Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Өткенің – көрген түс емес»

Биыл Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл және саяси қуғын-сүргінге 80 жыл толып отыр. Осыған орай Батыс Алаш-Орда құрылымының тарихын, ондағы белгілі тұлғалар мен қатардағы қаһармандарының өмірбаяндарын зерттеу, Алаш идеяларын бүгінгі заман талаптарымен үндестіру қай кездегіден де көкейкесті мәнге ие болып отыр. Газетіміздің 25 наурыздағы  22-нөмірінен бастап жариялай бастаған «Өткенің – көрген түс емес» атты  мақаланың авторы –  белгілі эссеист-жазушы, өлкетанушы, Атырау жерінің тумасы Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ өзінің ұзақ жылдар археографиялық және елтану экспедициялары барысында жинаған материалдары негізінде түйген ойларын ортаға салады. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, туған өлке тарихына бейжай қарамайтын оқырмандарымызды айтулы дата қарсаңында  осы өзекті  тақырыпқа орай үн қосуға шақырамыз.

8

Қуғынға ұшыраған қызылқоғалықтар

Хасан Нұрмұхамедов жай дінбасы ғана емес, әлеумет ісіне қызу араласқан қайраткер кісі болған ғой. Столыпин реформасы тұсында он екі ауылды біріктіріп, меншік жер алып, қала салып, отырықшылыққа өрнек ашқан, үлгі шашқан, 1917 жылы Мәскеуде өткен Бүкілрусия мұсылмандары құрылтайына қатысып, Ғұмар  Қарашты діни  басқармаға мүше етіп сайлатып қайтқан, өзі сол жылы қазақтың батыс аймағы бойынша мұқтасиб болып тағайындалған. 1918 жылы Орынбордағы ІІ жалпықазақ съезінің делегаты болған және сол жылы жымпитылық Қуанай Қосдәулетовпен, Мәулімберді ишанмен, ойылдық Сағидолла Ізтілеумен бірге Ойыл уәлаяты үкіметінің жанындағы жетілік  кеңеске мүше боп кірген, яғни Күнбатыс Алаш-Орданың бас адамының бірі атанған, 1922 жылы Женевадағы Ұлттар лигасы сессиясына қатысқан Хасекең 1937 жылы Ойыл мешітінде бас имам болып тұрғанында ұсталады да, Оралдағы атышулы «Қырық тұрбаға» қамалып, көп ұзамай атылады. 1930-шы жылдары Қызылқоғадан Ойылға көшкенінде отбасында тоғыз бала болған екен, содан Мұханбет пен Ахметқали ғана қалады.

Ахаң сойын Нұрманов деп өзгертіп, ел қатарлы майданға кетеді, артиллерияда қызмет етіп жүріп, соғыстың алғашқы күндері тұтқынға түседі де, Түркістан легионына кіреді. Соғысты Солтүстік Италия жерінде аяқтайды, 1945 жылы елге репатриацияланады. Тексеруден (фильтрациядан) ойдағыдай өтіп, Ойылға келіп мектепке мұғалім болып орналасады, жас шағында атақты биші Нұрсұлу Тапаловамен бірге билеген Гүлбарам Жағыпароваға үйленеді, енді «құтылдым-ау» деп жүргенде қызметтестері үстінен арыз жазып, қайыра тұтқындатады. Колымаға айдалады. Жиырма бес жылдың он жылын өтеп, елге 1955 жылы келген, ақталмаған, арманы – әкесінің бір хабарын білу, оның да, өзінің де абыройлы атын қалпына келтіру еді. Марқұм сол арманына жете алмастан көз жұмды…

37-нің өрескел заңсыздығы тұсында алашшыл қызылқоғалықтар түгел дерлік репрессияға ұшырады. Алғашқы халық мұғалімдерінің де үш-төртеуінен басқасы солардың аяғын құшты. 1919 жылы сегіз жасында Жарыпшыққаннан келіп, Кермақас мектебінің бірінші сыныбына барған Ғабдол Сланов интернатта Нұғыман Дүйсекеевтен, Қаби Жанасовтан, Қожа Нұғымановтан және Ямұқан Өзбекқалиевтен оқығанын жазады. Бұған қарағанда мұғалімдердің дені 1930-шы жылдардың ортасына шейін келген, солар Ғабдол, Сылаш Кереев, Сабыр Қазыбайұлы, Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов сынды соңыра осы топырақтың иманындай болған дәріпті жандардың бала көкірегін алаштық көзқарастармен көздеп, санасын жарқыратып үлгерген деу жөн.

Ойыл сапарымда Қарабауға арнайы соғып, ауылдық округтің бас маманы Қайролла Басшиевтың, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Таумановтың «көзілдірік» болуымен атақты «қызыл үшкөлдердің» орнын көргенім бар-ды. Қарабаудың өз басындағы «Қызыл мектеп» 1990-шы жылдарға шейін әртүрлі мақсатта пайдаланылуы себепті  күйі кеткен, қазірдің өзінде де іргетасы жақсы сақталған екен. Ал, 1940-шы жылдары маңайынан ел көшіп кеткен Кермақастағы «Қызыл үйдің» орны ғана бар, шалдың ауызындай опырылып кірпіштерінің сынықтары шашылып жатыр. Әлгі кірпіштер соның өзінде де өңін бермей, жақсы сақталған, ұзындығы  – 20 см, ені – 15 см, биіктігі 5-6 см болып келеді. Мектептің жалпы аумағы – 30х23 метр көлемінде. Қазақ «кеудесінің есігі бар» деген шалдардың сарқыты – Серік ағамыздың айтуынша, мұнда қосалқы ғимарат, асүй де болған, барлығының да төбесі қиықталып, қаңылтырмен жабылған екен. Бертін келе қолдан бұзылған, маңайдағы ел кірпіш-қаңылтырынан үй өріп, пеш салуға тасып әкеткен. «Атаңды жау шапса, қосыла шап» деген осы.

Ватерлоо немесе тәуелсіздік тұншықтырылған трагедиялық орын

«Жау» деген сөзді тегін ауызға алып отырған жоқпыз. Ел «ескі Қызылқоға» дейтін бағзы базарлы кент – Қарабаудың оңтүстік бетінде, жеті-сегіз шақырым жерде. Дұрысы, Тайсойғанның ақеспе құмы белағаштанып, үздік-создық болып жазыққа шығып кететін тұста қорымданып жұрты ғана қалған. Ғабдол Сланов 1916 жылдың дүрбелеңі сипатталатын «Дөң асқанында» Қызылқоға қаласын «Саға» деп алып, аумағы бір шаршы шақырым, ішінде болыс кеңсесі, дүкендер, мешіт, мектеп бар деп көрсетеді. Алайда, біз көрген аудан әлгі мөлшерден едәуір үлкен, әрі ойдым-ойдым бөлектеніп жатқан бірнеше мөлтек жерлері бар. Сірә, ел «Шошақ мола» деп кеткен қалалық зираттың, базар алаңы, сауда қатарларының орны болуы керек. Қазақтың Саралжын, татардың Хұсниддин абзи, Закир Садықов секілді саудагер байлары, болыс Жұмағұл Жұлдызұлы, Табылды Таубайұлы тәрізді күдіс бел, жуан сіңірлер, Хасан хазірет секілді фазыл дін иелері және Марданшат Хұсаинов, Ғұсман Якубов, Садық Каримов сынды татар епташ зияткерлері мекен қылған, Көкжар, Темір, Қаратөбе базарларымен бірге қырдағы елдің бойын ширатып, қанын жүргізген Қызылқоға Алаш-Орда тұсында болыстық он екі ауылдың кіндігі ғана емес, уәлаяттық маңызы бар қала саналған.

Халел басқарған облыстық земство управасы, кейінірек Жанша жетекшілік ететін Алаш автономиясының батыс бөлімшесі 1919 жылы Қызылқоғаға көшіп келеді. Сол жылы қыста осында батыс бөлімшесінің ақырғы мәжілісі шақырылып, Кеңес өкіметін тану жөнінде шешім алынады. Қосақ арасында бос кетпеу үшін қала маңындағы, ел «Райгородок» дейтін мекенде Алаш милициясы атты казактардың Акутин басқарған корпусын қарусыздандырып, қызылдарға ұстап берген. Сонда Қызылқоғаны қазақ қаруы өз басымдығын танытқан ең соңғы жер десеңіз де, қазақтың тәуелсіздігі ұзаққа дейін тұншықтырылған трагедиялық орын – Ватерлоо атасаңыз да болады.

