«Қашаған – Қазақстан болашағының игілігі»

«ҚАШАҒАН – ҚАЗАҚСТАН БОЛАШАҒЫНЫҢ ИГІЛІГІ» Жаңалықтар

Мұнайлы аймаққа сапары барысында Мемлекет басшысы Салтанат сарайында өткен жиынға қатысты. Телекөпір арқылы облыста жүзеге асып жатқан төрт мұнай-газ жобасымен танысып, олардың жұмысына сәттілік тіледі.

%d2%9b%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b8%d0%b3%d1%96

Ең алдымен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.
%d2%9b%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b8%d0%b3%d1%96

Облыс басшысының мәлімдеуінше, Қазақстанның тә-уелсіздік алуы, сөйтіп, әлеуеті зор елдермен терезесі тең дәрежеде іскерлік қарым-қатынас, экономикалық байланыс орнатуы Атырау облысының да жедел қарқынмен дамуына үлкен септігін тигізді. Бұл көмірсутекті шикізатты өндіру көлемінің өсуі, құрылыс индустриясы мен өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа өндірістердің пайда болуы-нан айқын көрініс тауып келеді.

– Елдің дамуына, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын көтеруге бағытталған Сіздің, Нұрсұлтан Әбішұлы, сарабдал саясатыңызды атыраулықтар да қолдайды. Сіздің бастамаңызбен іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар Атырау облысында да жарасымды жалғасын тауып, өзінің оң нәтижелерін көрсетуде. Атап айтқанда, 1993 жылы 600 миллион теңгені құраған жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы жылдың қорытындысы бойынша 4 триллион 473 миллиард теңгеге жетпек. Яғни, жан басына шаққанда 1400 теңгеден 7 миллион 421 теңгеге жетіп отыр.

Тәуелсіздік алған жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 3 миллион теңге болса,  биыл 4 триллион 270 миллион теңгеге жетті. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 1991 жылы үш миллион теңге еді, ал, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1 триллион 646,2 миллиард теңге болып отыр.

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыста жалпы құны үш триллион теңгені құрайтын 54 жоба іске асып жатыр.  Бұл 5615 жұмыс орнын ашуға септігін тигізді. Бірінші бесжылдықта 37 жоба құрылысы аяқталып, іске қосылды. Ал, екінші бесжылдық шеңберінде 17 жобаны іске қосу жоспарлануда, – деген аймақ басшысы Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандарды 70 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасына орай облыста нақты жұмыстар жасалып жатқанын, бұл бағыттағы субъектілер саны 2001 жылмен салыстырғанда 7,5 есеге артқанын айтты. Ал, аталған салада жұмыспен қамтылғандар саны  125 мың адамға жеткен. Бұл – облыстың  экономикалық белсенді халқының 40,8 пайызын құрап отыр. Яғни, соңғы он бес жылда алты есеге өсті.

2002 жылы атаулы әлеуметтік көмекті 69 мың 100 атыраулық алатын болса, қазіргі таңда 2600 ғана адамға бөлінеді екен. Бұл орайда, облыс әкімі көрсеткіш 27 есе азайғанын айтты.

%d2%9b%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b8%d0%b3%d1%96

– Біздің баса назар аударып отырғанымыз, – деді Нұрлан Асқарұлы, – балық шаруашылығын дамыту мәселелері. Сіздің шарбақтық шаруашылықты дамыту, балық шаруашылығына субсидия беру, қаржылық, әкімшілік қолдау көрсету жөніндегі тапсырмаларыңыз оң шешімін табады деген сенімдеміз. Айта кетсек, бекіре тұқымдас балықтардың санын көбейту мақсатында іске қосылған облыстағы екі бекіре өсіру зауыты жыл сайын Каспий теңізіне 7 миллионнан шабақ жіберіп отыр.

Бүгінгі таңда осы саладағы жаңа бағыт – облыста екі тауарлы балық өсіру жобасы – 2014 жылдың қыркүйек айында «Caspian Royal Fish» ЖШС тауарлы бекіре тұқымдас балығын өсіру және азықтық уылдырық алу бойынша балық өсіру кешені іске қосылған болатын.

