Тұрақтандыру қоры. Тұрақсыз баға…
Atr.kz/1 шілде, 2020 жыл. Атырауда күшейтілген шектеу шаралары қайта енгізілді. Осындай кезеңде азық-түлік бағасының тұрақты болуы аса маңызды. Тауар тұрақтылығын сақтап, бағаның өсуін тізгіндеу мүмкіндігі бола ма? Тұрақтандыру қорының қазіргі жайы қандай?
ҚОР ӨНІМІ МАМЫРДА ТАУСЫЛДЫ
«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 2019-2020 жылғы мау- сым аралық кезеңде тұрақтандыру қорына 2175 тонна тауар сатып алды. Оның 700 тоннасы – картоп, 150 тоннасы – пияз, 115 тоннасы – сәбіз, 150 тоннасы – қырыққабат, 1060 тоннасы – бірінші сұрыпты бидай ұны. Бұл өнімдер операторлардың қоймаларында сақталып, «Көктем», «Насиха», «Дина», «Сарайшық» базарларында нарықтық бағадан 10- 20 пайыз төмен бағамен сатылды. Ал, Орал қаласындағы «Жилаев» АҚ-нан әкелінген бірінші сұрыпты ұн қаланың 9 наубайханасына нан шығару үшін үздіксіз жеткізіліп тұрды. Індет өршіген тұста, базарлар жабылып, тұрақтандыру қорының өнімдері қаламыздағы «Лидер-Детский мир», «Лидер-Нұрсая», «Лидер-Жұлдыз», «Лидер-Жұмыскер» дүкендерінде сатыла бастады. Осылайша, қордағы өнімдер мамыр айында таусылды.
Тұрақтандыру қорындағы өнімдер азайған тұста «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етудің басқа жолын қарастыруды ойлады. Осы мақсатта ірі көтерме сауда орындары мен супермаркеттерге төмен пайызбен қарыз беру бағытында жұмыс жүргізе бастады. Яғни, кәсіпкерлік субъектілерге жеңілдетілген несие беруді – пәрменді шаралардың бірі деп санады. Алайда, төлем ережесіне сәйкес, бұл жеңілдікті алатын субъектінің өнім сақтайтын қоймалары, сауда желілері, қарызды (займ) қамтамасыз етуге кепілі болуы керек болатын. Корпорация осы мақсатта қаламыздағы ірі сауда желілерімен келіссөз жүргізіп, олардың ішінен бұл ұсынысқа Атырау қаласы төңірегінде – 33, аудан орталықтарында 3 сауда дүкені бар «Идеал Маркет» ЖШС-і қызығушылық танытты.
400 МЛН. ТЕҢГЕ НЕСИЕ
Осы орайда, серіктестіктің несие алу мүмкіншілігі анықталған соң, корпорация «Идеал Маркет» ЖШС- не 400 млн. теңге көлемінде нысаналы қарыз (займ) беру жөнінде екі жақты келісімшартқа қол қойды. Осы келісім негізінде ірі сауда орындар желісі бар компания қазіргі күні әлеуметтік маңызы бар 15 түрлі азық- түлік тауарын нарық құнынан төмен бағамен сатуды бастап кетті. Бұл тауарларға: күріш, қант, күнбағыс майы, сары май, нан, айран, жұмыртқа, сүт, тағы басқасы жатады. Осылайша, ендігі жерде «Идеал Маркет» ЖШС- іне қарасты дүкендердің («Лидер», «Идеал» дүкендері) тұтынушыларына ғана тізімге кіретін тауарларды арзан бағада сатып алуына мүмкіндік жасалды. Мәселен, «Лидер» дүкеніндегі қарақұмықтың келісі бұрын 355 теңгеден болса, бүгінгі күні 298 теңгеден сатылуда. Ал, бұған дейін келісі 1990 теңгеден сатылған сиыр еті, қазір 1800 теңгеге дейін төмендеген. Одан бөлек, тауық еті, күнбағыс майы, күріш, қант секілді әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасында өзгеріс бар.
– Бүгінде біздің серіктестікке қарасты барлық дүкендер тауар бағаларын талапқа сай тұрақты ұстап отыр. Мәселен, ет тағамы базардағы бағадан да арзан. Осы себепті, төмен бағаны белгілеген тұста кейбір базар саудагерлері етті бізден молынан алып, өз сауда нүктелерінде баға қосып, қайта сатуға ұмтылған жағдайлар кездесті. Сондай фактілер анықталған соң, қазір ет тағамдары бір адамға 5 келіден ғана берілуде, — деді «Идеал Маркет» ЖШС директоры Әсет Мамбетов.
И ә , д ү к е н д е р ж е л і с і н д е г і тауарлардың бағалары сауда орнына келушілердің де көңілінен шығуда. «Лидер-Жұмыскер» дүкенінен азық- түлік алып жатқан қала тұрғыны Айнагүл Қалауова өзінің ойын былайша жеткізді: «Мен – осы дүкеннің тұрақты тұтынушысымын. Өйткені, мұндағы баға өзгелерімен салыстырғанда, кәдімгідей төмен».
БАҒАЛАРҒА ТАЛДАУ ЖАСАЛДЫ
Ал, қала базарлары мен өзге сауда орындарындағы бағаның тұрақтылығын бір қалыпты ұстап тұру әзірге мүмкін болмауда. Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының жанынан құрылған арнайы мониторинг тобы нарықтағы бағаларға талдау жасады. Салыстыру барысында олар аймақтағыдай Атырау облысы аумағында да негізгі азық- түлік өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар бағасының күрт өскенін анықтады. Мониторинг кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бөлшек және көтерме сауда орындарындағы бағалары қамтылды.
«Тауар бағаларының тұрақтылығын төтенше жағдай кезінде де бұзғандар кездесті» деді өңіріміздегі «Атырау – адалдық алаңы» жобалау кеңсесінің өкілдері. Олар індеттің өршіген кезінде қаламыздағы с а у д а о р ы н д а р ы н д а т а л д а у жұмыстарын жүргізген болатын. «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Адиеваның айтуынша, сол тұста Үкімет бекіткен рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағасы мөлшеріне сәйкес, картоптың бағасы 99 теңгеден аспауы тиіс еді. Ал, шын мәнінде, көтерме саудадағы картоптың бағасы кей жерлерде 115 теңгеден сатылған. Яғни, белгіленген бағадан жоғары. Ал, базардағы бөлшек саудада өнімнің бұл түрі 170 теңгеден саудаланыпты. Осымен қоса, жұмыртқаның бағасы 252 теңге деп белгіленгенімен, сатылымдағы он жұмыртқаның орташа құны 280 теңге болған. Осындай олқылықтар басқа да азық-түлік өнімдерін сату барысында көрініс берген.
Баға қадағалап отырмаса, тізгін ұстатпайтын түрі бар. Сондықтан, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты мәселесі.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ
2019-2020 ЖЫЛЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫ:
Сатып алынған тауарлар мөлшері – 2175 тонна
ОНЫҢ ІШІНДЕ:
Картоп – 700 тонна
Пияз – 150 тонна
Сәбіз – 115 тонна
Қырыққабат – 150 тонна
Бірінші сұрыпты бидай ұны – 1060 тонна