0 17 1

ОЙЫЛ-ҚИЫЛ-ЖЕМ-САҒЫЗ: Жүкті жұмыла көтерейік!

Жаңалықтар СарапTime Экология

Atr.kz/23 қазан, 2020 жыл. Газеттің өткен сандарында Ойыл өзенінің қазіргі экологиялық ахуалы жөнінде бірнеше мақала жарияланды. Өр суының тасыма­уы себепті жерасты суының ашып кетуі бірнеше шаруашылықтың жұмысына зиян келтіруде со­дан, жаппай балықтың қырылғаны да белгілі.

 «Бұлақ көрсең көзін аш»

Жуырда әлеуметтік желіде Ақтөбе облысының Байғанин ауданында бұлақ көздері аршылып, тіршілік көзінің сылдырай аққанына қуанған тұрғындардың бейнебаяны жарық көрді. Сұрастыра келсек, көнекөз қариялардың нұсқауымен, жергілікті Қабидолла есімді азаматтың ұйымдастыруымен жүзеге асқан игілікті іс екен. Бұлақ көздері ашылғанда, тұрғындардың өзен тасығандай қуануынан судың зардабын тартқаны көрініп-ақ тұр.

Әлбетте, көршіле с аудан үшін біз де қуаныштымыз. Ал, Байғаниндегі бұлақтың суы­нан өзеннің сағасындағы Қаракөл мен Қарабауға су келеді деп топшылауға бола ма? Алдағы жылға болжамдар қандай? Өзен суының аз келу циклі (ма­ловодный цикл) қанша жылға созылуы мүмкін? 20 метр тереңдіктен қазылған құдықтың суы неге ащы? Шаруаға тығырықтан шығар жол қандай?

Бұған дейін қарапайым бұқараның мұңына құлақ салдық. Әйтсе де, қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген қағида бар. Газетте көтерілген мәселелердің түйінін іздеп, себеп-салдарын анықтау мақсатында  Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзидуллинмен тілдестік. Сала маманының су тапшылығына орай пікірін тыңдадық.

Бөгет бары рас па?

– Біздің инспекцияның басты мақсаты – Ойыл өзеніне өр суы келгенде екі облыстың аумағындағы Тамдыкөл және Ералы су қоймаларына тиісті су көлемін нақтылап, келген судың Жарыпшыққанға жетуін реттеу. Яғни, Тайсойған құмындағы жерасты суының өзен суымен жеткілікті толығуын қадағалап отыру, – деп әңгімесін бастады инспекция басшысы.

Айта кетейік, аталмыш мекеменің бас кеңсесінің Атырау қаласында орналасуының да өзіндік себебі бар екен. Республикалық Су ресурстары комитетіне қарасты құрылымдардың орталық аппараттары  өзендердің төменгі ағысында орналасқан қалаларға жайғасқан. Бұл «өзеннің басындағы ел су, аяғындағы у ішедінің» кебін кимеу үшін бұрмалану болмасын деген ниеттен туған.

Басшыдан әуелі бөгеттің жай-жапсарын сұрадық. Сөйтсек, өзен арнасына бөгет салу біріншіден, ғылыми тұжырымдаманы, екіншіден, миллиондаған қаражатты қажет етеді екен. Ал, Ғалидолла Әзидуллин «Ақтөбе облысындағы өзенге  келіп құятын сай-салаға салынған бөгеттердің судың тасымауына кедергісі жоқ» деп есептейді.

– Экспедиция барысында «Мұқа» шаруа қожалығындағы бөгетте мол су қоры бөгеліп отыр деген уәж айтылды. Ол жерде мен де болдым. Бұл бөгеттің аумағы үлкен болып көрінгенімен, тереңдігі орта есеппен 1-1,5 метр, су ұстау мүмкіндігі 300- 400 мың текше метр ғана. Біз барғанда ол жерде шамамен 200-250 мың текше метр су болды, – деді инспектор.

Жайылмаға жағалай орман ексек…

Сала маманынан білгеніміздей, бұлақтың көзі де жауын-шашын мен қысқы қардың мөлшеріне тәуелді екен. Қар мен жаңбырдың ылғалы өзен мен  жер асты суына теңдей бөлінеді. Яғни, бұл жерде адами фактор болмағандықтан, табиғи тепе-теңдік сақталады. Сондықтан, бұлақтың суы – әзірге тек балама көз ғана.

Қаракөлдік ұстаз-биолог Жалғас Мұхадиевтің өзен бойына жағалай тал-терек егу туралы ұсынысын Ғалидолла мырза бірауыздан мақұлдады. Өкініштісі, бұл жұмыстарды жүргізуге ол тізгіндеген мекеменің құзыры жүрмейді екен.

– Өте дұрыс ұсыныс. Ол салада жайылмалы ор­мандар (пойменные леса) деп аталады. Қыста қарды тежеп, тоң болуына септігін тигізсе, жазда өзенге ылғал беріп тұрады. Мұны атқарушы органдарға қарамай-ақ, қоғамдық бірлестіктер арқылы, тіпті, жергілікті халықтың өзі ексе де болады. Себебі, тал аса көп күтімді, талғамды қажет етпейді. Бірақ, өзенге пайдасы орасан зор, – деді ол.

