Жарнама
Жаңалықтар

ТОЛАССЫЗ ЖАУЫН

Қатты нөсерден зардап шеккендер редакцияға да хабарласуда. Соның бірі, қаланың «Сарықамыс» мөлтекауданында тұратын Бауыржан Есенәлиев болатын. Ол кісінің айтуынша, өзі тұратын Жиенбет көшесінің бойындағы үйдің ауласы судан кілкіп тұр. Жан-жаққа телефон шалғанымен тиісті мекеменің су соратын көліктері келе қоймаған. «Баспанамыз күре жолдың деңгейінен төмендеу орналасқан. Сондықтан, айналадағы судың бәрі бізге келіп құйылуда» деген тұрғын көз көрген көріністі фотоаппаратына түсіріп әкеліпті.

Қаланың Фрунзе көшесіндегі 29 үйдің тұрғыны Мұхтар Оралбаевтың да үйі опырылып жатыр. Қазірдің өзінде ішкі қабырғалары түгел құлап қалған. Баспананың ішіндегі су тізеден келеді. Сол себепті едендер көтеріліп кетіп, зат қоятын орын табылмауда.

 — Үйім 1971 жылы самантастан салынған. Қатты жауған жаңбырдан сыртқы қабырғалардың арасы қатты ашылып кетті. Енді үйге кіріп шығудың өзі қауіпті болып тұр. Себебі, кез келген уақытта оның төбесі жерге түсуі мүмкін, — дейді тұрғын.

 Ақиқатында, мұндай қиын жағдайға облыс орталығының біраз тұрғыны кезігіп отыр. Құтқарушылардан білгеніміздей, қаланың 1-учаске, СМП-136 шағын аудандары, Дамбы, Жұмыскер селоларындағы төмендеу орналасқан үйлерді су басқан. Соған орай бүгінде шұғыл ұйымдастыру жұмыстары қолға алынуда. Атырау қаласының әкімдігі, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті және «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары» мемлекеттік басқармасы басшыларының бірлескен штабы құрылды. Арнайы жасақталған жедел топ жұмыс жасауда.

— Төтенше жағдайды жоюға және жауын суын соруға 35 бірлік техника жұмылдырылды. — дейді  облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Марат Кубанов.

Шүкір етерлігі, толассыз жауған жаңбырдан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерде жинақталған су сорылып жатыр. Осы сәтке дейін 58 жеке үйдің ауласынан су сорылған. Баспанасын су басқан жұртшылық қауіпсіз жерге көшіріліп, ыстық ас, жатар орынмен қамтамасыз етілді.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Атыраудағы барлық білім беру мекемелеріндегі сабақ 12 мамыр күні уақытша тоқтатылды. Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауованың баяндауынша, қалыптасқан жағдайға байланысты қала мектептері мен балабақшалардың қызметін бір күнге тоқтату туралы шешім қабылданған. 

Ауа райын болжаушылар Атырауда төрт айлық жауын-шашын мөлшері бір тәулікте жауғанын айтады. Бұл мұнайлы өңірде соңғы 20 жылда болмаған жағдай көрінеді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button