ТШО ұсынған жоба қайта пысықталады
Жылыой ауданы, Майкөмген ауылында «Теңізшевройл» ЖШС 2025-2027 жылдар аралығында нысандарды пайдалану және жоспарланған қызмет жобаларына арналған экологиялық рұқсатты алу туралы қоғамдық тыңдау өткізді. Оған Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, компания өкілдері және қоғам белсенділері қатыст
Қоғамдық тыңдауда бірнеше мәселе көтерілді. Соның бірі – күкірт алаңдарына қатысты болды.
Компания ұсынған жобада күкірт карталарын қалпына келтіру процесінде қалдық күкіртпен араласқан қиыршық тас пен құмнан тұратын картаның қорғаныш жоғарғы қабатын алып тастау көзделген. Осылайша, оларға «қалдық» емес, «материал» мәртебесін бере отырып, оны оқшаулағыш қабатсыз ашық аспан астында сақтау жоспарлануда. Күкірт, тас, құм араласқан бұл қалдықтың көлемі — 315 мың тоннаны құрайды екен.
Тұрғындар тарапынан күкірт алаңын әрі қарай қалай пайдалану керектігі, сондай-ақ, пайдаға аспайтын болса қалай кәдеге жаратуға болады немесе қалай жойылатындығын сұрады.
Облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, Zoom бейнеконференциясы арқылы өзін толғандырған сұрақтарын қойды. Оның сөзінше, 19 қарашадағы қоғамдық тыңдауда күкірт карталарының қалдығындағы күкірт мөлшері 10% делінген. Ал жобаның түсіндірмесінде 79%-ды санап алғандығын айтады.
– Бұл қалдықтарды қалдық емес, материал деп дәлелдейтін анықтама беріңіздер. Және бұл жай қағаз жүзінде емес, ғылыми зерттеу нәтижесі болуы керек. Не осыларды пайдалануға мүмкіндік беретін құқықтық нормативтік актілер тізімінде бар құрылыс стандарттарын халық алдына ұсыну қажет. 315 мың тоннаны сатып алып кетеміз деп ант су ішетін құзыреттілік күші бар келісімшартты көрсетіңіздер.
Әйтпесе бұл қалдықтар экологиялық талаптарға сай сақталмаса топырақ, жер асты сулары, ауаны улайды. Күкіртсутегі мен күкірт диоксидін бөлініп, қоршаған ортаны, халықты тағы да сорлауы мүмкін – деді А.Хайруллин.
Сондай-ақ, мәслихат депутатының сөзінше, 2003 жылы облыстағы жауын шашынның құрамындағы минерализациясы Мыңжылқы деген жерден 31 есе лас болғандығын айтады. Ал, ластаушы заттар одан бері тек кумуляцияланып жатқандығын атады.
– Жауындағы күкірт қышқылын 2002 жылдан бері зерделеп отырмын. Атырауда көрсеткіш көбінесе 77 -100 мг/л. түспеген екен. Көмір, азот қышқылдары бойынша да барлық мәлімет адам шошырлық. Республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда көрсеткіштеріміз ондаған есе көп. Біз бұл жобаға келісім бере алмаймыз. Күкірт аралас қиыршықтасты «қалдық» деп тауып қайта пайдаға асыру жобасын жасаңыздар, — деді депутат.
Сонымен қатар, компания 2006-2011 жылдар аралығында 1413 гектар жерге жасыл желек егуге міндеттелгенін, оның қанша пайызы орындалғандығын да сұрады. Сондай-ақ, ол компанияның санитарлық қорғау аймағы, Болашақ кеңею жобасына қатысты да сұрақтарын қойып нақты жауап беруді талап етті.
Депутаттың пікірінше, компания қоғамдық тыңдауға тиісті деңгейде дайындалмай келгендігін алға тартып, заңнамада көрсетілген талаптарға сәйкес өтпегендігін алға тартты.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Г.Айшуақова күкірт алаңдарындағы қалпына келтірілетін 6,7,8 карталарына қатысты қоғамдық тыңдау пысықталу қажеттігін, тақырыптың тиісті деңгейде ашылмағандығын ашық айтып, кейінге қалдырылғандығын атап өтті.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Жылыой ауданы