Сонымен қатар, өткен жылдан бастап «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің «Атырау облысындағы Жайық өзенінде бекіре балығын өсіру бойынша шарбақтық шаруашылығы құрылысы» жобасы іске аса бастады. Құны 350 миллион теңге болатын жобаның алғашқы кезеңі 2016-2018 жылдары жүзеге асып, 60 тонна бекіре балығын өсіру және 1 тонна уылдырық шығаруды көздеп отыр. Ал, бір жылға созылатын келесі кезеңде өндіріс иелері 200 тоннаға дейін бекіре балығын алу және 5,7 тоннаға азықтық уылдырықты шығаруды мақсат етіп қоюда.

Аймақ басшысы тұрғын үй құрылысында да қарқынды даму бар екендігіне тоқталды. Бұл бағытта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы және инженерлік-инфрақұрылым жүйесін тартуға арнайы қор мен ұлттық қордан қаражат бөлініп, жұмыстар жүріп жатыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда (1991 жылы  163 мың шаршы метр – ред.) тұрғын үй салу көрсеткіші 3,5 есеге өсті. Оның ішінде  ерекше атап кетерлік жайт, жеке тұрғын үй салу 14 есеге артты. Бұл халықтың тұрмыс-жағдайының едәуір түзелгендігін аңғартады.

%d2%9b%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%88%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b8%d0%b3%d1%96

Облыс тұрғындарын таза ауыз сумен, елді мекендерді табиғи газбен  қамту бағытында қабылданған бағдарламалар аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан облыс басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасына Астрахан–Атырау–Ақтөбе тасжолын күрделі жөндеу жұмыстарын енгізуді тапсырған Мемлекет басшысына мұнайлы өлке тұрғындарының атынан алғысын білдірді.

– Жылдар бойы шешілмей келген мәселе – Ақтөбе–Атырау–Астрахан тасжолы Сіздің тікелей араласып, қолдауыңызбен «Нұрлы жол» бағдарламасына еніп,  жүзеге асқалы отыр. Бұл осы жаңалықты аңсап күткен атыраулықтардың шексіз ризашылық сезімін туғызуда. Аталған жоба жүзеге асқанда,  өңірлеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, әсіресе, шағын және орта бизнестің өркендеуіне оң әсерін тигізетін болады. Биыл Атырау–Ақтөбе бағытындағы жолға қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Ал, Атырау–Астрахан бағытын қайта жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың мамыр айында бастап, 2019 жылы толықтай аяқтау көзделуде, – деді облыс әкімі.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, жалпы ұзындығы – 893, облыс аумағынан өтетіні 552 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Ақтөбе–Атырау–Астрахан РФ шекарасы» автомобиль жолының 432 шақырымы қанағаттанарлықсыз күйде, асфальт жабындысы толықтай тозған, жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуде. Жобалық-сметалық құжаттарының жасақталуына тиісті қаражат бөлінген.

Әлеуметтік салаға да тоқталған облыс басшысы тәуелсіздік жылдарында облыста білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорттық нысандар бой көтеріп, күрделі жөндеуден өткенін айтты. Соның нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерге мектепке дейінгі тәрбие беру 85 пайызды құраса, биылғы оқу жылында оқушыларды ыстық тамақпен қамту жолға қойылып, қазіргі таңда 1-4 сыныптың 51 222 оқушысы және аз қамтылған барлық отбасы балалары, жалпы алғанда 57 мың мың бала тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.

Ғасыр  жобасы – Қазақстан  мақтанышы

Бұдан кейін сөз алған ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ағымдағы жылдың 1 қарашасында Қашағандағы мұнай өндіру көлемі тәулігіне 75 мың баррельден асып, коммерциялық деңгейге шыққанын, қазіргі уақытта мұнай өндіру көлемін ұлғайту мақсатында тәулігіне 180 мың баррель деңгейін тұрақтандыру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

– Тәуелсіздік жылдары елімізде мұнай-газ саласы қарқынды дамығаны сөзсіз. Елімізге бірнеше ірі халықаралық мұнай компаниялары келіп, кең көлемдегі инвестициялар құйылды. Мұнай мен газдың экспорттық бағыттары кеңейіп, осы салада тәуелсіз саясат құрылды. Мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 1991 жылы 25 миллион тонна болса, осыдан екі жыл бұрын 80 миллион тоннаға дейін жетті. Қазақстанның дамуына 265 миллиард АҚШ доллары инвестиция ретінде тартылса, оның ішінде, мұнай-газ саласына тиесілісі – 200 миллиард доллар. Инвестицияларды тарту бойынша жұмыстар жалғаса бермек, – деді министр.

