Трансплантация жайында біз не білеміз?
Адам ағзасының мидан басқа барлық мүшелерін ауыстыруға болады. Бүгінде әлемнің озық мемлекеттерінде мүше трансплантациясын жасау кең қолданысқа ие. Елімізде осы кезге дейін бүйрек, жүректі ауыстыру сәтті жүргізіліп келеді. Жалпы, трансплантация жайында біз не білеміз? Бұл мәселеге қоғам қалай қарайды?
«Өмір сыйы» республикалық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен облыстық ауруханада өткен басқосуда осы мәселелер кеңінен әңгімеленді.
Қарапайым тілмен жеткізер болсақ, трансплантация бір адамның мүшесін екінші адамға ауыстыру дегенді білдіреді. Яғни, донордың өз келісімімен өзге адамға ағзасын беруі. Осы орайда атап өту керек, жалпы, бүйрек трансплантациясына тірі адам донор бола алса, жүрек, өкпе, бауыр сияқты дене мүшелері көз жұмған адамнан ғана алынады.
Әлемде қалай?
Әлемнің бірқатар елінде мүше трансплантациясы заңмен реттеліп, бір жолға қойылған. Мәселен, АҚШ-та кез келген адам ерікті түрде донор атана алады. Ал, дәрігерлерге донор атанған азаматтарға трансплантациялық отаның қаупі жөнінде егжей-тегжейлі түсіндіруді заң талап етеді. Бұған қоса, кез келген адамның жүргізушілік куәлігінде трансплантацияға келісім бергені немесе бас тартқандығы жайында ақпарат болады.
Негізінде өзге біреуге тәннің бір бөлшегін беру бір қарағанда қисынсыз көрінуі мүмкін. Алайда, бұл–адамгершілік тұрғысынан зәру жанға қол ұшын созу дегенмен пара-пар дүние.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының шешіміне сәйкес, әлем бойынша трансплантациялық отаға донор атануға рұқсат беру екі заңдық үлгіде жүзеге асады. Бұл – келісім арқылы немесе келісімсіз презумпциясы арқылы донор болу. Келісім беру презумпциясы – адам тірі кезінде ағза мүшелерінің трансплантациясына қарсы, қарсы еместігін жарияламағандағы жағдай. Яғни, адам көз жұмған жағдайда оның ағза органдары туған-туысқандарының келісімінсіз донор ретінде пайдаланылады. Испания, Австрия, Бельгия сынды мемлекеттерде дәл осы келісім беру презумпциясы қолданылады.
Ал, келісім бермеу презумпциясы, ақпараттық келісім беру принципі АҚШ, Ұлыбритания, Голландияда қолданысқа ие. Батыс елдерінде «келісім бермегендердің» базасы қалыптасқан. Дәл осы базаға кез келген адам өзінің келісім бермегенін айтып, тіркеледі.
Мамандардың пайымдауынша, трансплантация мәселесінің тек 25-30 пайызын ғана медицина шеше алады. Ал, қалған мәселе қоғам мен заңға, дінге, моральға байланысты. Негізінен, ешбір дін адамның бір мүшесін алып тастап, сүйегін жерлеуге тапсыруға келісім бермейді. Дегенмен, бүгінгі таңдағы ушыққан мәселеге зер салған дін өкілдері донор атанып, өз мүшесін өзгеге беруге оң қабақ танытып отыр. Мысалы, Ресейде шіркеу қызметкерлері егер көз жұмған адамның туған-туысқандары немесе басқа да рухани жақыны өзге адамның өмірін құтқарып қалатын мүшенің қажет екенін сезіп, келісім берсе, бұл құптарлық жағдай деген шешім шығарған. Испанияда мүше трансплантациясына деген қоғамдық көзқарас соңғы төрт-бес жылда күрт өзгерді. Бұған насихат жұмыстары әсер етіп отыр. Аталмыш елде көшелер мен шіркеу есіктерінде: «Өз ағзаңыздың бір мүшесін аспанға алып кетудің керегі жоқ, ана дүниеде ол сізге қажет болмайды. Ағзаңыздың бір мүшесін жерде қалдырыңыз, сол сәтте ол өзге адамның өмірін құтқарып қалады» деген мағынадағы жазулар да бар. Қытайда ату жазасына кесіліп, түрмеге тоғытылған қылмыскерлер донор ретінде қарастырылады екен.
Біздің елде…
Қазақстанда бүгінгі күні мүше трансплантациясына зәру 5000 адам кезекте тұр. 2012 жылдан бері 1056 адамның ағзасы ауыстырылған. Оның ішінде 823 -бүйрек, 63-і — бауыр. Біздің дәрігерлер бүгінде жүректі, бүйректі, бауырды, асқазан асты безін, сүйек кемігін ойдағыдай ауыстырып салатын деңгейге жеткен. Мұндай ота тек біздің елде квота арқылы, тегін жүзеге асырылуда.
«Бір адамның ағза мүшесі сегіз адамның өмірін сақтап қалады» дейді мамандар. Емделушінің туған-туысқандары донор ретінде қарастырылады. Ал, өзге елдерде бауыр трансплантациясын жасау 300 мың еуро, жүрек трансплантациясын жасау 200-250 мың еуроны қажет ететінін айта кетейік.
