Жарнама
ЖаңалықтарМедицинаСарапTime

ТҮТІНІ ЖОҚ ТЕМЕКІ немесе сананы улаған «СНЮС» туралы не білеміз?

Atr.kz/11 ақпан, 2020 жыл. Жуырда осы қауіпті тәуелділіктің алдын алу мақсатында Атырау қаласындағы №2 орта мектепте құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ұйымдастырған жиын барысында мамандар снюстің зияндылығы туралы баса айтып, оқушылардың одан аулақ болуын қатаң тапсырды. Әр ата-ананың балаларын қараусыз қалдырмай, оның қандай ортамен байланысы барын да бейжай қалдырмаудың маңыздылығы айтылды.

Жуырда қоғамды дүрліктірген «снюс» деп аталатын құрамында никотині бар тауардың ел аумағында сатылуына тыйым салынды. Ендігі уақытта заңсыз тауар айналымына жол берілмеуі қажет. Бұл ретте балалар мен жасөспірімдерге мұндай өнімнің зияндылығын айрықша айту маңызды. Сонымен, снюстің адам денсаулығы үшін қандай қауіптілігі бар? Жасөспірімдердің оны қолдануының себептері неде? Оған қалай тосқауыл қоямыз?

Журналистік зерделеуге ұсынылған осынау сауалдармен облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне хабарластық. Департамент басшысы Мейіржан Есімбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жастар мен жасөспірімдер арасында жаңа «сәнді» сигареталардың аналогы – шегілмейтін темекі «снюс» өнімі Қазақстанның көптеген өңірлерінде тарала бастаған.

— Бұл ауыз қуысында сору, шайнау немесе иіскеу жолымен пайдаланылады. Сыртқы түрімен, тұтыну тәсілімен, ингредиенттік құрамымен, уыттылық деңгейімен, дайындау технологиясымен, физиологиялық әсермен ерекшеленеді. «Снюс» өнімін әдетте темекі шегуге болмайтын орындарда никотиннің кезекті дозасын алу үшін пайдаланады. Оны өндірушілер шегілетін темекіге балама, яғни, аналогы ретінде ұсынады. Алайда, аналогы дегеніміз оның зиянсыз дегенді білдірмейтінін ұмытпау аса қажет» деді Мейіржан Атыбарұлы.

Мамандардың айтуынша, снюс өте қауіпті. Ол әдеттегі темекіден 7-10 есе улы. Снюске психикалық және физикалық тәуелділік әдеттегі темекі тәуелділігінен де жоғары, оны пайдаланудан бас тарту шылым шегуден арылудан әлдеқайда қиынырақ. Оны бір тұтынғаннан кейін пайдаланудан мүлдем бас тарту – арнайы мамандардың және оңалту курсының көмегінсіз мүмкін емес. Снюс пайдалану кезінде ауызда кемінде 30 минут қалады. Осы уақыт ішінде ағзаға никотин он есе көп түседі. Бұл – жас организм үшін аса қауіпті доза. Сондықтан, оны пайдалану – ұрпағымыздың болашағына шабылған балта екенін есте сақтаған жөн.

«Бүгінде күнделікті темекіні тұтынудың салдарынан қаншама дерттер пайда болуда. Жасыратыны жоқ, қатерлі ісік аурулары көбеюде. Оның басты себебі құрамында никотині бар өнімдерді тұтынудың кесірі деп айрықша айту керек. Бір ғана никотиннің құрамында адам саулығына зиянды екі мыңға тарта элемент бар. Бұл жазылмайтын қатерлі ауруларға душар етеді.

Сол секілді, снюсті пайдалану адамның сау жүйке жүйесін бұзады. Оны ұзақ уақыт тұтыну пародонтозға, тістің бұзылуына, ауыздан өткір иістің пайда болуына, тахикардияға, гипертонияға әкеліп соғады. Сонымен қатар, жасөспірімнің өсуін тежеп, жоғары агрессивтілік пен қозушылықты, зейіннің бұзылуын, онкологиялық ауруларды, ең алдымен асқазанның, бауырдың, ауыз қуысының дамуын тежеп, инфекциялық ауруларға төзімділіктің әлсіреуін туғызады. Мұны пайдаланған адам кейін есірткілердің түрлерін тұтынуға бейім болуы әбден мүмкін» дейді Атырау қалалық №3 емхананың дәрігер-наркологы Самғат Қаюпов.

Бұл ретте мамандар аталған өнімді пайдалануға тыйым салу жұмыстарын жүзеге асыруда балалар мен жасөспірімдерге білім беру және тәрбиелеу орындарының рөлі ерекше екенін алға тартады. Оның осынша зияндылығын ескере отырып, еліміздің бас санитариялық дәрігерінің нұсқауымен снюс және оның өнімдерін әкелуге, сатуға, сақтауға, тасымалдауға, пайдалануға тыйым салынған қаулы күшіне енді. Бұл ретте құзырлы орган өкілдерінің тексерісінен кейін облыс орталығындағы сауда орталықтары мұндай тауарларды сатылымнан алып тастады. Алайда, бүгінде бұйымды интернет арқылы сатып алуға қолжетімділік бар.

«Бала – біздің болашағымыз. Олардың денсаулығы мен біліміне білім беру ошақтары, әрине жауапты. Алайда, мұндай өнімдерді сатуға шектеу қойылса да, оны іздеген адам интернет желілері арқылы оңай қол жеткізе алады. Мен мұны арнайы тексеріп те көз жеткіздім. Тапсырыс берілген тауарды курьер үйге дейін де әкеліп берді. Сондай-ақ, дүкен сөрелерінде темекілер бір-екі даналап та сатылады. Денсаулыққа зиян түрлі энергетикалық сусындар мен карамельдер де бар.

Барлығы ашық, қолжетімді сатылуда. Жуырда энергетикалық карамельді көп мөлшерде пайдаланғанның салдарынан Атырау қаласында мектеп жасындағы баланың ауруханада ем алып шыққаны бар. Сондықтан, ұлт болашағын ойласақ, адам өміріне қауіпті саналатын осынау тауарлардың сатылуына қоғам болып тосқауыл қою қажет» дейді Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұргүл Масакаева.

Ал, Атырау қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы Асылбек Қуанышкереевтің айтуынша, снюс секілді бұйымдар елге контрабандалық жолмен келуі мүмкін. Өткен жылы тексеріс барысында кәмелетке толмағандарға қатысты азық-түлік дүкендерінде, сауда орындарында темекі бұйымын сатуда сегіз факті анықталып, олардың барлығының құжаттары жинақталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл деректер өткен жылдармен салыстырғанда артып отыр. Алдағы уақытта алдын алу іс-шаралары артып, қауіптілікке қарсы күрес жұмыстары жалғаса береді.

Бүгінде статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде күн сайын зиянды әдеттің салдарынан он мыңнан астам адам көз жұмады. Ал, еліміздегі халықтың 27 пайызынан астамы – темекі өнімдеріне тәуелді. Осының салдарынан жыл сайын 25 мың адам қайтыс болуда. Бір алаңдатарлығы, соңғы жылдары снюс өнімдерін қолдану кеңінен үрдіс алуда. Ұлдарда алғашқы рет темекі шегу – 10-11, ал, қыздарда 13 жаста басталуда. Бұл өнімдерді қолданудың негізгі себептері неде?

«Ең алдымен, қызығушылық, ересектерге еліктеу, тап болған қиындықтардан тез құтылу, әртүрлі жарнамалар мен кино, бейнефильмдер де кері әсер етпей қоймайды. Снюсқа тәуелділік миға психоактивті заттың түсу жылдамдығына байланысты. Темекі шеккен кезде никотин бронх пен өкпеге бармай, бірден миға түседі. Мұндай тәуелділікті маманның көмегінсіз жеңу мүмкін емес.

Жалпы, снюс өнімі 1970 жылдан бастап сатылымға шығарылған. Алайда, 1992 жылдан бастап еуропалық Одақта, 2015 жылы Ресейде сатылуына тыйым салынса да, оны қолдану әлі де шектелмеген» дейді Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Ернар Әбілхайыров.

P.S.

Бір данасының өзі үш қорап темекіге пара-пар болатын бұл өнімнің адам денсаулығына зияндылығының қандай екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Демек, обыр кеселі немесе басқа да түрлі дауасыз дертті туғызатын снюстан сақтанудың аса қажеттігін әрбір ұрпаққа ұғындыру кезек күттірмейтін мәселе екенін ұмытпасақ игі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/bez-rubriki/%d3%a9zge-%d2%b1lt-%d3%a9kili-sizdi%d2%a3-tilde-s%d3%a9jlep-t%d2%b1rsa-%d2%9bandaj-sezimde-bolar-edi%d2%a3iz/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button