Бүгінде жұмысына қызу кіріскен алып кеніш  – Қашаған  мұнай және газ кен орны қазақ мұнайына деген әлемдік бәсекелестікті арттырып, облысымызды айтпағанның өзінде, ел экономикасының өркендеуіне ерекше серпін беретіні анық.

Министр өз сөзінде Қашаған кенішін игерудің қазіргі жағдайына тоқталып, ағымдағы жылдың соңына дейін 1 миллион тонна мұнай мен 680 миллион текше метр газ алу көзделіп отырғанын хабарлады.

– Келер жылы 8,9 миллион тонна мұнай мен 5,6 миллиард текше метр газ өндіру жоспарланған. Одан кейінгі жылдары мұнай өндірісін 13 миллион тоннаға және газ өндірісін 9 миллиард текше метрге дейін көбейту жоспарда бар, – деп баяндады Энергетика министрі.

Елбасының Атырауға сапарының басты мақсаты Қашаған кен орнының ресми ашылу шарасына қатысу болатын. Телекөпір арқылы қосылған бейнесюжетте айдын төсіндегі «D» жасанды аралындағы теңіз операцияларын жүзеге асыратын өндірістік нысандардың үлкен мүмкіндігі көрсетілді.

Тікелей желі арқылы байланысқа шыққан қондырғы операторы Ғалым Үмбетқалиев жасанды аралдың қазіргі жағдайы туралы баяндады.

Қашағанды игерудің нәтижесінде әлемдік стандарттарға сай келетін отандық теңіз сервистік инфрақұрылымы, атап айтсақ, «Ерсай»  және «Каспиан Оффшор Марин Констракшн» ауыр тонналы металл құрастырылымын шығару бойынша зауыттар және Баутин портында кеме жөндейтін нысан салынды. Сонымен қатар, аталған портта теңіз операцияларын қолдау, мұнай төгілуіне ден қою базалары және өзге де объектілер құрылды.

ҚР Энергетика министрлігі берген мәліметке сәйкес, тәжірибе алмасу мақсатында 70-ке жуық бірлескен компаниялармен әріптестік орнатылған.

– Қазіргі кезде Қашаған жобасында Қазақстан иелігіндегі үлесі 50 пайыздан астам 274 компания жұмыс жасайды. Жүз сексеннен аса қазақстандық компания оқудан өтіп, халықаралық стандарттар бойынша сертификатталды.

Әлеуметтік жауапкершілік аясында консорциум Маңғыстау және Атырау облыстарының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына 500 миллион АҚШ долларынан астам қаражат бөлді, – деді Ғалым Үмбетқалиев.

 

«Болашақтың» болашағы зор

Келесі байланысқа шыққан «Болашақ» зауыты болды. Атырау қаласынан шығысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан зауыттың жалпы аумағы – 350 гектар. Зауытта тауарлық сападағы мұнайды, газ бен күкіртті дайындау жүзеге асырылады. Нысан құрылысы кезінде 530 мың темір бетон бұйымы, 60 мың темір құрылымдары, 350 мың шаршы метр оқшаулағыш материал қолданылды. Құрылыстың шарықтау шегінде 24 мыңнан астам жұмысшы тартылған болатын.

Құрлықтағы мұнай, газ, күкірт қондырғысы алаңының басшысы Бейімбет Сабыров Елбасының зауытқа «Болашақ» атауын бергенін ұжым мақтан ететінін жеткізді.

– Зауытта көмірсутегілер тауарлық қалыпқа дейін өңделеді. Ағымдағы жылдың 14 қазанында мұнайдың алғашқы партиясын экспортқа жөнелттік. Бүгінгі таңда 600 мың тоннадан астам мұнай, 400 миллион текше метр тауарлы газ өндірілді. Осындай табысқа, Қашаған кен орнын игеру жұмыстарының орындалуына, Нұлсұлтан Әбішұлы, Сіздің ерекше көңіл бөлуіңіздің арқасында жетіп отырмыз. Бізге деген қолдауыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деді алаң басшысы.

– Мен бұл екі жерде де болғанмын. Жұмыс қалай жүретінін көрдім. Осы қуанышты дүние жүзіне жариялау, сіздерді құттықтау үшін арнайы келіп отырмын. Табысты болыңыздар!  – деп Елбасы кен орны мен зауыт жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мұнай Қытайға да тасымалданады

Үшінші болып байланысқа «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 663 шақырымдағы мұнай айдау стансасы қосылды. Бұл нысанды жаңғырту – мұнайды қарсы бағыттағы  Қытай Халық Республикасына жеткізіп тұруға мүмкіндік береді.

