
Түтін иісі қалаға жетті: «Ақжайықтағы» өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда
Атырау қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында орын алған қамыс өртін сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Алдын ала есеп бойынша, от шарпыған аумақ — шамамен 600 гектар. Оның 300 гектарында өрт өздігінен сөнсе, қалған бөлігінде қызыл жалынды сөндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Алайда батпақты және ойлы-қырлы жер бедері өрт сөндіру техникаларының кедергісіз кіруіне мүмкіндік бермей отыр.
Жағдайды бақылау және өрт ошақтарын дәл анықтау мақсатында сағат 16:50-де республика Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы жұмылдырылып, 18:00-ге дейін төрт мәрте әуеден су шашу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жалпы көлемі 12 тонна су төгілді. Аэровизуалды бақылау арқылы жалынның ашық ошақтары анықталып, өрттің таралуын шектеу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Желдің қала жаққа бағытталуына байланысты Атырау тұрғындары түтін иісін сезіп отыр. Дегенмен мамандардың мәліметінше, елді мекендерге нақты қауіп төніп тұрған жоқ.
Қамыс өртін сөндіруге барлығы 82 адам мен 17 техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 50 қызметкер мен 10 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының тарапынан 27 адам, 6 техника және бір жүзу құралы, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның бес адамнан тұратын тікұшақ экипажы төтенше жағдай аумағында жұмыс істеп жатыр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА