Жарнама
Жаңалықтар

Тұрғын үй – әлеуметтік тұрақтылық негізі

Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында өңір халқының өмір сүру сапасын арттыру, тұрғын үймен қамту көрсеткішін жақсарту және инженерлік инфрақұрылымды дамыту басым бағыттар ретінде айқындалған. Бұл мақсаттарды іске асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден жалпы сомасы 160,0 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Аталған инвестициялар өңір экономикасын әртараптандырумен қатар, құрылыс саласының дамуына, жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне және азаматтардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді.

Кешенді жоспар аясында 2021-2025 жылдар аралығында 411 мың шаршы метр тұрғын үйді немесе 6730 пәтерді пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл – өңірдегі тұрғын үйге мұқтаж азаматтар, оның ішінде жас отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қолжетімді баспана мәселесін шешуге бағытталған нақты қадам.

Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысына арналған 19 мың жер теліміне ұзындығы 2000 км-ден асатын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (жол, су, электр, газ және кәріз жүйелері) тарту жоспарланған. Мұндай ауқымды инфрақұрылымдық жобалар құрылыс индустриясымен қатар, жергілікті шағын және орта бизнес субъектілерінің дамуына мультипликативті әсер етеді.

2025 жылы бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 26 шаршы метрге жеткізу мақсатында 3,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш тұрғын үй нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімін қамтамасыз етумен қатар, жылжымайтын мүлік секторының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Осы жоспарланған іс-шаралар Атырау облысы экономикасының құрылымында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық секторларының үлесін арттырып, ішкі жалпы өңірлік өнімнің өсуіне оң ықпал етеді. Сонымен бірге, бұл шаралар халықтың өмір сүру сапасын арттырып, урбанизация үдерісін тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Кешенді жоспардың табысты іске асуы – аймақтық экономиканың орнықты дамуының және әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі болмақ.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button