«ҚазТрансОйл» АҚ магистральды мұнай құбырлары бойынша еліміздің ұлттық операторы болып табылады. Компания ішкі нарыққа және экспортқа мұнай тасымалдау бойынша қызметтер көрсетеді. Айта кетсек, аталмыш акционерлік қоғам Қашаған кен орнында өндірілген мұнайды «Атырау–Самара» мұнай құбыры және «Қазақстан–Қытай» құбырлар желісі арқылы тасымалдайтын болады.

– Стансадағы құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылу салтанаты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгені – бүкіл қазақстандықтар үшін қуанышты жағдай. Себебі, қайта құрудан өткен станса болашақта басқа шикізат жөнелтушілермен қатар, Қашаған кен орнының мұнайын Қытайға тасымалдауға жол ашады.

Құрметті Елбасы! Сіздің Қытайға тасымалданатын «қара алтын» көлемін жылына 20 миллион тоннаға дейін жеткізу туралы тапсырмаңыз орындалуда. Кешенді шаралардың алғашқы кезеңі аяқталды. Оған аталмыш станса айқын дәлел, – деді компанияның Батыс филиалының директоры Жеңісбек Лұқпанов.

Елбасы компания жұмысына табыс тілеп, ауа райының қиындығымен санаспай еңбек етіп жатқан жұмысшыларға ризашылығын білдіріп, бұл ел егемендігінің 25 жылдығына жасалған үлкен сый деп бағалады.

«Каспий құбыр консорциумы» – магистральды мұнай құбырларының құрылысын жүргізу және пайдалануға беру үшін құрылған, Қазақстан мен Ресейдің және әлемдегі белді  мұнай компанияларының қатысуымен жүзеге асырылатын халықаралық мұнай тасымалдаушы жоба.

– 2001 жылдан бері «Каспий құбыр консорциумы» 500 миллион тонна мұнайды тасымалдады. Бүгінгі күні Қашаған мұнайын  қабылдау үшін консорциумның кеңейту жобасы аясында мұнай құбырлары кеңейтілді. Келесі жылы жылдық қуатын 67 миллион тоннаға жеткізу көзделуде, –  деді компанияның жұмысы туралы баяндаған аймақтық менеджер Сәрсембай Мұрынов.

Мемлекет басшысы игі бастамамен компанияны құттықтап, консорциумды салу үшін алты жыл жұмыстанғанын жеткізді.

– Ол кезде Қашаған жоқ болатын. Қазір, міне, Қашағанның  мұнайын осы құбыр арқылы шығаруға мүмкіндік бар. Өте жауапты жұмысты атқарып отырсыздар. Денсаулықтарыңыз мықты болсын, – деді Елбасы.

Жиын барысында Қазақстанды сенімді серіктес ретінде таңдаған халықаралық мұнай компанияларының басшылары, қашағандық консорциумның мүшелері Бэн ван Берден мен Дарэн Вудс және мұнай саласының ардагері Ұзақбай Қарабалин сөз алды.

Кешегі күн ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалары хақ. Жиында Елбасы Солтүстік-Каспий жобасы тиімді халықаралық ынтымақтастық пен ашық әріптестіктің жарқын мысалы болып табылатынына ерекше тоқталды.

– Тәуелсіздік жылдары еліміз әлемдегі мұнайдың ең ірі қоры бар он екі мемлекеттің қатарына кірді. Ал, бүгін бас қосып отырғанымыздың себебі – Қашаған кен орнының ашылуы. Бұл жоба соңғы елу жылдағы дүниежүзілік энергетиканың ең елеулі оқиғасы болып отыр.  Оның қоры   5,5 миллиард тоннаға дейін мұнай және үш триллион текше метр газға бағалануда. Қашаған қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруда ірі жобалардың бірі болып табылады. Егер біз осы күрделі, үлкен қаражатты талап ететін кен орнына дүние жүзінің ірі компанияларын жинамасақ, олардың қаражатын салмасақ, технологиясын әкелмесек, мұндай мұнай қорын игере  алмас едік.

