Түнгі патруль: шектеу шарасын бұзушыларға – қатаң жаза
Atr.kz / 17 шілде, 2020 жыл. Әлемге жайылған індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Осыған байланысты Атырау облысында бірқатар шектеу шаралары қабылданды. Солардың бірі – кешкі сағат 23.00-ден таңғы 06.00-ге дейін автокөліктердің және тұрғындардың қозғалысына қатаң тыйым салу талабы. Бүгінде бұл шектеу қаншалықты орындалуда?
…Белгіленген уақытта жергілікті полиция қызметі басқармасына келіп жеттік. Бізге жолбасшы ретінде бекітілген взвод командирі, аға лейтенант Асланбек Ғарифуллин тәртіп сақшыларының бүгін атқаратын қызметін қысқаша түсіндіріп өтті. Бетперде тағып, қолғап киген тәртіп сақшысымен бірге көрсетілген аумақтағы кезекшілікке кірісіп кеттік.
…Сағат тілі түнгі 23.50-ді көрсетіп тұр. Айнала мүлгіген тыныштық. Кенет қала орталығындағы «Ақжайық» қонақүйінің алдынан темір тұлпар жүйткіп келе жатты. Дереу кезекші полицейлер оны тоқтатып, жүргізушіден карантин режимін не себептен бұзғанын сұрады. «Мен кезекті тапсырысты жеткізуге бара жатырмын. Осы соңғысы, мекен-жайы үйіме жақын. Сол жақтан үйіме кетемін» деді Нұржан есімді көлік иесі. Тәртіп сақшысы құжатының дұрыстығына көз жеткізіп, ескертумен шектелді.
– Тәртіп – бәріне ортақ. Карантинге байланыс- ты қаулының орындалуы –облыстық полиция департаментінің жіті қадағалауында. Рейд жүйелі түрде жүргізілуде. Алайда, кейбір азаматтар қалыптасқан жағдайдың маңыздылығын толық түсіне бермейді, — деді осы сәтте взвод командирі Асланбек Ғарифуллин.
Жарты сағат өтер-өтпестен көзімізге «Хюндай акцент» автокөлігі түсті. Ол қуыстағы көшеден орталық көпірге қарай бұрылып келеді екен. Ескерту белгісінен кейін тоқтаған көлік иесі өзін Нұрболат деп таныстырды. Оның айтуынша, қазір ғана Ақтөбеден келе жатқан беті. Жүргізушінің сөзіне сеніңкіремеген тәртіп сақшылары көліктің жүк салғышын ашуды өтінді. Алайда, ол полицейлердің жолын кес-кестеп, түрлі сылтау айтып, артқы есікті ашқызбаудың амалын жасады. Алайда, сақшылар оның ыңғайына жығыла қоймады. Байқасақ, жүргізушінің мазасыздануы бекер емес екен. Полиция өкілдерімен бірге көліктің жүк салғышын ашқанда жағамызды ұстадық. Қазір дәріханада тапшы «Парацетамол» мен «Лидокаин буфус» дәрісінің қораптары текшеленіп жиналып тұр. Бұл дәрілердің ешқандай құжаты жоқ. Қайда алып бара жатқаны да белгісіз. Жүргізуші қойылған сұрақтарға мардымды жауап бере алмай қиналды. Осы себептен, айғақты заттар қалалық полиция басқармасының жедел тергеу тобына жолданды.
Енді «Тұрғындар қалашығындағы» кезекшіліктің өту барысына бақылау жасадық. Бұл жерде тоқтатылған «Лада приора» көлігінің иесіне кезекшіліктегі полиция лейтенанты Нұрасыл Зейінов шектеу шараларының ережесін есіне салды. «Иә, қаулымен таныспын. Жұмыстан соң көлігім бұзылып, оны досыммен бірге жөндеп, қазір ғана болдық. Үйге кетіп бара жатқан бетім…» деп түсіндірді Хамидолла деген көлік иесі. Ол түсініктемесін толтырып, босатылды.Тағы бір көлік иесі анасының аяқ астынан ауырып, дәрі-дәрмегін шұғыл жеткізу үшін шығуға тура келгенін айтты. Ескерту берген тәртіп сақшылары оған түсіністік танытып, жөніне жіберді.
Айта кету керек, бұл күні тоқтатылған көлік жүргізушілерінің көпшілігі дәрі-дәрмек іздеп жүргендерін айтып, ақталумен болды. Біреуі «хабарландыру бойынша дәрі алуға кетіп барамын» десе, енді бірі туысқандарына дәрі апара жатқанын айтып жатты. Олардың барлығына карантин талаптарын сақтау қажеттілігі ескертілді. Ал, жазған түсініктемелері мен толтырылған құжаттар қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданады. Одан әрі кінәлілерге қолданыстағы заңдылықтар бойынша айыппұл салынуы мүмкін.
Жалпы, қаулы бойынша кешкі сағат 23.00-ден таңғы 06.00-ге дейінгі аралықта жедел жәрдем, өрт сөндіру, апаттық-құтқару қызметінің көліктері кедергісіз жүреді. Ал, рұқсаты жоқ азаматтар мен көліктердің қозғалысына тыйым салынған. Бұл күні полиция қызметкерлерінің күнделікті күшейтілген рейдтік шараларына қарамастан, ережені елемейтіндердің көптігіне көз жеткіздік. «Түнгі кезбелердің» кейбірі беймезгіл уақытта карантиндік шектеулерді неліктен бұзғандарын түсіндіріп бере алмады.
Тәртіп сақшыларының жұмыс барысында түрлі кедергілер көп. Заңға бағынғысы келмей, балағат сөздер айтқан көлік жүргізушісі де болды. Алайда, фотокамераның объективін көрген бойда әлгі «батырдың» екпіні лезде басылды.
Взвод командирі Асланбек Ғарифуллин мұндай рейдтік шаралар Атыраудағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанша жалғасатынын айтады. «Карантин талаптары мен тәртібін бұзғандармен күресті бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Сонда ғана қауіпті індеттің беті қайтады» деді ол.
P.S.
Ертеңіне облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, сол түнгі кезекшілікте жиырмаға жуық құқықбұзушылық анықталған. Соған сәйкес,енді тиісті шаралар алынады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген: Расул СЕРІКОВ