Қызылқоғада 1940-шы жылдардың ортасына шейін ел отырған. Өзінің кеңестік үлгідегі жетіжылдық мектебі болған мекен аудан орталығына түрленген, орталық Қарабауға көшірілгеннен кейін маңайдағы бірнеше ауылдың басын қосқан ауылсоветке айналады, соның өзінде аудандық бірқатар мекеме осында қала берген. Соғыстың соңғы жылдары аудан орталығы Миялыға көшірілгеннен кейін барып, ел кетіп қаңырап қалады да, бірте-бірте типылданады. Түркінің осынау құм жұтқан қырық бірінші қаласының құлазыған жұртына қарап тұрып, «мұның астарында бір ішмерез саясат жатқан жоқ па екен?» деген ойға кетеді екенсің.

Фактілерді салғастырып көріп, большевизм Алаш-Орданың заттай айғақтарын білдірмей жойып отырғандай әсерде қаласың. Мәселен, бір бүйір Қызылқоғаны ебін тауып, бір жайлы қылған өкімет тоғыз жолдың торабындағы Жымпиты мен Ойылды жоқ қыла алмайтын болғандықтан тарихи-мәдени ортаның жәрмеңке, мешіт тәрізді құрам бөліктеріне ғана тиіспей, Ойылдағы бір кезде алаштық полк мектебі орналасқан, шаршылап салынған аса берік Юнкерлік мектеп үйі секілді тарихи ғимараттарды еш себепсіз жоқ қылған. Кеңестік жүйе ұлтшылдықтың қандай көрінісінен де өлердей қорыққанын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Ескі Қызылқоғада Серік Тауманов сияқты ел адамдарының жеке бастамасымен Хасан хазіретке қойылған ескерткіш тақтадан өзге оның тарихынан хабар берерлік дым белгі жоқ. Жаңылмасам, 2012 жылы астаналық белгілі меценат Қуат Есімхан екеуміз бірлесіп, заманында ислам дүниесіне «Камариддин» деген лақаб атпен танылған, Мәшһүр Жүсіпті, Абайды оқытқан Айжарық хазіретке (бөкейордалық ноғай қазақ) қайтыс болған жері Баянауылда белгітас қойып едік. Сол жолы сөзден сөз шығып кетіп, Қызылқоғаның жайын әңгіме қылдым. Өзі «технар» болғанымен, жаны тарихқа құмартып тұратын адамдар болады ғой, Қуакең сондай кісі (осындай қасиетті ел басқарып отырған жігіттердің ішінен Сәлімжан Нақпаевтан байқаймын). Қысқасы, сол жерде Қуат Есімхан Қызылқоғаның басына тас әкеп қоятын болды. Жақында сол шешімін ақи-тақи қуаттады. Алла қаласа, биыл саршатамызда Баянауылдан қашалған, жазылған дайын күйіндегі қызыл гранит белгітасты өзі жеткізеді, біздің міндет – тас орнайтын тағанын тартып, айналасын абаттандырып қою, мұсылмандық ишарасын жасау. «Елміз ғой, ұятқа қалмайық» деп, алдын ала айтып отырмын.

«Өткенің – көрген түс емес»

Қағаздай, заттай дерек те  – «көршінің» қолында

Бүгінде Алаш-Орданың заттай айғақтары да, қағаздай деректері де негізінен Ресейдің қолында. Заман бұлайша тұра бермейді, «көршіміздің беті бері қарап тұрғанда алып қалайық» деп Құдайдың зарын қылып келеміз, нәтиже жоқ. Екіншіден, химиялық қарындашпен жазылған жазбалар, телеграф ленталары түріндегі деректер уақыт өткен сайын өшіп жатыр. Әлі де кеш емес, Мәскеу тәрізді ірі қалаға жасалар бір ғана археографиялық экспедицияның әкелер олжасы аз болмас еді (алаштанушы ғалым Дина Аманжолованың анықтауынша, Ресей астанасындағы мұрағаттардың 11 қорында Алаш-Орда материалдары жинақталған). Батыс Алаш-Ордаға қатысты бірқатар нәрсе Самара мен Орынбордан шығып қалуы мүмкін. Өз архивтерімізді де ескеруіміз керек. Тәжірибе Атырау архивінің өзінен талай нәрсе табуға болатынын көрсетіп келеді. Қайбір жылы Алматыдағы Орталық архивте Ембідегі шет ел мұнай фирмаларының қорын ақтарып отырып, Сағыз уездік управасының төрағасы Тілеп Медетовтің қолы қойылып, Алаш автономиясы батыс бөлімшесінің мөрі басылған құжат қағаздарының үстінен шығып, құлап қала жаздағаным бар.