Дүниеден өткен адам өмірді құтқара алады
Атырау облысының мамандары медицинаның мұндай жетістігіне әлі жете қойған жоқ. Әзірге, батыс аймағы бойынша Ақтөбе облысы трансплантацияның орталығы саналады. Республика бойынша бес жылда қайтыс болған адамның ағзасы арқылы науқастардың 91 бүйрегін, 32 бауырын ауыстыруға себепші болған. Осы тұста айта кету керек, қазіргі таңда елімізде адам мүшелері заңсыз сатылады деген сыбыс көп. Мамандар бұл кереғар пікір екенін айтады. Адам мүшесін заңсыз сату қисынға келмейді. Өйткені, адам көз жұмғаннан кейін жүрек бар-жоғы- төрт сағат, ал, бауыр 6-8 сағат қана жарамды. Осы уақыт ішінде аталмыш мүшелер өзге адамға ауыстырылып үлгеруі керек.
* Заң не дейді?
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда өзі көз жұмған жағдайда ағзасын ауыстырып салуға көзі тірісінде келісім беру мүмкіндігін қарастыратын заң нормасы қолданысқа енгізілді.
Сандуғаш ОРЫНБАЕВА,
«Өмір-сыйы» трансплантация қоғамы республикалық қоғамдық қорының президенті:
«Менің де бүйрегім ауырған…»
Біз үнемі жаңа нәрсеге үрке қараймыз. Әлемнің дамыған елдерінің қатарына ілігу үшін медицинаның озық жетістіктерін пайдаланып, қолға алуымыз керек. Осы ретте өзімнің жағдайымды мысал ретінде айта кетейін. Медицина саласын жақсы меңгердім, оқыған-тоқығанмын, бірақ, менің де бүйрегім жиі ауыратын болды. Ақыры еліміздегі тәжірибелі мамандардың көмегімен өткен жылы бүйрегім ауыстырылды. Қазір жақсымын. Отадан кейін науқас жаңа өмірге қадам басады. Бұрынғыдай дәріге бағынышты болмайтынын айтайын. Сау адамдай болып шығасың. Тек уақытылы режимді сақтап, салауатты өмір салтын ұстануың керек. Елімізде маман жағынан, техника жағынан ешбір кедергі жоқ. Тек ел арасында тиісті үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуі керек. Халық бір адамға өз ағзасының мүшесін беруге келісу — өзге жанға жаңадан өмір сыйлау екенін түсінсе деймін.
Мылтықбай РАСМАХАНОВ,
дәрігер-трансплантолог:
«Отаның 85 пайызы асқынусыз болды»
Трансплантация жасатушылар саны жыл сайын жоғарылап отыр. Әлемде 2014 жылы 80 мың бүйрек ауыстырылса, 26 мыңнан астам бауыр, 6000 жүрек, 4000 өкпе және 2000-дай ұйқы безіне трансплантация жасалған. Мәйіттік донордан Испания мен Хорватия елі алда тұр. Тірі донордан Корея мен Түркия елі бірінші кезекте келеді.
Біздің елімізде бүйрек трансплантациясын қажет ететін 2500 адам бар. Оның ішінде 17-сі–бала. Бауырды – 500, жүрек ауыстыруды 117 ересек адам мен 13 бала күтуде. Кезекте тұрғандардың көпшілігі – созылмалы аурулар қатарында тұрғандар. Елімізде жасалған 2000-нан аса трансплантацияның 85 пайызы асқынусыз болды. Ақтөбеде 2014 жылы шетелдік дәрігерлердің көмегімен бастадық. Күні бүгінге дейін 23 бүйрек пен 7 бауыр ауыстырылды. Өткен жылы мәйіттік донордан төрт бүйрек жасалды. Бұл оталардың бәрін өзіміз лапароскопиялық әдіспен жасаудамыз.
Маман пікірі:
«Бланкіден қорқудың қажеті жоқ»
Бұл ереже азаматқа тірі кезінде өз ағзаларын донорлық мақсатта қайтыс болғаннан кейін пайдалануға келісім беру құқығын ұсынады. Медициналық мекемеге жүгінгеннен кейін оған бланк-өтінішті толтыру ұсынылады. Оған келісім беру немесе бермеу – әр адамның жеке шаруасы. Адамның өзі бәрін өлшеп, шешім қабылдауы тиіс. Ең бастысы, адамдар хабардар болып, емханаға жүгінген жағдайда осындай ұсыныс алған кезде шошынбауы керек. Егер адам қайтыс бол-ғаннан кейін басқаларды құтқару үшін өз ағзаларын беруге ниет білдірсе, дәрігерлер амбулаториялық картаның, сыр-қат тарихының мәліметтеріне сүйеніп, оның денсаулығына баға береді. 65 жасқа дейінгі әрбір адам донор бола алады. Егер денсаулығы мүмкіндік берсе, оған ықтимал донор болып табылады деген арнайы анықтама беріледі. Ағза донорлығына қарсы көрсетілімдер: ВИЧ/СПИД, туберкулез, онкологиялық сырқаттар, бірқатар вирустық сырқаттар және т.б. Ықтимал донор туралы мәліметтер арнайы тізілімге енгізіледі. Қазір дерекқор механизмі жасақталуда.
Дін өкілдері де құптайды
Өткен жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан дүниеден өткен адамның ағзасын пайдалануға қатысты «Егер адам дүниеден өткеннен кейін келесі адамның өмірін сақтап қалуға оның дене мүшесі берілсе, бұл шариғат бойынша тыйым салынбаған» деген болатын.
Сондай-ақ, дін өкілдері адам қайтыс болып, егер де дәрігерлердің кеңесі арқылы ғана өз ағзасының бір мүшесін мұсылман бауырының жанын құтқарып қалу үшін өсиет ретінде тапсырса, оны орындау дұрыс дейді. Мұндай жағдайда қайтыс болған адамның мүшесін алуға болады. Барлығы сол жеке тұлғаның рұқсатымен жүзеге асуы керек.
Нұргүл Ысмағұлова