Тұтынушылар келтірілген шығынды талап ете алады: Атырауда энергия қауіпсіздігін күшейтуге арналған жиын өтті
«Аймақ басшысы энергия қауіпсіздігін күшейтуге арналған жиын өткізді» деп хабарлайды Atr. kz
Махамбет Досмұхамбетов электр қуаты бойынша тиісті сала мамандарына жұмыс талаптарын күшейтуді тапсырды.
Іс-шараға Атомдық және энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы Абай Шаңғытбаев, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, «КЕGОС» АҚ Батыс жүйеаралық тораптары Атырау облысы филиалының директоры Константин Чернохаев, «Атырау Жарық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегенов және өзге де аталған саланың басшылары қатысты.
«Апат айтып келмейтіні сөзсіз. Алайда, өңірде тіршілікпен қамту нысандарының үздіксіз және қалыпты жұмыс жасауы қажет. Осыған орай, аталған мәселе мүдделі органдардың үнемі бақылауында болуын тапсырамын.»,- деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Атомдық және энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы Абай Шаңғытбаев «тұтынушылар өздеріне келтірілген шығындардың орнын толтыруды талап етуге құқылы» екендігін мәлімдеді.
Айта кету керек, 10 қаңтар күні Атырау қаласының сол жақ жағалауы мен 6 ауданда электр қуаты ауа райына байланысты істен шыққан болатын.