Жалпы, Алаш тарихы бойынша бізде кабинеттік жұмыс көбірек екендігін, содан келіп сартап тұжырымдар, жаттамалы фактілер ұзын-сонар тізбектеліп, салдарынан тарихты білгісі келетіндердің көңілін суытып бітетінін байқадым. Мәліметтің толымды болып, жан-жақты әсерлі шығуына әкелетін жолдың басы – жоғарыда айтылған архивтік эвристика, оған қоса елтану экспедициялары секілді зерттеудің «көшпелі» тәсілдері. Соңғы тәсілді «ауызша тарих» дейміз, яғни ел ішіндегі әңгіме білетін сырқынды кісілерді, Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарын іздестіріп тауып, жазып алу. Ондайлар аз қалды, бірақ бар.

Осыдан он бес жылдай бұрын, Алашпен әуейіленіп жүргенімде Батыс Алаш-Орданың есімі бұл күнде орынсыз елеусіз қалып жүрген қайраткері, Махамбет  ауданына қарасты Елтай ауылының тумасы, қазақтың алғашқы агрономдарының бірі, руы шекті Сәлімгерей Қаратілеуовтің қызы Сара апаймен, жауғашты шеркеш Беркінғали Атшыбаевтың зайыбы Лидия Софенрейтермен және Батыс Алаш-Орданың байланыс министрі болған тоғызбай ысық Сәтіғали Құтқожинның қызы, белгілі лингвист ғалым  Рабиға Сыздықовамен кездесіп, әкелері жайлы әңгімелерін жазып алғаным есімнен кетпейді. Қазір солардан көзі тірісі Рабиға апай ғана, оның өзі де тоқсаннан асты.

Сонда Сара Қаратілеуова шешесі Анна Семеновна екеуі НКВД-ның ішкі түрмесіне, әкесіне тамақ апарғанын, әкесі тізесіне отырғызып, өзіне әкелген мандариндерді мұның етігінің қонышына тықпалап салып жібергенін көзінен жасы моншақтап отырып әңгімелеп еді. Сол жолы есіктің көзінде тұрған қарауыл жігіт шешесінің көзбен қойған сұрағына жауап ретінде ақырын ғана: «Он жылға жер аударылады» депті. Сара апай әкесінің Дегерестегі үйінде әріптесі Ғазиз Мұртазинмен қосылып Алаш-Орда әнін шырқағаны үшін ұсталып, 1938 жылы 26 ақпанда атылып кеткені жайындағы анықтама қағазды қолына ұстап тұрып, сонда да әлгі конвойдың бір ауыз сөзіне малданып, «бәлкім тірі қалған шығар» дегендей үмітпен қарайтын-ды маған. Мәншүк Мәметова да сөйткен ғой. Қыз бала ешқашан әкені жаманатқа қимайды екен, мен соны ұқтым…

