Той – кішкентай «жұлдыздардың» табыс көзі ме?
Қыз ұзату тойы өтіп жатыр. Бір кезде тойды басқарып тұрған асаба тұрымтайдай кекілді ұлды ортаға шығарды. «Жас жұлдыздың өнерін тамашалаңыздар» деп қосып қойды. Жасының кішілігіне қарамастан, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сияқты «жұлдыздарға» еліктейтінін байқатқан «әншіміз» ел-жұрттың делебесін қоздыратын әуенге салып, шырқата жөнелді. Ән біткен кезде той қонақтарының біразы эмоцияларын жасыра алмай, ортаға шығып кеткен еді. Кейбірі сөмкелеріне, кейбірі қалтасына қол салып, әншіге алғыстарын білдіру үшін микрофонға таласа-тармаса жармасып жатыр.
Той емес, концерт
«Қазақ, жеткен жерің осы ма?» деп ішімізден қынжылғанымызбен, қалай қайран қыларымызды білмей, өнерге жанымыз ашып отырғанын жасыра алмаймын.
«Той десе қу бас та домалайды» деген қазақ атамыз, оны көпшілік болып атқарылатын игі іс, берекелі қадамның басы деп білген. Сондықтан да шығар, еңбектеген жастан, еңкейген кәріге дейін атсалысып, той иелеріне қолдан келер көмегін аямаған. Мәселен, өткен ғасырдың 80-90-шы жылдары тойды бүкіл ауыл болып көтеріп алатыны есімізде. Ұжымшар басшысы той жасайтын шатырмен көмектессе, мектеп мұғалімдері оның ішін безендіретін, жас жұбайларға арналған тілектер, өнегелі жыр шумақтары, мақал-мәтелдер жазылып ілінетін. Төрден сол ауылдағы ең әдемі кілем орын алар еді.
Дастархан мәзірін де ауылдағы жеңгелеріміз өзара бөлісіп алатын. Қандай ғажап еді сол бір кез! Палатканың сыртынан сығалап жүретін өңкей қарадомалақтар ойындарын қоя салып, жас жұбайларға қызыға қарайтын. Ауылдың жасы үлкен абыздары сөз бастап, кейуаналар қара өлеңмен жалғастыратын сол бір тойлар қандай мәнді де сәнді еді.
Қазіргі таңда «аттылыға ерем деп тайлының таңы айырылыпты» дегендей, бір-бірімізден қалыспауға тырысып, тойды бәсекеге айналдырып жібергеніміз ақиқат. Екі жастың өміріндегі ең бір ұмытылмас сәтті концертпен бастап, қойылыммен жалғастырамыз. Айтылып жатқан тілектердің ішінде екі жастың есімдері аталса аталар, көбі оның ата-анасына, ағайындарына бағытталады. Сонымен қатар, киелі сезім – махаббаттың күшін мойындап, алдағы өмірге бірге аттанған жас жұбайларға осы бір ғажайып күннің мәні туралы, ақ қанат сезімнің пәктігі, тұнықтығы жайлы көңілге ұялайтындай сөздер айтылмайтынын көріп жүріп, ішіміз удай ашиды.
Оның есесіне даңғаза музыка, «Астанада жоқ, Алматыда жоқ» деп жігіттерді өздері іздеп кеткен қыздар жайлы масқара әндер шырқалатынын, оған жасымыз бен жасамысымыз жапырлай шығып, селкілдеп билейтінімізді қайтерсіз?! Ол аз болғандай, жоғарыда айтылғандай, жасы жетіге де жетпеген балалар тойдың төрінде тұрып, шырқырап ән айтады. Оны қошеметтеп, жанымыз қалмай мақтаймыз, ақша ұсынамыз.
Қошеметке елтіген қолтоқпақтай ұл
Бишілер де көбейіп тұр бүгінде. Тойда өнер көрсететін бишілер. Мәселен, грузин биін билейтін топ жасөспірімдерден құрылған. Тойдың қызған шағында грузин киімін киген екі сыптай бозбала кіріп келіп, билей жөнеледі. Көпшілік қолын соғып, қошеметтей бастаған сәтте жасы бес пен жетінің о жақ, бұ жағындағы қолтоқпақтай ұл келіп, ұршықтай айналады. Алқын-жұлқын болып билей жүріп, басындағы бөркін шешіп алып, ортаға тастауды да ұмытпайды. Той қонақтары, әлбетте, бар ынтасымен өнер көрсетіп жүрген көкөрім бала үшін қалтасындағы азын-аулақ ақшаларын тастайтыны анық. Өзіміз айтып жүргендей, бүгінгінің «іштен бәрін біліп туған» баласын енді материалдық дүниеге алдандырып, өнерін сатуға да үйретіп жатырмыз ба?
Тойларда тек бұлар ғана емес, қыздар да өнер көрсетеді, ән айтады, билейді. Әннің дені фонограммамен айтылады. Сонда олар тек аузын жыбырлатып, әлгі әуенге ілесіп тұрса болғаны ғой. Бұл дегеніңіз өнердің қадірін түсіру емей, немене? Бір тойда жаңағыдай фонограммаға үйренген «әнші балапан» техникалық ақаудың кесірінен әнді нақ ортасына келгенде кілт үзуге мәжбүр болыпты. Мұның өзі оны, әрине, ұялтқаны, жан дүниесіне, психологиясына әсер еткені, жаралағаны сөзсіз. Өзегімізді жарып шыққан ұл мен қызымызды осыған дейін әкелердей не күн туды басымызға?
Бұған жауап біреу-ақ. Ол — өзіміздің атаққұмарлығымыз, дүниеқоңыздығымыз. Балаларымызды мәжбүрлеп тойда ән шырқауға, билеуге итермелейміз. Олар тапқан азын-аулақ тиын-тебенге мәз болып, «менің балам — әнші, менің балам — ақын, менің балам — биші» деп мақтанамыз. Болсыншы! Қазақтың келешегі — бүгінгі ұрпақ. Ұрпағымыз өнерлі болып өсуіне тілеулеспіз. Алайда, олардың жанын ақшамен улап, даңққұмарлықтың дәнін бойына егудің ешқандай қажеті жоқ.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА