ТОРҒА ТҮСКЕН БАЛЫҚ ТЫНЫСЫ ТАРЫЛЫП ӨЛЕДІ… (+видео, фото)
Қойылмалы тормен балық аулауға тыйым салу мәселесі бойынша кейбір тараптар қарсылық білдіргені рас. Олардың базынасын тыңдау үшін еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов арнайы Атырауға келді, деп хабарлайды Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.
Аталған басқарма басшысы Артур Сәдібекұлы мен басқа да жауапты сала басшылары мен мамандардың қатысуымен үлкен жиын өтті. Үш сағатқа созылған басқосуда тұщымды баяндамалар жасалып, маңызды мәселелер көтерілді.
Баяндамашыларды тыңдай келе, алыстан ат арытып жеткен комитет өкілі жергілікті жердегі ерекшеліктер мен әлеуметтік-экономикалық жағдайды жоғары орындарға жеткізуге уәде берді. Әйтсе де, қойылмалы торды қолдануға тыйым салу жөнінде бұйрық қабылданып қойғанын және оны өзгертуге еш негіз жоқ екенін ескертті.
– Қалай десек те, торға түскен балық тынысы тарылып өледі. Мұны мойындамасқа болмайды. Оның үстіне, су маржандары жыл өткен сайын азаймаса, көбейіп жатқан жоқ. Балық қорын болашақ ұрпаққа сақтап қалу үшін осындай мораторий енгізуге мәжбүрміз. Алайда, мәселенің мән-жайын түсінбейтіндер де бар. Мәселен, Атырауда Балық шаруашылығы қауымдастығы мұндай тыйымның тиімсіз екенін алға тартып отыр. Себебі, балық аулаудың басқа құралдарын алуға уақыт керек дейді. Екіншіден, тордан басқа құралмен аулай білетін балықшы тапшы екенін айтады. Жиында келтірілген барлық деректерді мен міндетті түрде министрлікке жеткіземін. Ал, әзірге заңға сай жұмысты жалғастырған жөн, – деді Аян Бахиянов.
Расымен де, қазір балықты аулаудан гөрі оны өсіріп, көбейтуге көп көңіл бөлінуде. Балық өсіріп, тұқымын таратамын дейтін азаматтар болса, мемлекет қол ұшын беруге қашан да дайын. Мұны Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы да айрықша атап өтті.
«Қазір бұрынғыдай емес, суасты тіршілік иелері, соның ішінде балықтардың популяциясы жойылудың алдында тұр десем, артық айтқандығым емес. Егер қойылмалы тор көзін қазір құртпасақ, болашақта бағалы бекірені былай қойғанда, қарапайым қара балықтан да айырылып қалуымыз мүмкін. Ал, бекіреге келсек, жағдай тіптен қиын. Атырауда жыл сайын 7 миллион бекіре шабағы өзінің табиғи ортасына жіберіледі. Солардың көбісі торға шырмалып, теңізге жетпей өліп кетеді. Осыдан кейін балық шаруашылығын қалай дамытамыз? Балық жүретін жолды торлап тастасақ, ол қалай өсіп-өнеді?! Сондықтан, мұндай мораторий дер кезінде енгізіліп отыр. Енді тек «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» жұмыс жасауымыз керек. Балықтың болашағына біздің жанымыз ашымаса, ешкім сырттан келіп жарылқамайды. Ортақ іске жұмыла кіріссек, бағынбайтын бел, алынбайтын асу жоқ. Тек өзара түсіністік танытсақ болғаны» дейді басқарма басшысы.
Қойылмалы торлар Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының да жұмысын әбден қиындатып жіберген. Аталған құрылым басшысы Нұрлыбек Гайсин теңіз бен өзенді тордан тазалаймыз деп мамандар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандарын айтады.
– Демалыс дегеннің не екенін ұмыттық. Қойылмалы торды құрған адам балығын алады да тайып тұрады. Ал, артын жинап жатқан ешкім жоқ. Егер торға шырмалған тіршілік иесін дер кезінде шығарып алмаса, келесі күнге жетпей өліп кетеді. Қолында балық аулауға рұқсат қағазы бар адамға тыйым сала алмаймыз. Тіпті, өз торларын «менікі емес» деп міз қақпастан мойындамайтындары қаншама?! Жыл басынан бері заңсыз құрылған 5 мыңнан астам тор тәркіленді. Солардың жалпы құны 40 млн теңгеден асып жығылады, – дейді ол.
Айтпақшы, Қытай мен Ресейде жасалатын балық аулау құралдары шекарадан құрылыс материалдары ретінде өтіп жатыр. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін кеденшілерден толыққанды тексеріс енгізу жөнінде ұсыныс-хат та жолданған.
«Бүгінде балық өсіруші кәсіпкерге кеткен шығынның өтемі ретінде мемлекеттен 30 пайызға дейін субсидия бөлінуде. Бұрын бұл тізімде бекіре, тұқы, албырт балықтары ғана болса, қазір араван, цихлид, лат, шаян тәрізділермен толыққан. Мемлекет балық шабақтары мен оларды емдеуге арналған дәрілік препараттарды сатып алуға және аталық-аналық балықтарды күтіп-ұстауға кеткен шығынды 50 пайызға дейін субсидиялайды. Бұдан басқа тағы не керек?! Тиісті құжаттарын тапсырған шаруашылық субектісінің өтініші бес жұмыс күні ішінде қаралады» деп түйіндеді сөзін Аян Бахиянов.