Лидия Георгиевнаның әңгімесі тіпті қызық шықты. Өзі Атыраудың немісі, қала Гурьев болып тұрғанда сондағы тау-кен техникумын бітіріп, техник-геолог болып жүргенде соның алдында «алашордашы» ретінде Мәскеудегі тау-кен академиясынан шығып қалып, елге келіп, геология-барлау конторына кірген Беркінғалимен танысып, бас қосады. Бекең бұған дейін үйленіп, ажырасқан екен. Алғашқы алғаны Мария Сергеевнаның бұрынғы күйеуі Комучтың офицері В.Анзимиров, онымен және Мариямен Беркінғали Батыс Алаш-Орданың бас интенданты ретінде Самараға барып жүргенде таныс-біліс болады. 1919 жылдың қысында Комуч әскері Орал казактары құрамалары қатарында Қызыл Армиядан жеңіліп, Қызылқоға жеріне шегініп келген кезде Мария боранды түнде адасып кетеді де, Беркінғали үстінен шығып, үйіне әкеп паналатады. Аяғында екеуі Мұқаш ақсақалдың батасын алып, үйленіп тынады. Анзимирова-Атшыбаева ұзақ уақыт Мәскеудегі Жазушылар Одағының  әдебиетшілер үйінде хатшы болып істеп, 1952 жылы дүниеден өтеді. Екеуінің ұлы Георгий Атшыбаев журналист, «Огонёк» журналында жұмыс жасаған, 1981 жылы қайтыс болды. Әкесі тірі кезде араласып, келіп-кетіп тұрған. Осы әңгіменің баршасын Лидия Георгиевна ешбір күндестік сезімін қоспай, биік мәдениеттілікпен айтып берді. Бір түйір ұлының атын әкесінің құрметіне Беркінғали деп қойған екен, жағдайлары жақсы, күйлі тұратын, тек марқұм маған немере сүйе алмай отырғанын қайта-қайта құпиялап айтып, кәдімгідей қамыққан-ды…

Жазушы болғанымда осы оқиғаның сүйегінен шығарып «Боранды түнде» дейтін лирикалық хикая немесе Қызылқоғадағы ақырғы шайқас жайында «Қызылқоға. Ватерлоо» дейтін әңгіме жазар едім. Алаш тарихын көркем әдебиет арқылы да жеткізуіміз керек. Қазірде бізге де келген нағыз дискурстік әдебиет бұған толық мүмкіндік береді. Кеңес кезінде де ондай өнікті талпыныстар болған. Айталық, Хамза Есенжановтың «Ақ Жайығы», Әнес Сарайдың «Еділ-Жайығы». «Тарихты көркем бейнелеу дәлме-дәл тарихи суреттеуден де дұрыс шығады» дейтін Аристотель «Поэтикасындағы» лұғат осы жерге дәл. Ғажап емес пе, Ноэль Шаяхметов бассүйек бойынша қалпына келтірген Махамбеттің бет әлпеті мен оған дейін жұрттың айтуы бойынша суретшілер салған суреті адам таңқаларлықтай ұқсас болып шыққан ғой.

Өшпес рух

Ол заман да келер, ал, бізге дәл қазір керегі – Спиноза айтқандай, күлмей де, жыламай да, түсініп жазу. Яғни, Алаш тарихына қатысты нәрсенің бәрін түк қалдырмай жинап алу және жиналғанды танымдық жағынан бұрын ағартушылық мақсатта пайдалану. Зерттеудің бұл әдіснамасы бойынша негізгі салмақ мамандарға, яғни тарихи өлкетану пәнсаласы бойынша еңбек етіп жүрген тарихшыларға түседі. Қателессем, кешірім сұраймын, маған Атырау бойынша Алаш дәуіріне арнайы маманданушылар аз секілді  көрінеді де тұрады. Басымдық ежелгі тарихқа, оның ішінде археологияға беріліп жатқан жайы бар. Тарих үшін күні кешегі болып есептелетін ХХ ғасырдан бұрын Тетрис мұхиттан қалған ергежейлі акулалардың тісі көбірек зерттеле ме, қалай?!

Атамыз қазақ «Кешегі күннен алыс жоқ» деп еріккеннен айтпаған. Мәселе проблеманы кешенді түрде, арнайы жоба-жосынмен қолға алуға және бұл істі маман тарихшылардың қолына басы бүтін беруге келіп тіреледі. Мәселен, өз басым атыраулық тарих докторы Аққали Ахметтің медиевистиканы жиып қойып, Алаш дәуіріне бет бұруын толық құптаймын.

