Трансшекаралық өзен суының азаюы экологиялық апатқа соқтыруы мүмкін
Адамзат тіршілігі үшін су қаншалықты маңызға ие болса, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының экономикасы үшін Жайық өзені ең басты күретамыр іспетті. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Жайық өзенінің суына көршілес Ресейдің өзі де тәуелді. Өйткені, Жайық өзенінің бастауы Ресейдегі Орал тауынан бермен қарай Башқұртстан аумағымен, Челябинск, Орынбор, Қазақстанның Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын қуалай өтіп, Каспий теңізіне құяды. Жалпы ұзындығы 2 428 шақырымға созылатын өзеннің Қазақстан аумағындағы бөлігі – 1 049 шақырым. Қос мемлекетке ортақ, яғни, трансшекаралық маңызға ие Жайық өзенінің су жинақтау алаңы – 237 000 шаршы шақырым (км2). Өзеннің көпжылдық орташа ағысы Қазақстан шекарасында секундына 292 текше метрді құрайды.
Жайық суының 70 пайызы көктемгі су тасқынынан толығып отырады дегенімізбен, соңғы жылдары бұл соншалықты байқала бермейді. Қыс айларында қар қалың жауып, топырақтың ылғалы мол болған жылдары Жайық суы Орал қаласы тұсында 500 см-ге, ал, Атырау қаласының маңында 650 см-ге дейін көтеріліп, шабындық алқаптарға су өздігінен жайылатын. Мәселен, 1990, 1991, 1993, 1994, 1998, 2002, 2004, 2005 және 2007 жылдары дәл осылай болғанын өңір жұртшылығы ұмыта қойған жоқ. Cоңғы жылдары Жайық өзенінде су мүлдем азайып кетіпті. Өзен суының азаюы 1973, 1975, 1982, 1999, 2000, 2001, 2003 және 2006 жылдары да байқалыпты. Қазір Жайық өзеніне көктемгі тасқын су нормадағыдан 2-3 есеге аз түседі. Негізгі себеп – топырақтағы ылғалдың аздығы мен қардың болмауы, деген болжам айтады мамандар.
Алайда, Жайық өзеніндегі судың азаюына басқа да себептер әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды. Өзен суы негізінен Ириклинский су қоймасы арқылы реттеліп келеді. Орынбор облысындағы Ор қаласынан 80 шақырымдық қашықта орналасқан аталған су қоймасы 1949-1957 жылдары аралығында салынған. Оны толтыру 1958 жылдың 17 сәуірінен басталып, 1966 жылдың 8 мамырында қоймаға жинақталған су қорының деңгейі жобалық көлеміне жеткен. Су қоймасының жобалық көлемі –3 260 миллион текше метр. Міне, осы су қоймасының толық толтырылмауы Жайық өзеніне судың аз мөлшерде келуіне әсер етері даусыз. Мәселен, 2009 жылы Ириклинский су қоймасындағы су мөлшері 2 410 миллион текше метрді құраған. Яғни, жобалық деңгейден 850 миллион текше метрге аз. Ал, 2010 жылғы 1 наурыздағы дерек бойынша су қоймасында 1 988 миллион текше метр су жинақталған. Демек, Орынбордағы су қоймасы өз деңгейінде шүпілдеп толып тұрған жоқ. Мамандардың есептеуінше, сол жылғы маусым айына дейін Ириклинский су қоймасында 1 047 миллион текше метр су сиятындай бос орын болған.
Дегенмен, Жайық өзенінің ортайған арнасы тек Ириклинский су қоймасынан жіберілген сумен толады десек, онда қатты қателескен болар едік. Рас, Жайық өзеніндегі көпжылдық орташа су шығыны секундына 292 текше метрге тең болса, мұның 26,4 пайызы (77,2 м3/сек) ғана Ириклинский су қоймасынан жіберілген су есебінен қамтылады. Ал, қалған 73,6 пайызы өзге де өзендердің суымен толығады. Мәселен, Сакмара өзенінен 47,6%, Елек өзенінен 20% су Жайыққа құйылады. Сонымен бірге, Большой Кумак (3,4%), Орь (3%) өзендерінен де аз мөлшерде болса да су түсіп тұрады.
