Тозығы жеткен техниканы жаңа көлікке ауыстыруға мүмкіндік бар
Елімізде тозығы жеткен техникаларды жою бағдарламасы бойынша 50 мыңға жуық көлік тапсырылған. Ал, берілген өтемақы көлемі 5,98 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ, былтырғы жылдың 26 маусымы мен 30 желтоқсаны аралығында 7 мың 239 жеңілдікті сертификат беріліп, оның 5213-і жаңа көлік сатып алу үшін пайдаланылып үлгерген.
Энергетика министрлігінің «Тозығы жеткен көлік құралын жою» бағдарламасын – «ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) Операторы» ЖШС жүзеге асыруда. Осы орайда Атырау облысындағы «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің қабылдау бекетіне барып, ондағы жұмыспен танысудың сәті түсті.
Қабылдау бекетіндегі қарбалас жұмыс қызып тұр. Тозығы жеткен «темір тұлпарлар» тау-тау болып үйілген. Былтырдан бері тапсырылған көне автомобильдердің басым бөлігі арнайы техникамен сығымдалып, ретімен жинақталып қойылыпты. Енді қайта өңдеу үшін Қарағанды қаласындағы өндірістік алаңға жөнелтіледі.
«Бұл бағдарламаның мақсаты — елімізді ауаны ластайтын ескі көліктерден арылту, тозығы жеткен көліктерді жою. Өткен жылы облыс бойынша 1293 ескі автокөлік қабылданды. Аймақ бойынша тозған көліктерін тапсырған азаматтарға 193 млн. теңгеден астам қаржы төленді. Алғашқы кезеңде тек жеңіл автокөліктер қабылданған болатын. Енді тұрғындардың жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын автомашиналарды да өткізуге мүмкіндігі бар. Әр өткізген машинаңыз үшін жаңа «темір тұлпар» сатып алуға жеңілдікті сертификат беріледі. Осы бағдарлама бойынша былтыр 245 сертификат берілді»,-деді «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің өңірлік өкілі Қуанышбек Омарғалиев.
Енді осы бағдарлама туралы мәліметке тоқталайық. «ӨКМ Операторы» ЖШС 1980-1993 жылдары шығарылған, пайдалануға жарамсыз көлік құралдарын қабылдап, есесіне тұрғындарға жеңілдікті сертификат береді. Мәселен, жеңіл көліктер үшін 315 мың теңгенің, белгіленген санаттарға қарай жүк көліктеріне 450-ден 650 мың теңге аралығындағы жеңілдікті сертификат ұсынылады. Бұрынғыша, жиынтығы толық емесіне – 48 000 теңге, жиынтығы толық көлікке 150 000 теңге өтемақы төленеді. Аталған бағдарлама аясында auto.recycle.kz сайты іске қосылған. Кез келген адам бағдарлама туралы толық мағлұмат алып, ескі көлігінің қаншаға бағаланатынын біле алады. Немесе тегін 8 800 080 08 65 нөміріне қоңырау шалып, кеңес алуына болады.
«Жеңілдікті сертификатқа ие болған азамат оны отандық өндірушінің экологиялық таза автокөлігін сатып аларда пайдалана алады. Яғни, салоннан алатын көлік құнынан сертификаттағы соманы шегеріп тастайды. Бір адамның тек екі сертификатты пайдалануға мүмкіндігі бар. Оның жарамдылық мерзімі — 12 ай»,-дейді «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің өңірлік өкілі Қуанышбек Омарғалиев.
Жалпы, тозығы жеткен «темір тұлпарлардың» ауылдық жерде көп екені белгілі. Ауласында қаңтарылып тұрған көлігін облыс орталығына жеткізудің өзі біраз шығынды қажет етеді. Арақашықтығына байланысты эвакуатордың қызметі 50-100 мың теңге аралығын қамтиды. Сонда ауылдың қарапайым тұрғыны ескі көлігін өзі әкеліп тапсырғанынан не ұтады? Осы мақсатта «Жылжымалы мобильді бекет» жобасы қолға алынуда. Былтыр бұл жоба бойынша Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Алматы облысынан 300-ге тарта ескі көлік жиналған. Бұл «Жылжымалы мобильді бекет» жобасының бағдарына Атырау облысы енбеген болып шықты. Осыған байланысты «ӨКМ Операторы» ЖШС баспасөз хатшысы Әсел Назировадан мәселенің мәнісін білдік.
«Жылжымалы мобильді бекет» жобасы бағдарын Энергетика министрлігі бекітеді. Алдағы уақытта Атырау облысы бойынша бұл жоба енгізілетін болса, біз ақпарат құралдары арқылы хабарлап, облыс және аудан әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Ал, ескі көліктерді қабылдау биыл да жалғасады. Бүгінгі таңда сертификат бағдарламасы бойынша бөлінген 23 мың квотаның тек 8 мыңға жуығы игерілді. Демек, қалған квотаны игеру биылға тиесілі»,-деп түсіндірді ол.
«ӨКМ Операторы» ЖШС-нің Атыраудағы өкілі тозығы жеткен көлік құралдарын өткізуді ынталандыру бағдарламасына атыраулықтар да ынтамен қатысып келе жатқанын айтады. Айтқандай, аталған мекемеден Әлібек Нұрғалиев есімді қала тұрғынын кездестірдік. Ол ауласында он жылдай қаңтарылып тұрған ескі «Жигулиін» тапсыру, оған өтемақы алудағы ережелер туралы кеңес алуға келген екен. Демек, бұл біздің облыста ескі көлігін – жаңа көлікке ауыстырғысы келетіндердің бар екеніне дәлел болғандай.
P.S. Көнерген көліктер алдымен экологияға залалын тигізсе, одан кейін жол қозғалысындағы қауіптілігі де жоғары болады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