«Өмір ағымына ілескің келсе, өткеніңді зертте» деген сөз бар ғой. Шынында да, тарих – біздің заман шындығы жайлы ұғымымызды жылдамдатып, онтологиялық түсінігімізді жеңілдететін ерекше ғылым. Ол, ең алдымен, қазақ қоғамы қазіргі заманымызға қандай заңдылықтар бойынша ұласып, жалғасып жетті деген мәселені ашады. Осы тұрғыдан келгенде, Алаш идеологиясы – табиғаты жағынан үздіксіз перманентті сипатқа ие идеология. Заңгерлердің тілімен айтқанда, абсолюттік тәуелсіздік болмайтын дүние тіршілігіндегі уақыты ескірмейтін идея болып қала бермек. «Қазақ бұрын тәуелсіз ел болған соң тәуелсіздікке жетіп отыр» деген Әбіш Кекілбаевтың тезисі алаштанушылар үшін темірқазық бағдарға айналса абзал. Бұл тәуелсіздіктің хикметі Алашпен де, бүгінгі күнмен де біте қоймас (Френсис Фукуяма айтқан халық та, мемлекет те, мәдениет те болмайтын, әлемдік нарық қана үстемдік ететін «тарихтың ақырына» келіп жеттік қой, не боларын көреміз).

Шындыққа дес берсек, түптен айтатын бағымсыздығымызды үптеп, Алаштан тартып, бүгінге алып келген үздіксіз оқиғалар бар. Репрессия тегіннен тегін жасалды дейсіз бе, жоқ, Алаштың инерциясы 1941 жылға түрлі астыртын антикеңестік ұйымдар түрінде жеткен. Соғыс кезіндегі қозғалыс тіпті ересен, қазақ даласының түкпір-түкпірінде, Оралдың Жалпақтал жеріндегі Ғұбайдолла Әнесов бастаған Қазақ жастарының күрес одағы (он алты-он сегіздегі жап-жас жігіттер), Жезқазғанның Жаңаарқа ауданындағы астыртын көтеріліс тобы, Омаров пен молда Түспеков бастаған антикеңестік топтардың көтерілісі сөзімізге дәлел. Солардың қай-қайсысы да тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруды мәселенің мәселесі етіп қойған.  Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихына «Үшінші күш» деген атпен кірген, федераттық та, автономистік те емес бұл неоконсерваторлық бағыт (большевиктік Ресейге де, нацистік Германияға да ерік бермеу) қазақ коллаборационизмінің өн бойын шарбыдай шырмап жатыр. Таңқаларлық жағдай: 1943 жылы Батыс Украинада екі жаққа қосылмау саясатын ұстанып, езілген халықтардың – «үшінші күштің» басын біріктіруді көздеген Украинаның көтерілісшілер армиясының (Украінська повстанська армія) құрамында қазақтар болған.

Балалығым бұлдырап қалған  1970-ші жылдары бүгінде аты картада жоқ Қошқар поселкесінде бізге әдебиеттен сабақ берген мұғаліміміз «Сұлтан-Махмұт» сөзін арасын қысқа сызықпен бөлдіртіп, екінші сыңарын бас әріппен бастатушы еді. Мұның өзі сол кезде қолданыста болған орфографиялық ережеге қайшы келетін. Кейін келе бұл «жаңалықтың» тіпті де жаңалық емес екендігін, 1920-шы жылдары Халел түрлеп берген сингармонизм заңы екендігін түсіндім (өзара үндеспейтін қос сөз сызықшамен бөлек таңбалануы керек). Сонда ағайымыз өзінен пәлен жыл бұрын шыққан бұл ережені қайдан, кімнен үйреніп жүр? Әлбетте, өзін оқытқан мұғалімнен алған, басқа кімнен алушы еді. Ал, ол мұғалім кім болуы мүмкін еді? Әлбетте, Комсомольск мектебінде ұстаздық еткен Қаби Жанасов немесе Миялы іргесіндегі Кіндіксайда шырдай ысық Жұбакен Тілеубергеновтен сабақ алған Хамза Санбаев. Осылардан ағайымыз, ағайымыздан біз үйрендік, енді келіп мен өзім қызыма солай етіп жазғызамын. Тайсойғанның құмында туып, бізді әлемдік мәдениеттің биігімен қауыштырған асыл текті аталарыңнан қалған өнеге деп.

Рух өлмейді екен.

Алаш рухы…

Соңы. Басы  газетіміздің 22-нөмірінде.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ,

өлкетанушы-ғалым,

филология ғылымдарының кандидаты:

Related Articles

One Comment

  1. Тереңірек зерттеліп жазылған екен!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button