“Тұрғын үйге қаржы салмас бұрын құжатын тексеріп алыңыз”
Өңірде заң талаптарын сақтамай тұрғын үй құрылысын салып жатқан компаниялар бар. Оларға сеніп, алдын ала үлескер болып, қомақты қаржы салып, алданып қалған тұрғындар саны да аз емес. Келеңсіз жағдайға тап болған тұрғындар бірінші кезекте әділдік іздеп, заң орындарына шағымданатыны белгілі. Тақырып төңірегінде біз сұхбаттасқан Атырау облысы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Оралбек ХАМИТ түсіндіру жұмыстарына қарамастан тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудан зардап шегушілер қатары азаймай отырғанын айтты.
–Оралбек Орынбекұлы, облыста қанша тұрғын үй кешенінің құрылысы жүзеге асырылуда?
– Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлік нарығы шарықтап кетті. Сондықтан кейбір тұрғындар баспана мәселесін реттеу үшін тұрғын үй құрылысына үлескер болу мүмкіндігін қарастырады. Өкініштісі, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу нәтижесінде алаяқтарға алданып немесе тұрғын үй құрылыстары аяқсыз қалып, қаражаттарынан айырылып қалып жатқан адамдар бар.
Сондықтан, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Облыс прокуратурасы қадағалау аумағындағы тұрғын үй кешені құрылыстарына үлескерлердің қаражатын тарту және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде заңнама талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізуде.
Қазіргі уақытта облыс аумағында құрылысы жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған 80-ге жуық тұрғын үй кешені бар. Олардың ішінде тек 13 тұрғын үй кешені үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алған («Elorda Residence», «New Real Estate», «Бейбарыс СТГ», «Талан», «New City», «Direct Construction Servise», «SamalTown», «Park Avenue», «Brooklyn», «Алтын Заман», «ASYL PARK», «Каспиан парк», «Французский квартал»). Ал, 26 тұрғын үй кешенінің үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты жоқ болса, 31 тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасы келісілген, бірақ құрылыс жұмыстары басталмаған және 6 тұрғын үй кешені құрылыс салушыларға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталуына байланысты аяқтаусыз қалды. Олар «Ақмаржан», «Жібек жолы» «Байсанат», «Family town», «Qazanat», «Saraishyk» тұрғын үй кешендері.
–Тұрғын үй кешені құрылысына үлескерлер қаражатын тарту қандай жағдайда рұқсат етіледі және олар үшін жауаптылық көзделген бе?
– «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның 18-бабына сәйкес ТҮК құрылысына үлескерлердің ақшасын тарту жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде жүзеге асырылады.
«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның 7-бабына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бірыңғай оператордан кепілдік алу, екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады.
Тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты болмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабына сәйкес жауаптылық көзделген.
Бүгінгі күні ақпарат құралдарын мониторинг жасау арқылы («Korter.kz», «Krisha.kz», «Instagram») тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзғандар анықталды. Атап айтқанда, 15 тұрғын үй кешені құрылысын салушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Атырау облысының прокуратурасы үлескерлік құрылысқа қатысатын, оның ішінде жосықсыз құрылыс салушылармен алданған адамдардың құқықтарын белсенді қорғауда.
Қолданылған шаралармен «Жібек Жолы Инвест Групп» ЖШС және «Ақмаржан-Атырау» тұрғын үй құрылыс кооперативінің басшылары әшкереленді, олар 2,3 млрд. теңге шығын келтірді, алданған 271 азамат келісілген мерзімде баспанасыз қалған. Сонымен қатар, кейбір пәтерлер бір уақытта бірнеше адамға сатылған.
Ал, алаяқтар А.Юсупова мен Е.Сардарбеков ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (адамдар тобының аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) және 195-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен ірі мүлiктiк залал келтiру) бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үлескерлер қаражатын заңсыз тарту және заңсыз жарнама жариялау құқық бұзушылықтарын анықтау бағытында жұмыстар күн тәртібінен түспейді.
–Тұрғын үй кешені құрылысын жүзеге асыру үшін құрылыс салушылармен қандай рұқсат құжаттары болуы шарт және рұқсат құжаттары болмаған жағдайда қандай жауаптылық көзделген?
– Тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін алдымен қаланың Бас жоспарына сәйкес меншігінде жер учаскесінің болуы қажет және жер учаскесінің нысаналы мақсаты сәйкес болуы шарт.
Одан кейін, тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасы жергілікті атқарушы органмен келісіліп, сәулет-жоспарлау тапсырмасы беріледі және құрылыс жобасына сараптаманың оң қорытындысын алады.
Осы рәсімдерді өткеннен кейін Мемлекеттік сәулет-бақылау басқармасынан құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы талон-хабарлама алады.
Құрылыс саласындағы және үлескерлер қаражатын тартуға жергілікті атқарушы органмен берілетін рұқсат құжаттары болған жағдайда тұрғын үй кешені құрылысына үлескер ретінде қатысуға болады.
Аталған рұқсат құжаттары болмаған жағдайда құрылыс салушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 314, 316 және 463-баптарына сәйкес жауаптылық көзделген.
Прокурорлық қадағалау жұмыстары нәтижесінде рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан 9 тұрғын үй кешенінің құрылыс салушылары әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Рұқсат құжаттары жоқ тұрғын үй кешеніне үлестік қатысу алаяқтарға алданып қалу немесе құрылыс жұмыстарының аяқталмай қалу тәуекелі жоғары.
Сондықтан азаматтарға осы заң талаптарын түсіндіре отырып, пәтер сатып алу кезінде құрылыс салушылардан барлық рұқсат құжаттарын сұрату қажеттігін түсіндіреміз.
–Уақытыңызды бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рақмет.
Сұхбаттасқан
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА