Тұрақтандыру қоры аясында халыққа ұсынатын көкөністер 5 мың тоннаға жетеді
Атырау облысының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бағытында түрлі іс-шараларды қолға алды. Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мәселен, республика көлемінде пияз бағасы өсіп отыр. Осыған байланысты қазір Тәжікстан, Қырғызстан елдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сапасының жақсы, бағасының тиімді екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана нақты қадамға көшпек.
-Нақты бағасы және жоғары сапасы белгілі болған жағдайда Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы шартқа отыратын болады. Жалпы «Идеал Маркет» ЖШС сол өнімді сатамын деген ниетін білдірді. Мүмкін болса Тәжікстаннан пияз өнімі тасымалданып, «Идеал» супермаркеттерінде сатылатын болады. Бұдан басқа пияз өнімін Жамбыл облысынан және көршілес Батыс Қазақстан облысынан тасымалдау жоспарланып отыр,— деді Н.Жаңабеков.
Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар 18 түрлі өнім облыс аумағындағы 60-қа жуық сауда орнында сатылып жатыр. Мамандардың айтуынша, оларың бағасы нарықтағы құннан 15 пайызға арзанырақ. Тамақ бағасына жауаптылар қант тапшылығын болдырмас үшін «Көксу» зауытымен алдын ала келісімге отырған. Сондай-ақ, биыл «Қызанақ агро» мекемесі де егістік алқабын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Нақтырақ айтқанда, аталған атыраулық шаруа биыл 300 гектар жерге егін егеді. Сәйкесінше, оларды сататын орындардың санын 12-ге жеткізу жоспарланып отыр.
-Жергілікті шаруа өзінің егіс алқабын 160 гектардан 300 гектарға дейін көбейткелі отыр. Бұл да бағаның тұрақтауына септігін тигізеді. Жалпы аталған шаруашылық күзде 5 мың тоннадан асатын ауыл шаруашылығы өнімдерін жинап алады деп жоспарлап отыр. Бұл өнімдер мамыр айына дейін қоймада сақталып, саттыққа шығарылып отырады. Бұған қоса өзге өңірлерден де көкөністерді жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуге жұмыстанып жатырмыз,— «Атырау» ӘКК АҚ бас менеджері Гүлмира Меңдалиева.
Айта кетей кетейік, қазір тұрақтандыру қорында 813 тонна көкөніс бар. Бұл өнім мамыр айына дейін жетеді деп жоспарлап отыр.