Құдық суы неге ащы?

Инспекция басшысы «Қызылқоғада қосымша жерасты су көздері бар» деп есептейді. Анық жайт – Мақат ауданында ондай мүмкіндік жоқ. Жергілікті атқарушы органдар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жа­сатып, жерасты және болжалды су көздерін анықтатып алса, артық болмайды.

Жиырма метр тереңнен шыққан құдық суының неге ащы болатынын енді түсінгендей болдық. Себебі, жерасты суы зерттелмеген кез-келген жерді бұрғылап, құдық қаза беруге болмайды екен. Демек, арнайы са­раптамадан кейін ғана іске кіріскен жөн. Маманның айтуынша, су тапшылығы Батыс Қазақстан облы­сында да бар. Бірақ, өзен суы болмаса да ауылдан ешкім үдере көшіп кетпеген. Бөкей Ордасы ауданын­да шаруашылықтар 90-100 метр тереңдіктен су алып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Ал, су тарту шығындары Қызылқоғадағыдай қарапайым малшының қалтасын қағып отырған жоқ. Жергілікті атқарушы органның қолдауы мен қаражаты негізінде жүзеге асқан.

Ғылыми-зерттеу жұмысына құзырлы органдар уақыт оздырмай кіріссе, аудан халқы да кіріс көзінен айырыла қоймас. Табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл бола алмасақ та, тілін тауып, тіршілік еткен жөн болар.

Үміт пен күдік

Ғалымдар Жайықта су аз келу циклі 2023 жылға дейін жалғасатынын жасырмайды. Инспекцияның деректеріне сүйенсек, Жайықта судың ең аз көлемі былтыр тіркелген. Яғни, биылғы су көлемі былтырғыдан көбейіп келеді.

– Ал, шағын өзендерде бұл цикл екі жылдан аспа­уы керек. Алдымен, Тәңір, екінші осындай негіздерге сүйене отырып, алдағы жылы су келеді деген есебіміз бар. Ал, қыстағы жауын-шашынның мөлшеріне орай, көктемгі өр суының болжалды мүмкіндігін «Қазгидромет» АҚ 2021 жылдың наурыз айында бізге жіберуі тиіс. Нақты ахуал сол кезде белгілі болады, – деп үміттендірді Ғ.Әзидуллин.

Дегенмен, халықтың пікірін тыңдасақ, күдік ба­сым. Су келсе құба-құп. Ал, Табиғат-Ана алдағы көктемде тағы да сараңдық танытса ше? Өзен жағалай орналасқан қарақұрым халық күнін көруі керек қой. Судың ағысы сиреді. Егер үзіліп қалса төбеден жай түскендей болмай, бәріне дайын болғанымыз дұрыс.

 P.S:

Қазақта «Бірлік болмай, тірлік бол­мас» деген сөз бар. Жергілікті атқарушы органдар мен халық, су мамандары мен ғалымдар бірлесіп, бір мақсатта жұмыс жасаса, «жүгіміз жеңіл болары» анық.

Ал, дәл қазіргі жағдайда Ахмет Байтұрсынұлының «Аққу, шор­тан, һәм шаянындағы» кейіпкерлер көз алдымнан кетер емес…

Салтанат АҚТӘЖИЕВА

 *Бет қатталып жатқанда…

Нақты дәйек дронмен анықталмақ

Қазірге дейін қарапайым халық пен кәсіби су мамандарының екіге жарылған даулы пікіріне жуырда нүкте қойылмақ. Қызылқоға өңірінің тумасы Марат Жалдекенов ғаламтор желісіндегі мәліметтерді жинақтай отырып, суреттегі Ойыл өзенінің картасын сызып шығыпты.

Оның айтуынша, Мұғалжардың етегінен басталатын Ойылдың екі үлкен саласы – Қиыл және Ащыойыл. Ал, одан бөлек онға тарта саласы бар екен.

– Google Maps картасына мониторинг жасау барысында Ойыл өзенінің сала­ларында қолдан жасалған бөгетке ұқсас жалпы саны 35-36 кедергіні байқадым. Бұл кедергілердің бәріне тән бір жайт – кедергіден жоғары жерлер жасыл-желек­ке толы да, төменгі бөлігінің топырағы шығып жатыр. Осы кедергілер – бөгет пе, жоқ па? Бөгет болса, олардың жай-күйі қалай? Суды қаншалықты бөгеп тұр? Мұның бәріне көз жеткізу мақсатында Ойыл бойына сапар шеккелі отыр­мыз. Дронмен жоғарыдан видеоға түсіріп, нақты анықтағымыз келеді, – дейді Марат Ізімбергенұлы.

Қоршаған ортаға бейжай қарай алмайтын Мараттай азаматтарға автокөлікпен көмектесетін немесе өзге де ақпаратпен бөлісетін азаматтар болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған