Қариясы бардың – қазынасы бар

ҚАРИЯСЫ БАРДЫҢ – ҚАЗЫНАСЫ БАР Жаңалықтар

Кешегі елді көркейту, оның байлығын арттыруға атсалысқан атпал азаматтар – бүгінгі еңбек ардагерлері. Мемлекетіміздің оларға деген ықыласы да ерекше. Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында да ардагерлерді назардан тыс қалдырған емес.

ҚАРИЯСЫ БАРДЫҢ – ҚАЗЫНАСЫ БАР

Ардагерлер атқарар іс көп. Өйткені, олар – елдің алтын қазынасы. Ардагерлер үшін ұрпағына адамгершілік, отансүйгіштік тәрбие беру – асыл парыз. Бұл жайында Елбасының қоғамда қызу талқыланып, жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылды. Бұл орайда жастарды адал еңбекке үйрету, ел қорғаны болуға, тәуелсіз Қазақстанның бірлігін нығайтып, этносаралық достықты сақтау бағытындағы тәрбиенің маңызы жоғары деп білемін.  Ардагерлер ұйымының уақыт талабына сай заманмен үндес, өңірдің өркендеуіне араласып жұмыс істеуі, ең алдымен, жергілікті атқарушы органдардың қолдауына байланысты. Себебі, ардагерлер ұйымы қоғамдық негізде жұмыс істейді. Сондықтан, біздің жағдайымызды түсініп, ісімізге қолдау көрсетіп жүрген мекемелер бар. «Атырау Жарық», НКОК, «Матен Петролиум», «Ембімұнайгаз» компаниялары мен «Медицина» акционерлік қоғамдарының, «Атырау су арнасы» КМК, «Дина» базары басшыларының  қамқорлықтарын атап айтуға болады.

Олардың көмегінің арқасында өткен жылдарда Жеңіс мерекесі қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов ерліктің үлгісін көрсеткен  Керчь қаласына, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ең отты нүктесі – Брест қамалы, Ржев, Волаколамск тасжолы, Волгоград қалаларына ардагерлеріміз және сол жақта жерленген жауынгерлердің туыстары барып келді. Атап өткен мекемелер бұдан да басқа игі істеріміздің  демеушісі болды.

ҚАРИЯСЫ БАРДЫҢ – ҚАЗЫНАСЫ БАР-2

Биыл республикалық ардагерлер ұйымына 30 жыл толады. Осы атаулы күн кұрметіне қаламызда айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Атаулы күнге орай аудандық, қалалық филиалдар арасында қоғамдық өмір, ұлттық құндылықтар мен спорттық шеберлікті айқындар бес түрлі сайыс өтті. Қалалық ардагерлер ұйымы жұртшылық арасында Елбасы Жолдауын насихаттап, түсіндіруде бірінші орынды иеленіп отыр. Қоғамдық мұражайлар жұмысын жандандырып, жастарға патриоттық тәрбие беру бағыты мен шахматтан сайыста да екінші орынға қол жеткізді. Қарияларымыз бильярдтан да күш сынасты. Сондай-ақ, халқымыздың тұрмысында ежелден бері келе жатқан тәрбие құралының бірі – бата беру дәстүрінен қариялардың алғашқы ашық қалалық сайысы өтті.

Ардагерлер ұйымы ұдайы қариялар өмірін жақсартып, олардың қоғамнан бөлініп қалмауы үшін жұмыс істейді. Туған елінің дамуына, рухани өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып келген ардагерлеріміз алдағы уақытта да еліне етене жақын жұмыс жасайтын болады.

Әліпқали  БЕКЕШ,

«Ардагерлер ұйымы»

республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау қалалық филиалының төрағасы.

 

  • Қалалық ардагерлер ұйымының тікелей араласуымен облыс орталығындағы Жеңіс бағында 26 мыңға тарта соғыстан оралмаған жауынгердің аты-жөні қашалып жазылған ескерткіш тақта жасақталды. Оған дайындық барысында аудандық  әскери комиссариат, соғыс болған қалалар, Ресейдің орталық мұрағатымен, бірқатар майдангерлер ұрпақтарымен қыруар жұмыс жүргізілді.

– Демеушілер көмегімен ардагерлерді газет-журналдарға жаздыру жүргізіліп, 200-ден астам адамға көмек берілді. Өткен жылы  30 ардагерге «НКОК» компаниясы шипажайға демалуға жолдама алып берді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз