Түзету мекемесінде «Ал, қане, қыздар!» сайысы өтті
Бүгінде әйелдер мен қыздардың көптеген салаларда жемісті еңбек етіп келе жатқандығына куәміз.
Мұның бір айғағы, Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты, УГ-157/11 түзету мекемесінің ұйымдастыруымен нәзік жанды қызметкерлер арасында «Ал, қане, қыздар!» атты спорттық-интеллектуалдық сайысы кезінде көз жеткіздік.
Қызметкерлерге көктемгі көңіл-күй сыйлап, белсенділікке, жылдамдыққа, сенімділікке, ұйымшылдыққа, тапқырлыққа жетелеуді мақсат тұтқан сайыс 7 кезеңнен тұрды.
Қатысушылар өздерін таныстырып, секіру, жүгіру секілді кедергілерден шапшаңдықпен өтіп, мақал–мәтелдердің, өлең шумақтарының жалғасын тауып тапқырлықтарын танытты. Сайыстың әділ бағасын беруге қалалық орта мектептердің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Кадимов Талғат, Рамазанов Жантас және полиция ардагері Даулеткалиев Ерлан қазылық етті.
Мекеменің орта және аға басшы құрамынан, қатардағы және кіші басшы құрамынан, ерікті жалдамалы қызметкерлерден құралған 3 топтың спортты сүйген қыз-келіншектер бір ауыздан ұйымшылдық білдіріп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметтің ауырлығына қарамай, өздерінің салауатты өмір салтын сақтай білетін білімді де, білікті мамандар екендерін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
Тартымды да тартысты сайыстың нәтижесінде бақылаушы қыздардан құралған «Әділет» тобы сайыс жеңімпазы атанса, аға басшы құрамының «Достық» тобы II-орынға, ерікті жалдамалы қызметкерлердің «Жалын» тобы III-орынға ие болды.
Сайыс соңында жеңіске жеткен қызметкерлерге жүлделі сыйлықтар, дипломдар табыс етілсе, жанкүйер болған қыз-келіншектерге мекеменің ер азаматтары гүл шоқтарын сыйлады.
Алмас ҚАБДОЛОВ