ЖАУЫНГЕРЛЕР ШЕРТКЕН СЫР

Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды. Осы соғысқа 22 мың қазақстандық қатынасса, олардың 761-інің өмірі осы жат жерде үзілді, ал 21 адам хабарсыз кетті. Бұл зұлматтан атыраулықтар да шет қалмады. Біздің облыстан аталған соғысқа 534 жас жігіт қатысып, 14-і оралмады. Біреуі       хабарсыз кетті.

Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген Ауған соғысының жылнамасы – отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі. 

Кеңес Одағының әскерлері 1979 жылы 27 желтоқсанда Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Күш-жігері мен әл-қуаты мол, Отан алдындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандасымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Азамат соғысының құрсауында қалған бауырларымыз 1989 жылдың 15 ақпанында Ауғанстан жерінен елге қайта бастады. 

Соғыс бітті, алайда оның зардаптары мен жан жарасы соқпақты жолдардан өткен кешегі жауынгерлер үшін аяқтала қойған жоқ… 

Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдар мен айларды, күндер мен сағаттарды еске алар күн. Жуырда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Кеңес әскерінің Ауғанстан территориясынан шығарылғанына 25 жыл толуына арналған «Естен кетпес күндер» атты тақырыптық-экспозициялық көрме өтті. Шараға Ауған соғысының ардагерлері Берікбай Дәулетбаев, Құндызбай Құсайынов, Сапарғали Мырзағали қатысып, оқ пен от астында өткізген өмірлерінен естелік әңгімелер айтты. Көрмеге Ауғанстан соғысындағы ұрыс даласында қаза болған боздақтардың және татар дәмі, көрер жарығы таусылмай, туған жеріне аман-есен оралған жауынгер жерлестеріміздің фотосуреттері, марапаттары, газет беттерінде жарық көрген мақалалары, куәлігі, хаттары және кітаптары қойылды. 

Ауғандық жауынгерлермен кездесуге қаладағы Қ.Дүтбаева атындағы колледждің студенттері мен оқытушылары арнайы келді. Олар жауынгерлердің естелік әңгімелерін тыңдап, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. 

Ж.ЖЕТПІСБАЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз