«ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА…»
Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Біздің халықта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген аталы сөз бар. Осы өте орынды айтылған. Мұны мен былай түсіндірейін. Бір отбасында – төрт, екіншісінде алты бала өсіп келеді. Төртеуінің тәрбиесі мықты, ауызбірлігі де басым.
Ал, әлгі алтауының сөздері де, өздері де – бөз. Не бітіріп жатқан ісі, не бәтуалы сөзі жоқ. Бастарына іс түскенде, саны жағынан аз болса да төрт ағайынды отбасы ұтады, ал, алты ағайынды шаңырақ бәрінен ұтылып қалады. Неге? Өйткені, олар – көп болғанымен алауыз, ынтымақ-берекесі жоқ адамдар.
Қордай оқиғасы да жергілікті жерде ауызбірлік, ұлттар мен ұлыстардың татулығы бағытында тәрбие жұмыстарының о бастан ақсағанын аңғартады. Т е р е ң і р е к о й л а н ы п көріңіздер, мына тұрған көрші елдің қайсысына барып, біз қазақ мектебін не қазақ драма театрын аша аламыз? Жалпы бұл мүмкін бе? Айту қиын, әрине. Сондықтан, біз үлкен жүректі, өзгенің қиын тағдырын бөлісе білетін иманжүзді қазақ ретінде осы оқиғадан сабақ алуымыз керек. Баса айтарым сол, «ауылы аралас, малы қоралас» демекші, қанша этнос болса да, бір-бірімен жақын араласпайынша, оларда татулық орнамайды. Бұл фәниде жер де – біреу, аспан да – біреу, шындық та
– біреу. Шындық дегеніміз не?
Бұл – адамдардың бірбірімен шынайы да адал қарым-қатынасы, ауызбірлігі мен татулығы. Жүрегіне шынайы шындық пен иманы ұялаған адам ешқашан біреуге жамандық ойламайды, керісінше, айналасына шуағын шашып, нұрын төгіп жүреді. «Өзі білімсіз бола тұрып, түрлі тартыс-талқылауға қатынасып жүретін адам сол ісінен тыйылмайынша, Алланың қаһарында болады» демекші, расымен де, өмірге келетін әрбір пенденің басты миссиясы – барша адаммен жақсы қарым-қатынаста болу. Сол себептен, жер бетіндегі барша ұлт ауызбірлікте, тату болса ғана барша адамзат тілегінің орындалғаны.
Қатимолла РИЗУАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы