”Түркістан — түркі әлемінің рухани орталығы”
Осындай тақырыпта Атырауда роуд-шоу өтті. Іс-шараның шымылдығы тақырыппен үндес бейнебаянмен ашылды. Бірінші кезекте Түркістанның туристік әлеуеті таныстырылды.
Бұл жөніндегі әңгіменің тиегін Түркістан облысы туризм басқармасы туризмді дамыту және туристік жобаларды іске асыру бөлімінің басшысы Ботагөз Мәуленова ағытты. Келесі кезекте “Керек Сарай” көпсалалы кешенінің ерекшеліктері туралы сату және маркетинг бөлімінің жетекшісі Халмет Мақсат баяндады. “Сарыағаш – денсаулыққа жетелер жол” тақырыбында емдеу-сауықтыру кешенінің директоры Ержан Мықтыбаев пен әріптесі Әшірбек Полатов тартымды да қызықты әңгіме қозғады.
-2023 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына келген туристердің саны 563 мың адамға жуықтады. Бұдан бөлек, өңірге бір күндік сапармен 1 миллионға тарта турист келді. Мұндағы әуе айлағының өткізу қабілеті сағатына — 450, ал жылына 3 миллион жолаушыны құрайды. Бүгінде Түркістан халықаралық қатынастардың маңызды орталығына айналуда. Түркістанның көлік-логистикалық хаб ретіндегі стратегиялық маңызы зор. Сонымен қатар, Түркістан экологиялық туризмнің теңдесі жоқ аймағы саналады. Атақты “Ақсу-Жабағылы”, “Қаратау” қорықтарын, “Сайрам-Өгем”, “Сырдария-Түркістан” табиғи парктерін, Сауран, Отырар қалашықтарын, тағы басқаларын осы тұрғыда атауға болады, – деді өз сөзінде Түркістан облыстық туризм басқармасының өкілі Ботагөз Айтмұхамедқызы.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет: vlast.kz