Жарнама
Жаңалықтар

Түзелуге бет бұрғандарға мүмкіндік

Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Рақымшылық жасау туралы» заң – қоғамда ізгілік пен әділеттілік қағидатын бекемдеу жолындағы маңызды қадам. Бұл заңның қабылдануы ел Конституциясының 30 жылдығына орайластырылып отыр. Рақымшылық – заң алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, түзелуге бет бұрған адамдарға берілген екінші мүмкіндік.

Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде бүгінгі таңда 300-ге жуық сотталған адам осы рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Олардың 12-сі толық босатылады деп жоспарлануда.

Заңда рақымшылық қолданылатын тұлғалардың нақты санаттары көрсетілген. Атап айтқанда:

Кәмелет жасына толмай қылмыс жасағандар;

50 жастан асқан әйелдер мен 60 жастан асқан ер адамдар;

І және ІІ топтағы мүгедектер;

Ардагерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар;

Жүкті әйелдер, жалғызбасты аналар және жалғызбасты әкелер.

Сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтар немесе онша ауыр емес қылмыс жасағандар, залал келтірмеген не оны толық өтеген, немесе азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар бойынша сотталған адамдар амнистияға ілігеді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік жағынан осал топтар – тұрмысы төмен, еңбекке жарамсыз, қамқорлықсыз қалған адамдар үшін де заң шеңберінде жеңілдіктер қарастырылған.

Алайда заң барлық сотталғандарға бірдей рақымшылық қолдануды көздемейді. Аса ауыр және қайталама қылмыс жасағандар, терроризм мен экстремизм әрекеттеріне қатысы барлар, сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандар, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері, сондай-ақ қамау орындарында қасақана құқықбұзушылық жасағандар рақымшылықтан тыс қалатын болады. Бұл – заңның әділдік қағидасын сақтауға бағытталған талабы.

Сотталған адамның амнистияға ілігуі үшін ең алдымен өзі өтініш білдіруі қажет. Осыдан соң құжаттары жинақталып, сотқа ұсыным жолданады. Сот әр істі жеке қарап, шешім шығарады. Сонымен қатар сотталған адамның рақымшылықтан бас тарту құқығы да бар.

Азамат ІЗТЕЛЕУОВ,

Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы,

әділет полковнигі

Сурет: Жоғарғы сот

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button