Әрине, Жайық өзенінің су қорын тек Ириклинский су қоймасының суы есебінен реттеу Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының экономикасын өркендету үшін сумен қамту проблемасын толық шеше қоймайды. Себебі, Жайық өзеніндегі судың аздығына күзгі және көктемгі ылғалдың, сонымен қатар, қардың аз мөлшерде түсуі де әсер етеді. Егер Ириклинский су қоймасында күзгі-қысқы кезеңде қар қажетті мөлшерде жинақталса, су қоймасының бос алаңы толтырылып, Жайыққа жіберілер су оның төменгі сағасына дейін толық көлемде жетер еді. Өкінішке қарай, 2009 жылы Ириклинский су қоймасына көктемгі тасқын судан тек 175 миллион текше метр көлемінде ғана су түскен. Осы су қоймасының суы Жайық өзеніне әсіресе, жаз айларында өте-мөте қажет.
Жайықтың келешегі үшін шырылдап жүргендер аз емес. Орал қаласының бұрынғы басшысы, кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болған Елена Тарасенко жыл сайын экологиялық экспедиция ұйымдастырады. Не үшін? Әрине, жеке бас қамы үшін емес. Немесе, атын шығару үшін де емес. Жайықтың арнасын ортайтпау үшін, сол арқылы экологияға зиян келмеуі үшін. Ең бастысы, Жайықтың жағасында Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының бірнеше елді мекені орналасқан. Ондағы халықтың тыныс-тіршілігі Жайықпен тығыз байланысты. Индер, Махамбет, Исатай аудандарындағы көптеген елді мекеннің тұрғындары Жайықтан өзенінен бастау алатын каналдардан мал суарып отыр. Арнайы мақсаттар үшін Жайық өзенінен су алынады. Мәселен, 2010 жылы Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан экономиканың түрлі салалары үшін 820,83 миллион текше метр су алуға тапсырыс беріліпті. Мұның ішінде 48,0 миллион текше метр су ауыз суға пайдалануға сұралған. Міне, осының өзінен Батыс Қазақстанмен Атырау облыстары үшін Жайық өзенінің маңызы қаншалықты екенін пайымдай беріңіз.
Алайда, кезінде «Ақжайық сенің орның алабөтен» деп ән әуелеткен Ғарифолла Құрманғалиевтай өнер тарланы жанындай жақсы көрген Жайықтың бұрынғыша жағаны ұрғылап тұрар толқыны жоқ. Өйткені, қазір Жайықтың арнасы өз деңгейінен көп төмендеді. Оны толтырардай су қоры Ресейдегі өзендер арқылы келетінін жоғарыда айттық. Бірақ, жылдан жылға азайып барады. Себебі, Ресей алдымен өздеріндегі су қоймаларын толтыруға мүдделі болып отыр. Мәселен, Башқұртсандағы Сакмара өзенінің Жайыққа құяр сағасында 64 су қоймасы бар. Оған 225,9 миллион текше метр су жиналуы қажет. Онсыз Жайыққа су жіберілуі мүмкін бе? Күзгі-қысқы ылғалдың және қардың мөлшерден тым аз түсуі адамдардың қолымен жасалып отырған қиындық емес. Табиғаттың жазылмаған заңына шара жоқ. Ендеше, мәселеге басқа тұрғыдан қарап, көрші мемлекеттің тарапынан Жайықты шөміштен қағарлықтай қыспақтың жасалуына жол бермеген жөн. Бұл – тек мемлекетаралық деңгейде шешімін табар мәселе. Жайықтың арнасы құрғап, табаны кеберсіп қалмауы үшін. Қос өңірдің тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамту үшін. Экологияны сақтау үшін. Экономиканың әр саласын, соның ішінде ауыл шаруашылығын өркендете беру үшін.
Қысқасы, трансшекаралық маңызға ие Жайық өзеніне бір кездегідей Арал теңізінің кебін кигізбеудің қамын бүгіннен ойластырған абзал.
Жолдасбек Көшербайұлы