарихы. Ал болашақта ол халықаралық қатынастар саласын меңгеріп, білікті дипломат болуды армандайды.
Данышпан Абай «Есті адамның қатарынан болғың келсе өз-өзіңе есеп бер» дейді. ҰБТ да адамның өз-өзіне есеп беріп, ішкі дайындық пен табандылығын таразылайтын маңызды уақыт болды. Осы жолда жинақталған мол тәжірибе әр түлекке алдағы күндерде адастырмайтын жолсерік болғай. Армандар орындалып, әр жас өз бағытын тауып, елге қызмет етер адамға айналуын тілейміз!
Атырау облысындағы ҰБТ көрсеткіші:
Негізгі тестілеуге қатысқан талапкерлер: 7 495
Тест тапсыру тілі:
Қазақ тілінде – 77%
Орыс тілінде – 23%
Ағылшын тілінде – 1 адам
Шекті балл жинағандар: 71%
Орташа балл (5 пән бойынша): 66
Ең жоғары нәтиже: 137 балл
Еркеназ ҚАЛИЖАН