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамппен сөйлескенімде «Қазақстанда ғажап оқиға жасадыңыздар» деген баға берді. Мұнайшылар біздің  Қашағанның іске қосылғаны жайлы айтқан болуы керек. Демек, біздің еңбегіміз жанады. Қашағанды игеру – тарихтағы зор жеңіс. Баршаңызды кен орнының іске қосылуымен құттықтаймын, – деп атап айтты Президент.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған ауқымды шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атыраулықтардың егемендікке қосқан үлесі зор екендігін бөле-жара атады.

– Бұл – мұнайлы, газды өлке. Соның арқасында тәуелсіздіктің, экономикамыздың нығаюына бірден-бір атсалысқан аймақ болып саналады. Атыраудың қандай өлке екенін мен жақсы білемін. Қырық жыл бұрын қандай болды, ал, қазір ше? Осы Атырау сияқты еліміздің барлық өңірлері қарқынды дамып келе жатыр, – деп, Президент аймақ әкімінің баяндамасында аталған көрсеткіштерге оң бағасын берді.

 

Адал еңбек ескерусіз қалмайды

Ресми жиын соңы марапаттарға ұласып, еліміздің мұнай-газ саласына еңбегі сіңген бірқатар азаматтар Елбасының құрметіне ие болды.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Мемлекет басшысы III дәрежелі «Барыс» орденімен  «PSA» ЖШС-нің  бас директоры Кенжебек Ыбырашевты, «Парасат» орденімен «Норт Каспиан Оперэйтинг Компани Н.В.» компаниясының басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаевты, II дәрежелі «Достық» орденімен «Норт Каспиан Оперэйтинг Компани Н.В.» компаниясының басқарушы директоры Жардэн Бруно Жан Сесильді және «Эксон Мобил Қазақстан Инк» компаниясының коммерциялық директоры Пол Кляйненді марапаттады.

«Құрмет» ордені «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев, «Норт Каспиан Оперэйтинг Компани Н.В.» компаниясының корпоративтік қызмет бойынша директоры Балтабай Қуанышев,  «PSA» ЖШС-нің Солтүстік Каспий жобасы бойынша бас менеджері Нұрлан Серікке табысталды.

III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «Ембімұнайгаз» АҚ «Доссормұнайгаз» басқармасы №2 Қарсақ мұнай және газ өндіру цехының шебері Қарлыға Алтынәлиева және осы кен орнының операторы Жақсыкерей Құбашев және «Теңізшевройл» ЖШС операторы Талғат Мусин марапатталды.

Ал, «Ерен еңбегі үшін» медалі «Норт Каспиан Оперэйтинг Компани Н.В.» компаниясының құрлықта орналасқан өндірістік бөлімнің басқарушысы Нұраш Әжіғалиевтің, өндірістік операциялар бойынша директор Ван Дайк Аарттың, департамент директорлары Ван Русмален Себастиан Леонның, Руйу Жанкарлоның және «PSA» ЖШС-нің жобаларды дамыту жөніндегі басшы менеджері Сұлтан Тікенбаевтың кеуделеріне тағылды.

Елбасы бұдан кейін халықаралық мұнай-газ компанияларының басшыларымен кездесті.

«ExxonMobil» компаниясының президенті Д.Вудс, «Total E&P» компаниясының президенті Арно Брейяк, «Royal Dutch Shell» компаниясының бас атқарушы директоры Бэн ван Берден және «Eni» компаниясының барлау және өндіру жөніндегі бас директоры А.Велла қатысқан кездесуде Қазақстанның мұнай-газ саласындағы әріптестікті дамыту жайы  талқыланды.

Мемлекет басшысы барлық мәселелерді, соның ішінде, экологиялық түйткілдерді шешу үшін бірлесе күш жұмсаудың маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан Үкіметі мен шетелдік инвесторлар кеңесі ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге қатысты барлық мәселені қарастыруға дайын»  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«ExxonMobil», «Total E&P», «Royal Dutch Shell» және «Eni» компанияларының басшылары республикамызда қолайлы инвестициялық жағдай жасалғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Тәуелсіздігіміздің мерейтойының құрметіне орай мұнай құйылған символдық сауыт, сондай-ақ, 25 мың тал голланд қызғалдағына арналған сертификат табыс етті.

Соңында Мемлекет басшысы бірлескен жобаларды жүзеге асырушыларға табыс тілеп, өзара тиімді ынтымақтастықтың жалғаса беретініне сенім білдірді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз