Өткен аптада болған оқиғалар:
Осыдан 243 жыл бұрын (1774) Екатерина ІІ-нің «Жайық өзенінің атын Урал деп өзгерту туралы» арнаулы Жарлығы шықты. Жайық атауын енді ешқашан естімеуді мақсат еткен патша ханымның бұл шешімі Емельян Пугачев көтерілісін қолдаған Жайық казактарына, сонымен қатар, олармен ішінара қосылып кеткен қазақтарға жасаған қастығы болатын.
Қазақтар бұрынғыша Жайық, Ақ Жайық деп атай бергенмен, әлем карталарында географиялық ұғым ретінде Урал өзені атауы орнығып кетті.
* * *
1873 жылы (144 жыл бұрын) қазақ халқының аса көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлт жазуының реформаторы Ахмет Байтұрсынов дүниеге келді.
1909 жылы патша үкіметінің саясатына қарсы наразылық білдіргені үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 жылы жер аударылды.
Қазақ елінің тәуелсіз мемлекеттігін армандап, сол жолда күрескен Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі көсемдерінің бірі болған ол Кеңес өкіметі кезінде халқына қызмет ету үшін большевиктер жағына шығып, 1919 жылы маусымның 24-інде Қазақ өлкесін басқаратын Әскери-революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалған. 1922-1925 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, Халық ағарту комиссары, «Ақ жол» газетінің қызметкері, 1925-1929 жылдары Қазақ Халық ағарту институтының (Ташкент) және Қазақ педагогикалық институтының оқытушысы болған.
Ахмет Байтұрсынұлы 1929 жылдан бастап сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы атылғаны тарихтан белгілі. Оның есімі мен асыл мұрасы жарты ғасырдан астам уақыттан кейін ғана ақталды.
* * *
Ширек ғасыр бұрын Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 1992 жылы екі ел арасындағы хаттамаға қол қойылды.
* * *
Ал, араға бір жыл салып (1993), тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды.
* * *
Жеке мәліметтерді қорғау туралы конвенцияға сәйкес, 28 қаңтар «Мәліметтерді қорғау күні» болып белгіленді. Бұл күнді өткізу мақсаты азаматтардың өздері туралы қандай мәліметтер не үшін жиналып жатқанынан хабардар ету болды. Бұл күн он жыл бойы аталып өтіп келеді.
* * *
«Еуразиялық сауда жүйесі» Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының толыққанды мүшесіне айналғанына бүгін жеті жыл (2010) толып отыр.
* * *
2011 жылы (алты жыл бұрын) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде елімізде Медиация институтын енгізуге бағытталған «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
* Мәліметтер облыстық мұрағат деректеріне негізделген.
Дайындаған: Айгүл Eртілеу.