«Цифрландыруды» жұрт қалай түсінеді?
Елбасы Жолдауында айтылған «цифрландыруды» бүгінде жұр әр түрлі қабылдап жүр. Сондықтан да, Қазақстанда цифрландыру бойынша түсіндірме жұмыстары арнайы құрылған 2018 жылға арналған Бірыңғай республикалық медиажоспар ақпараттық стратегиясы бойынша жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті. Оның сөзінше, енді әуежайларда айыппұл төлеуге мүмкіндік туады.
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойылған міндеттерден кейін Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды орындауға кірісіп кетті. Біріншіден, цифрландыру бойынша түсіндірме жұмыстары арнайы құрылған 2018 жылға арналған Бірыңғай республикалық медиажоспар ақпараттық стратегиясы бойынша жүзеге асырылады. Біз барлық шаралардың PR-әлеуетін сараптап, шешуші месендждер мен негізгі мақсатты топтарды, коммуникацияның тиімді каналдарын таңдап алдық. Жылдың соңына дейін 10 миллион адамды қамтитын 1,5 мыңға жуық ақпараттық өнімді шығару көзделуде, – деді Дәурен Абаев.
Министр өз сөзінде цифрландыру мен «Зерде» холдингі базасында жобалық кеңсе саласында мемлекеттік органдардың өзара ақпараттық қарым-қатынасының алгоритмі әзірленетінін тілге тиек етті.
– Жұмысымыз тиімді болу үшін мемлекеттік органдарға жобалық кеңсе бойынша жауапты адамды белгілеуді сұраймыз. Бұдан кейін біз апта сайын Орталық коммуникациялар қызметінде «Цифрлық Қазақстан» аясында жоспарланған шаралардан хабар беріп отырамыз, – дейді ол.
Министрдің айтуынша, виртуалды өнім бойынша қажетті контент пен ұсыныстарды уақтылы әзірлеу үшін ОҚК-да кесте жасау қажет болуы мүмкін.
– Бүгінгі таңда біз әртүрлі кейстерді талдадық. Барлық меморгандарға сапалы контент әзірлеу қажет. Ол контенттер Мемлекет басшысының айтқан міндеттерін анық көрсетіп тұрар еді. Мәселен, бұл қадам әуежайда ұшу алдында айыппұлдардың төленгенін көрсетер еді. Талдау жасалды. Мәселен, бір адам медициналық операцияға асығып тұрғанымен, болмашы айыппұлға бола ұша алмай тұр делік. Ондай адамға күн түгілі сағаттардың құны қымбат. Операция жедел жасалуы керек. Яғни, адам әуежайда айыппұлын төлеп, операциясына бара береді. Бұл Денсаулық сақтау квотасы бойынша жасалды. Бұл цифрландырудың артықшылыққа ие үлгілерінің бірі, – дейді министр.
Шаһсұлтан БАҺАДҮР