«Уақыт» көлігі
«Уақыт» машинасы бар! ЕХРО қалашығындағы №2 тақырыптық павильонда 2029 жылға саяхатқа апаратын «уақыт» көлігі орналасқан.
«Уақыт» машинасы арқылы 2029 жылға сапар кешу арқылы жер бетіндегі өмірдің әрі қарай өрбуінің бірнеше нұсқасына куә боласыз. Ғаламның күйреуі немесе оның құтқарылуы. «Болашаққа қай жолмен баратынымызды Жер шарының тұрғындары, яғни, өзіміз таңдауымыз керек» деген идеяға құрылған жоба қоршаған ортаны экологиялық тұрғыда қорғауға шақырады.
Павильонның ерекшелігі сол, мұнда қойылған барлық экспонаттар болашақ туралы терең ойға батырады. Мұнда жер астындағы мұнайдың – 52, табиғи газдың 61 жылға, аллюминийдің – 70, ал, көмірдің 110 жылға ғана жетерліктей қорының қалғанына тікелей куәсі бола аласыз.
Павильон ішімен ары қарай жүрсеңіз, қарапайым тұрмыстық бұйымдарды қолданудың экологияға тигізетін зияны туралы естисіздер. Бір-ақ мысал, қарапайым ғана шаңсорғыштың 10 минуттық жұмысы барысында атмосфераға 424 грамм көмірқышқыл газы шығарылады екен.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА